Студенттер наразылығы: Сербияның премьер-министрі Милош Вучевич отставкаға кетті
2025 жылғы 28 қаңтарда Сербияның премьер-министрі Милош Вучевич отставкаға кетті. Бұған студенттер наразылығы мен елдегі ішкі саяси жағдайдың ушығуы себеп болды. Youth.kz оқиғаның қалай болғанын және себеп-салдарына үңіліп көрді.
Вучевич 2024 жылғы 1 қарашадағы оқиғалар елге «үлкен көлеңке түсірді», Сербия «осы апатта тұрып қалғандай» болды деп мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, біз қайтадан бұл жағдайдың саяси мақсатта пайдаланып, одан пайда табуға ұмтылу әрекеттерінің куәсі болдық. Қоғам үшін ауыр жайт – елде кез келген сәтте қақтығысқа ұласуы мүмкін шиеленісті ахуалдың қалыптасуы», – деп келтіреді оның сөзін informer.rs басылымы.
Премьер сонымен қатар 28 қаңтар күні таңертең Сербия президенті Александр Вучичпен сөйлескенін, оның «дәлелдері мен шешімін қабылдағанын» айтты.
Сербиядағы студенттер наразылығы қалай басталды?
Сербиядағы студенттер наразылығы 2024 жылғы 1 қарашада Нови-Сад қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін басталды. Сол күні теміржол вокзалының кіреберіс қалқасы құлап, оның астында тұрған адамдарды басып қалған. Апат салдарынан 15 адам қаза тапты.
Вокзал бұл оқиғадан небәрі төрт ай бұрын ғана жөндеуден өткен еді. Жөндеу жұмыстарына шамамен 16 миллион еуро жұмсалған. Кейін бұл апат сапасыз құрылыс пен жемқорлықтың салдары болуы мүмкін деген күдік туындады. Сондықтан бастапқы наразылықтар әділ тергеуді талап ету мақсатында басталды.
Уақыт өте келе бұл қозғалыс күшейіп, елдегі ең ірі наразылықтардың біріне айналды. Balkan Insight басылымының мәліметінше, студенттер мен белсенділер әр жұма күні жергілікті уақытпен 11:52-де (апат болған сәт) жолдарды жауып, қаза болғандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялап отырған.
24 қаңтарда студенттер бүкіл ел бойынша жалпы ереуіл ұйымдастырды.
Кейінгі күндері Белградта өткен митингтер кезінде наразылар қаладағы ірі көлік тораптарын жауып, акциялар өткізді. Олар ұлттық жалаулар мен әртүрлі плакаттар алып шықты. Кейбір плакаттарда үкіметке қарсы ұрандар жазылған. Сондай-ақ протест символына айналған қанға боялған алақан бейнесі де жиі қолданылды.
Вучевич Сербиядағы наразылықтарды «көрінбейтін күштің ықпалы» деп сипаттады
Қызметінен кеткен Сербияның бұрынғы премьер-министрі Милош Вучевич елдегі жаппай наразылықтар шетелден ұйымдастырылған болуы мүмкін деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жағдай сыртқы ықпалдың нәтижесі.
«Мұның бәрі шетелден ұйымдастырылғанына күмән жоқ. Олар қоғамның ең сезімтал саласына – білім мен балалар мәселесіне соққы берді», – деп келтіреді оның сөздерін «Вечерне новости».
Вучевич наразылық ұйымдастырушыларын ел тұрақтылығына қауіп төндірді деп айыптады. Оның сөзінше, билік диалогқа шақырғанымен, жағдай қайта-қайта ушыққан және қоғамдағы шиеленіс күшейе түскен.
Ол мұны «көрінбейтін күштің ықпалы» ретінде сипаттады.
Наразылыққа қатысушылар Сербия президенті Александр Вучичтің де отставкаға кетуін талап етіп, 2012 жылдан бері билікте тұрған оның «Серб прогрессивтік партиясының» қызметін қатаң сынға алды.