Алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам грант бөлінді
Алдағы 2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Бұл туралы өткен аптада Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 89 457 мемлекеттік гранттан бакалавриатқа – 75 371, магистратураға – 11 007, докторантураға – 3 079 грант бөлінген.
Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі қажеттілік болжамымен сәйкестендірілген.
«Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына, 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бағытталған», - деді Саясат Нұрбек.
Ведомствоның мәліметінше, инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19 250; педагогикалық ғылымдарға – 13 738; ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша – 11 662; жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 363; ауыл шаруашылығы және биоресурстарға – 3 145; денсаулық сақтау саласына – 2 700; қызметтер бойынша – 2 400; өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1 915; әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бойынша – 1 485; бизнес, басқару және құқыққа – 1 423; ветеринарияға – 1 275 грант бөлінген.
Оған қосымша еліміздің жоғары оқу орындары «Серпін» бағдарламасы аясында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Іс-шаралармен 13 мыңнан астам оқушы, 2 мыңға жуық ата-ана және 700-ден астам кәсіптік бағдар беруші қамтылған.
Осылайша, бүгінде оқушының кәсіби диагностикасынан бастап білім беру бағдарламасын таңдауға және одан әрі жұмысқа орналасуға дейінгі білім беру навигациясының біртұтас жүйесі қалыптасуда.
Айта кетейік, биыл грант конкурсына қатысуға өтініштер 13-20 шілде аралығында қабылданады. ЖОО-ларға қабылдау процесі 25-тамызға дейін аяқталады.