Ұрпақтар теориясы – миф пе? Z буыны, миллениалдар және бумерлер туралы ғылыми шындық

«Ұрпақтар теориясы» (Generational Theory) қоғамда кең тарағанымен, оның қазіргі нұсқаларының басым бөлігі ғылыми тұрғыдан толық дәлелденбеген. Ғалымдар адамдардың мінез-құлқын тек туған жылы арқылы түсіндіру қате екенін айтады. Соған қарамастан, ұрпақ ұғымы демография, маркетинг және саясаттануда белгілі бір деңгейде қолданылып келеді. Youth.kz ұрпақтар теориясын зерделеп, ненің жалған, ненің шындық екенін анықтап көрді. 

Ұрпақтар теориясы қайдан шықты?

Ғылыми зерттеулерді топтастырған Science Direct сайтының жазуынша, адамдарды ұрпақтарға бөлу идеясы бұрыннан бар. Оның ғылыми негізін неміс әлеуметтанушысы Карл Маннгейм 1928 жылы жариялаған The Problem of Generations еңбегінде қалаған. Маннгеймнің пікірінше, белгілі бір тарихи кезеңде дүниеге келген адамдардығ көзқарасын ортақ оқиғалар мен тәжірибелер қалыптастыруы мүмкін.

Бүгінде кеңінен қолданылатын «бэби-бумерлер» (Baby Boomers), «Х буыны» (Generation X), «миллениалдар» немесе «Y буыны» (Millennials/Generation Y) және «Z буыны» (Generation Z) ұғымдарының кең таралуына америкалық жазушылар Уильям Штраус  пен Нил Хоу елеулі ықпал етті. Олар 1991 жылы жарық көрген «Ұрпақтар: Американың 1584-2069 жылдардағы болашағының тарихы» (Generations: The History of America's Future, 1584–2069) атты еңбегінде АҚШ тарихының шамамен 80-90 жылдық циклдермен дамитынын алға тартып, әр тарихи кезеңде қалыптасқан ұрпақтың өзіндік құндылықтары, дүниетанымы мен мінез-құлық ерекшеліктері болады деген тұжырым жасады.

Кейін бұл жіктеу маркетинг, кадрларды басқару (HR) және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қолданыла бастады. Алайда қазіргі ғылыми ортада бұл теорияға қатысты ортақ пікір жоқ. Көптеген зерттеушілер оның эмпирикалық дәлелдері жеткіліксіз екенін және адамдардың мінез-құлқын тек туған жылына қарап сипаттау ғылыми тұрғыдан дұрыс емес екенін атап көрсетеді. 

Gen Z шынымен жалқау, ал миллениалдар жұмысқа құмар ма?

Биомедицина және ғылыми мақалалар жарияланатын PubMed Central сайтының жазуынша, әлеуметтік желілерде және БАҚ-та әр ұрпаққа тән қасиеттер жиі айтылады:

  • бэби-бумерлер – еңбекқор, консервативті;
  • Х буыны – тәуелсіз;
  • миллениалдар – технологияны меңгерген;
  • Z буыны – цифрлық ортада өскен, еркін ойлайтын.

Бірақ ғылыми зерттеулер бұл сипаттамалардың көбінің дәлелденбегенін көрсетеді. Адамдардың құндылықтары мен мінез-құлқына тек туған жылы емес, олардың жасы, өмір сүріп отырған кезеңі, әлеуметтік жағдайы, білімі, мәдениеті және экономикалық ортасы ықпал етеді.

Ғылыми сынға қарамастан, бұл теорияның кең таралуының бірнеше себебі бар:

  • маркетологтарға аудиторияны сегменттеу оңай;
  • жұмыс берушілерге қызметкерлердің мінез-құлқын қарапайым модельмен түсіндіруге ыңғайлы;
  • медиада «Gen Z бәрін өзгертеді» немесе «Миллениалдар басқаша өмір сүреді» деген тақырыптар көп оқылады.

Алайда мұндай жалпылаулар шынайы өмірдегі күрделі әлеуметтік айырмашылықтарды жеңілдетіп жібереді.

Ғалымдар неліктен күмәнданады?

Pew Research Center зерттеу ұйымының жазуынша, зерттеушілердің басты мәселесі – үш факторды бір-бірінен ажыратудың қиындығы.

Біріншісі – жас әсері (age effect). Мысалы, жастардың тәуекелге бейімділігі немесе әлеуметтік желіні жиі пайдалануы олардың Gen Z болғанынан емес, жас ерекшелігіне байланысты болуы мүмкін.

Екіншісі – дәуір әсері (period effect). Пандемия, экономикалық дағдарыс немесе соғыс сияқты оқиғалар барлық буынға бірдей әсер етеді.

Үшіншісі – когорта әсері (cohort effect). Белгілі бір тарихи кезеңде дүниеге келген адамдардың өмірлік тәжірибесі шынында ұқсас болуы мүмкін.

Ғалымдардың айтуынша, осы үш фактор бір-бірімен араласқандықтан, нақты «ұрпақ әсерін» дәлелдеу өте қиын.

Pew Research Center не дейді?

Әлемдегі ең беделді зерттеу ұйымдарының бірі Pew Research Center ұрпақтарды негізінен демографиялық талдау үшін ғана қолданады. Орталықтың өзі адамдар арасындағы айырмашылықтарды түсіндіру кезінде туған жылға ғана сүйенуге болмайтынын бірнеше рет ескерткен.

Pew сарапшылары қоғамдық пікірге әсер ететін негізгі үш фактор – адамның жасы, өмір сүріп отырған тарихи кезеңі және өзі жататын когорта екенін айтады.

Қазақстанда бұл теория қолданыла ма?

Қазақстанда да Z буыны, миллениалдар немесе бумерлер туралы ұғымдар жиі қолданылады. Бірақ бұл атаулар негізінен АҚШ қоғамының тарихи тәжірибесіне сүйеніп жасалған.

Мысалы, америкалық бэби-бумерлер Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі демографиялық өсіммен байланысты болса, Қазақстандағы сол жастағы адамдар мүлде басқа саяси және әлеуметтік жағдайда – Кеңес Одағы кезеңінде өсті. Сондықтан батыстық ұрпақ жіктемесін Қазақстанға сол күйінде қолдану ғылыми тұрғыдан дұрыс емес.

Қазақстандық қоғамдағы құндылықтарды түсіндіруде тәуелсіздік кезеңі, урбанизация, интернеттің таралуы және экономикалық өзгерістер сияқты жергілікті факторлар әлдеқайда маңызды болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, ұрпақтар теориясын толықтай миф деуге болмайды. Белгілі бір тарихи оқиғалардың бір кезеңде дүниеге келген адамдарға ортақ әсер етуі мүмкін екені ғылымда дәлелденген.

Алайда Z буыны, миллениалдар немесе бумерлердің бәріне бірдей мінез-құлық, құндылық немесе өмір салтын таңу ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Көптеген зерттеушілер адамдар арасындағы айырмашылықтарды жас, әлеуметтік орта, білім деңгейі, табыс және өмір сүрген тарихи кезең арқылы түсіндіру әлдеқайда дұрыс деп есептейді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз