Мұхтар Шаханов мұрасы: поэзия мен азаматтығы қатар жүрген
Өткен аптада Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасында мәнгі сапарына аттанды. Поэзия мен азаматтық ұстанымды қатар алып жүрген, ұлттың намысы мен тарихи шындық үшін күрескен батыр-ақын жастарға қандай мұра қалдырды? Youth.kz ақынның өмір жолын еске алады.
Ақынның аманаты
Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні өмірден озды. Марқұмды шығарып салу рәсімі 21 сәуірде Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Шараға Астанадан арнайы келген және жергілікті жоғары лауазымды шенеуніктер, Шахановтын көрші елдердегі әріптестері мен жора-жолдастары, сонымен қатар Алматы жұртшылығы қатысты.
Келесі күні ақын туған топырағы, Түркістан облысына жеткізіліп, Арыстанбаб кесенесінің маңына «Қоғам» ауылдық зиратында жерленді. Өзі осылай аманат қылған екен. Басында ақынның денесі Алматыдағы «Кеңсай-2» зиратында жерленетіні туралы хабарланған еді. Бірақ отбасы мүшелері мәлім еткендей ақынның өсиеті белгілі болды.
«Мұхтар Шахановтың тірі кезіндегі соңғы аманаты – өз ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесі маңына жерлеу еді. Бұл жай ғана тілек емес, елінің ары, намысы бола білген рухты ақынның халқына қалдырған аманаты», – деп ақынның жары Ханшайым Шаханова президент Тоқаевқа хат жолдаған еді.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында (қазіргі Түркістан өңірі) дүниеге келген. Еңбек жолын журналистикадан бастап, кейін әдебиетке ден қойды. Қазақ поэзиясында өзіндік үні бар ақын ретінде қалыптасты. Қоғамдық-саяси қызметке белсенді араласып, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.
1989 жылы Мұхтар Шаханов КСРО халық депутаттарының съезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы мәселені ашық көтерді. Сол кезеңде бұл оқиға ресми түрде бұрмаланып бағаланған еді.
Шаханов арнайы комиссия құруды ұсынып, Желтоқсанға әділ тарихи баға беруді талап етті. Нәтижесінде комиссия құрылып, көптеген жазықсыз жастардың ісі қайта қаралды.
Ол өз сөзінде:
- Желтоқсан оқиғасы – әділетсіздікке қарсы шыққан жастардың наразылығы екенін;
- Жастарға тағылған айыптардың негізсіздігін;
- Шындықты жасыру – қоғамға қиянат екенін нақты жеткізді.
Кейін «Желтоқсан алаңы» шығармасында ақын былай жазды:
«Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер».
«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда…»
Шаханов шығармашылығы азаматтық пафосымен, ұлттық рухты көтеруімен ерекшеленеді. Оның поэзиясында ар-ождан, тарихи жады, тіл тағдыры, рухани құндылықтар мәселесі терең көрініс табады.
Негізгі туындылар қатарына: «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы», «Төрт ана», «Отырар дастаны» жатады.
Шаханов жастармен тығыз байланыста болды. Ол түрлі кездесулерде жас буынға ұлттық сана, тіл, рух мәселелерін түсіндіріп, олардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етті.
«Жігерлендіру» өлеңінде ол тікелей жастарға үндеу тастаған:
«Көтер қане басыңды!
Күніңді босқа өткізіп пе едің?
Тағдыр неге сыр айтты сары-ау,
Өмірдің барлық сәтсіздіктерін
Бақытсыздық - деп кім айтты саған?!»
Ал «Арман» өлеңінде қарт пен жастардың арасындағы пікір алмасу барысында, ақын қарт арқылы мынадай ойды айтқан:
«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға».
Мұхтар Шаханов ұлттық құндылықтарды қорғауда, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруде маңызды рөл атқарған қоғам қайраткері. Оның азаматтық позициясы мен шығармашылығы қоғам санасының оянуына ықпал етіп, шындықты айту арқылы ұлт мүддесін қорғаған.
Ол өмірден өтсе де, артында қалған мұрасы – халқымыздың асыл қазынасы. Оның сөздері мен шығармалары халық жадында мәңгі сақталады. Мұхтар Шахановтың өмір жолы жастарға үлкен өнеге.