Шахановқа көше атын беру ұсыныс дауға ұласты
Алматыда Розыбакиев көшесінің атауын жақында қайтыс болған Халық ақыны Мұхтар Шахановтың есіміне ауыстыру туралы ұсыныс қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Бастапқыда бұл бастама белгілі бір тұлғаға құрмет көрсету ретінде қабылданса, кейін ол тарихи жад, ұлттық құндылықтар және сөз еркіндігін қамтитын дауға айналды.
Петиция және әлеуметтік желідегі шиеленіс
Gosrating платформасындағы дерекке сәйкес, петицияға 28 906 адам қатысқан. Оның ішінде 10 028 адам қолдаса, 18 878 адам қарсы дауыс берген. Бұл көрсеткіштер қоғамда бастамаға қатысты біржақты пікір жоқ екенін, оның екіге бөлінгенін көрсетті.
Бұл сандар тек позицияны ғана емес, қоғамдағы сенім мен қабылдау мәселесін де көрсетеді. Мұнда негізгі сұрақ – Шахановтың лайықтығы емес, тарихи тұлғаларға құрмет көрсету принциптері.
Талқылаудың күшеюіне TikTok платформасында жарияланған видео әсер етті. Mambethador есімді қолданушы «Ол ревизионнисттің атын айту да қорқынышты», – деп Шахановтың Желтоқсан оқиғасына қатысты ұстанымын сынға алып, оның есімін көше атауына беруге қарсы пікір білдірді.
Өз пікірін білдіргенде, қолданушы видеода балағат сөздер қолданады. Кейін ол жазбасын өшіріп тастаған.
Жағдайға белгілі заңгер Мейірман Шекеев араласып, блогердің балағат сөздеріне байланысты сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл әрекетте ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру факторы деп отыр.
Осы тұста мәселе жаңа қырынан көрінеді. Әңгіме тек көше атауы туралы емес, пікір айту шекарасы мен сөз еркіндігінің шегіне қатысты сұрақтар туындайды.
Бұл даудың терең себебі – тұлғаның өзінен гөрі, оған берілетін мағынада жатыр.
Бір тарап үшін Шаханов – ұлттық рухтың символы, Желтоқсан тақырыбын көтерген қайраткер. Екінші тарап үшін ол – даулы пікірлері бар тұлға, сондықтан оны дәріптеу мәселесіне сын көзбен қарау қажет.
Көше атауын өзгерту туралы талқылауда кейбір әлеуметтік желі қолданушылары кеңестік қайраткер Абдулла Розыбакиевке қатысты сын пікір білдіріп, оның тарихи рөліне күмән келтіреді.
«Коммунистік идеялар үшін өз халқын сатқандарды дәріптеудің қажеті жоқ», – деді Facebook әлеуметтік желіcінде белсенді Тоғжан Қожалы.
«Шаханов Желтоқсан шындығын ашуда маңызды рөл атқарды, Наурыз мейрамының қайта оралуына ықпал етті, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтуға атсалысты. Өмірін өз өлеңдеріндегі азаматтық ұстанымға сай өткізді», – деп жазды Threadsте тележүргізуші Диана Скатова әлеуметтік желіде айтты.
«Мұхтар Шаханов ағамыздың аты өшпесін десеңіздер, ескерткіш қойыңыздар, портретін үйлеріңізге іліңіздер. Бірақ көше, қала аттарын өзгертуді доғарайық. Мұхтар ағамыздың еңбегіне қазақ халқы ретінде алғысымызды көшеге атын бермей-ақ білдіруге болады деп ойлаймын», – деген пікірін анонимді қолданушы қалдырды.
Бұл ойлар әртүрлілігі ономастикалық өзгерістерге қатысты қоғамда балама көзқарастың бар екенін көрсетеді.
Жастар арасында да пікір екіге бөлінген. Бірі тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді қолдаса, екіншісі тұрақтылық пен тарихи сабақтастықты сақтауды маңызды деп санайды.
Даудың мәні неде?
Мұндай ұсыныстардың дауға ұласуы – Қазақстандағы ономастикалық саясатқа тән құбылыс. Әңгіме жеке тұлғалардан гөрі, оларды қоғам қалай қабылдайтынында.
Бір тарап үшін Шаханов – ұлттық рухтың символы. Екінші тарап үшін – даулы көзқарастары бар тұлға.
Сонымен қатар, Розыбакиевтің де тарихи рөлі бар екенін алға тартатындар аз емес. Сондықтан мәселе екі тұлғаны салыстыруда емес, тарихи сабақтастықты сақтау мен жаңарту арасында таңдау жасауда.
Көше атауын өзгерту – тек атау ауыстыру емес, бұл қоғамның қандай тұлғаларды маңызды деп санайтынын көрсететін символдық шешім.
Ал бұл ұсынысқа және қоғамның пікіріне билік құлақ аса ма, бұны уақыт көрсетер.
Абдулла Розыбакиев кім екенін еске салсақ, ол ХХ ғасырдың басында Түркістан өңірінде қызмет еткен кеңестік саяси қайраткер. 1917 жылдан бастап партиялық құрылымдарда жұмыс істеп, ұлттық баспасөздің дамуына қатысқан, бірнеше газет-журналдың редакторы болған. 1920–1930 жылдары кеңестік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарып, ұлттық межелеу үдерісіне араласқан. 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.