Ресейліктер неге Владимир Путинге бейнеүндеу жолдай бастады?
2026 жылдың көктемі мен жазында Ресейдің ақпараттық кеңістігінде жаңа саяси-медиалық құбылыс пайда болды. Азаматтардың Владимир Путинге ашық бейнеүндеу жасай бастады. Бұған дейін мұндай тәсілді көбіне өңір тұрғындары тұрмыстық мәселелерін жеткізу үшін қолданса, енді оған танымал блогерлер, бұрынғы әскери қызметкерлер және қоғам қайраткерлері де жүгіне бастады.
Олардың үндеулері миллиондаған қаралым жинап, федералдық бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударып, Кремльдің ресми пікір білдіруіне себеп болды. Сонымен бірге бұл құбылысты жаппай қоғамдық қозғалыс деп атауға әлі ерте. Сарапшылар мұны қоғамның жоғары билікпен цифрлық кеңістік арқылы тікелей байланыс орнатуының жаңа формасы ретінде бағалайды.
Александр Лунин: үндеуден саяси ультиматумға дейін
Бұрынғы әскери қызметкер Александр «Моя жизнь» Telegram-арнасында Лунин 2026 жылғы 25 маусымда ол Владимир Путинге жолдаған бейнеүндеуінде президентпен жеке кездесуді талап етіп, әскердегі жағдай туралы «шындықты жеткізгісі келетінін» мәлімдеді. Сондай-ақ оның айтуынша, егер бұл мәселелер шешілмесе, әскери бүлік шығу қаупі бар екенін ескертті. Бірнеше сағаттың ішінде видео шамамен 3,5 миллион қаралым жинады.
Кейін Лунин бұл сөздері төңкеріске шақыру емес екенін, мақсаты – президентке «шындықты жеткізу» екенін түсіндірді. 27 маусымда Воронеж облысындағы оның үйінде тінту жүргізіліп, компьютерлік техникасы тәркіленген. Сот оны Ресей Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 20.3-бабы бойынша кінәлі деп тауып, 11 тәулікке қамауға шешім шығарды. Кейін видео әлеуметтік желіден өшірілді.
Кремль Луниннің үндеуі туралы хабардар екенін мәлімдеді. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков роликтегі кейбір сөздерді «жеткілікті түрде оғаш» деп атады.
Виктория Боня: бәрі президенттен қорқады
2026 жылғы 13 сәуірде блогер әрі тележүргізуші Виктория Боня Instagram әлеуметтік желісінде Владимир Путинге арналған 18 минуттық бейнеүндеу жариялады. Онда ол президентке елдегі нақты жағдай туралы толық ақпарат жетпейтінін, ал «халық та, блогерлер де, әртістер де, губернаторлар да президенттен қорқады» деп мәлімдеді.
Боня өз үндеуінде бірнеше маңызды мәселені көтерді. Атап айтсақ, ол Дағыстандағы су тасқынының салдары, Анапа жағалауындағы мазутпен ластану, Қызыл кітапқа енген жануарларды жоюға қатысты заңнамалық мәселелер, Новосібір облысында малдың жаппай тәркіленуі мен жойылуы, мобильді интернеттің шектелуі және байланысқа қойылған тосқауылды сөз етті.
Бір тәулік ішінде видео 2,миллионнан астам қаралым жинап, Instagram желісінде миллионнан астам лайк алды. Бұл видео 2026 жылғы Ресейдегі ең көп талқыланған саяси бейнероликтердің біріне айналды.
Кремльдің жауабы
16 сәуірде президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков алғаш рет бұл үндеуге пікір білдірді.
Оның айтуынша, видео қоғамның назарын аударған, ал онда көтерілген мәселелер расында өзекті. Сонымен бірге Песков бұл проблемалар бойынша мемлекеттік органдар жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Әрине, біз бұл үндеуді көрдік. Виктория Боняның үндеуінің кеңінен таралғаны рас, қаралымы өте көп, әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Бұл – шындық», – деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге.
Песковтың сөзінше, бейнеүндеуде көтерілген мәселелер қоғам үшін өзекті.
«Онда шынымен де қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелер қозғалған. Бұл бағыттар бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мәселелер назардан тыс қалған жоқ», – деді ол.
Осы мәлімдемеден кейін Виктория Боня жаңа видео жариялап, Владимир Путин мен Дмитрий Песковқа үндеуіне назар аударғаны үшін алғыс айтты. Ол өзін оппозиция өкілі емес екенін айтып, «мен халық пен мемлекет үшін сөйлеп отырмын» деп мәлімдеді.
Айза: президентке елдегі нақты жағдай туралы толық ақпарат жетпейді
Виктория Боняның үндеуінен кейін блогер әрі тележүргізуші Айза да Владимир Путинге арналған бейнеүндеу жариялады. Ол Ресейдегі әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық және қарапайым халықтың тұрмыс жағдайы туралы айтты.
Айза қоғамдағы әділетсіздікке назар аударып, байлықтың аз ғана топтың қолында шоғырланғанын сынады. Ол «қанша ұрласа жеткілікті болады?» деген сұрақ қойып, халық пен билік арасындағы алшақтық туралы пікір білдірді.
Сонымен қатар ол президентке елдегі нақты жағдай туралы толық ақпарат жетпейді деген пікірді қолдады. Оның видеосы әлеуметтік желілерде кең таралып, кейін жазбасы өшірілді. Мысалы, Айзаның үндеуі «Дневники войны» YouTube-арнасында жарияланған.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде танымал блогерлер мен қарапайым азаматтардың президентке тікелей жолдаған ондаған бейнеүндеулері тарала бастады.
Цифрлық дәуірдегі жаңа «арыз»
2026 жылғы құбылыстың ерекшелігі – бұрынғы жазбаша арыздардың орнын әлеуметтік желідегі бейнеүндеулер алмастыра бастаған.
Егер бұрын азаматтар президентке хат жолдаса немесе «Тікелей желі» бағдарламасына жүгінсе, қазір дәл осы функцияны әлеуметтік желілердегі вирусқа айналған бейнероликтер атқарып отыр.
Миллиондаған қаралымның өзі саяси ресурсқа айналуда. Қоғамдық қолдауы жоғары үндеулерді мемлекеттік институттардың толықтай елемеуі барған сайын қиындай түсуде.
Мазмұны сынға толы болғанымен, мұндай үндеулердің барлығы дерлік бір логикаға негізделген. Авторлар президент елдегі нақты жағдайдан толық хабарсыз, негізгі кінә орта деңгейдегі шенеуніктерде, жағдайды тек мемлекет басшысы ғана түзете алады деген пікірді алға тартады.
Қорыта айтқанда, Владимир Путинге жолданған бейнеүндеулерді әзірге жаппай қоғамдық қозғалыс деп бағалауға болмайды. Дегенмен Виктория Боня, Айза және Александр Луниннің мысалдары Ресейде билік пен қоғам арасындағы жаңа цифрлық коммуникацияның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Бұл үндеулер бірден саяси шешімдер қабылдатпауы мүмкін. Алайда олар әлеуметтік желілердің қоғамдық күн тәртібін қалыптастырудағы ықпалының күшейгенін және вирусқа айналған бейнероликтердің жергілікті мәселені федералдық деңгейде талқылауға шығара алатынын дәлелдеп отыр.