Партиялар сайлауға қалай дайындалып жатыр: пікірсайыс, әлеуметтік желілер және халықпен жұмыс

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді. Үгіт-насихат науқаны 23 шілдеде басталып, 22 тамызда аяқталады. Партиялар сайлаушылармен бірнеше бағытта жұмыс істеді. Толығырақ Youth.kz материалында.

«Хабар» арнасындағы негізгі пікірсайыс

19 тамызда 24KZ телеарнасында «Басты пікірсайыс – 2026» өтті. Пікірсайыстың тақырыбы – «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін». Бұл Құрылтай сайлауы алдындағы соңғы ірі телевизиялық пікірсайыс болды.

Пікірсайысқа барлық жеті партияның төрағалары қатысты:

  • «Әділет» – Айбек Дадебай;
  • «Ақ жол» – Дания Еспаева;
  • «Қазақстан Халық партиясы» – Нұрсұлтан Шоқанов;
  • «Ауыл» – Қайрат Айтуғанов;
  • «ОСДП» – Асхат Рахымжанов;
  • «Respublica» – Айдарбек Қожаназаров;
  • «Baytaq» – Азаматхан Әміртаев.

Пікірсайыс төрт кезеңнен тұрды: партиялардың бағдарламаларын таныстыру, қарсыластарға сұрақ қою, азаматтардың сұрақтарына жауап беру және сайлаушыларға қорытынды үндеу. Көрермендер сұрақтарын байланыс орталығы және бейнежолдау арқылы жібере алды.

Бірінші кезеңде партиялар негізгі басымдықтарын таныстырды. «Respublica» бизнесті, отандық өндірісті және инфрақұрылымды дамытуға басымдық берді. «Байтақ» экологиялық мәселелерге назар аударды. «Ақ жол» кәсіпкерлік пен экономикалық саясатты көтерді. «Әділет» жұмыс орындарын көбейту және орта бизнесті дамыту туралы айтты. «Ауыл» ауыл шаруашылығы, фермерлерді қолдау және ауыл инфрақұрылымын дамытуға тоқталды. «ОСДП» әлеуметтік қорғау, зейнетақы және еңбек жағдайларын жақсартуды ұсынды. «Қазақстанның Халық партиясы» білім беру, медицина және әлеуметтік кепілдіктердің қолжетімділігіне назар аударды.

Екінші кезеңде партиялар бір-біріне сұрақ қойып, өзара пікірталасқа түсті. Respublica мен «Ақ жол» ауылды дамыту және кәсіпкерлерді қолдау мәселелері бойынша пікір алмасты. «ОСДП» «Respublica-ның» экономикалық ұсыныстарын сынға алды. «Қазақстанның Халық партиясы» «Байтақтың» әлеуметтік бастамаларының қаржылық негізіне қатысты сұрақ қойды. Ал «Байтақ» бірқатар партияларды ірі бизнес мүддесіне басымдық береді деп сынады.

Пікірсайысқа дейін 18 тамызда тікелей эфирде ашық жеребе өткізіліп, партиялардың сөз сөйлеу тәртібі анықталды. Бірінші болып «Respublica», одан кейін «Baytaq», «Ақ жол», «Әділет», «Ауыл», «ОСДП» және «Қазақстанның Халық партиясы» шықты.

Әлеуметтік желілердегі жұмыс

2026 жылғы сайлау науқанында әлеуметтік желілер партиялардың негізгі коммуникация арналарының біріне айналды. Партиялар Instagram, TikTok, Telegram және YouTube арқылы үгіт материалдарын, кандидаттардың кездесулерін, тікелей эфирлер мен қысқа бейнероликтерді жариялап отырды. 

Мысалы, «Respublica» партиясы цифрлық форматтарды белсенді қолданды. 24KZ хабарлауынша, Партияның республикалық штабы ашылған кезде төраға Айдарбек Қожаназаров Instagram арқылы тікелей эфир жүргізді. Партия өз жұмысын өңірлердегі кездесулермен қатар әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп келеді. 

«Әділет» партиясы да әлеуметтік желілерді штаб жұмысының бір бөлігі ретінде пайдаланды. Партияның ресми Telegram арнасында үгіт кездесулері, кандидаттардың өңірлердегі жұмысы және сайлаушылармен кездесулер жарияланып отырады. Мысалы, Liter.kz мақаласында, партияның Павлодар облысындағы өңірлік жұмыстары айқын көрсетіледі. 

Әлеуметтік желілердің маңызы пікірсайыстар кезінде де байқалды. 24KZ телеарнасындағы пікірсайыстардың трансляциясы YouTube, Telegram, Instagram және TikTok платформаларында да жүргізілді. Көрермендер сұрақтарын цифрлық арналар арқылы эфирге жібере алды. 

Сонымен қатар партиялар өздерінің негізгі саяси хабарламаларын қысқа форматқа бейімдеді: кандидаттың сөзі, сайлаушымен кездесу, белгілі бір мәселе бойынша түсіндірме, партия бағдарламасының бір тармағы немесе өңірдегі іс-шара туралы видео. 

Халықпен жұмыс

18 тамыздағы партиялардың өңірлік сапарлары сайлау науқанының соңғы кезеңіне жетті. Штабтар тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында партиялар тек бағдарламаларын таныстырып қана қоймай, азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін жинады. 

«Әділет» партиясының Павлодар облысындағы штабы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Azattyq Rуhy мәліметінше, өңірдегі жұмыс ауқымды қоғамдық шарамен аяқталды – «ӘДІЛЕТ EVENT» Open Air іс-шарасына 75 мыңнан астам адам қатысты. 

Партиялар халықпен кері байланыс орнатудың әртүрлі тәсілдерін де қолданды. Мысалы, Instagram желісінде «ОСДП» «Халық телефоны», «Болашақ Құрылтайға хат» және «Үндеу жәшігі» сияқты жобалар жайлы хабарлап, солар арқылы азаматтардың ұсыныстары мен мәселелерін жинауға тырысты.

«Ауыл» партиясы ауыл тұрғындары мен аграрлық секторға бағытталған кездесулерге басымдық берсе, «Ақ жол» мен «Respublica» кәсіпкерлермен және бизнес өкілдерімен жұмыс істеуге назар аударды. «Байтақ» экологиялық мәселелерді көтерсе, «ОСДП» әлеуметтік мәселелер мен азаматтардың құқықтарына көбірек көңіл бөлді.

Партиялардың ресми сайттары

Әлеуметтік желілердегі қысқа контенттен бөлек, партиялардың ресми сайттары толық ақпарат көзі ретінде пайдаланылды. Мұнда сайлаушылар партияның бағдарламасымен, кандидаттар тізімімен, жаңалықтарымен, партия басшылығымен және өңірлік құрылымдарымен таныса алады.

Веб-сайттардың артықшылықтары туралы айтатын болсақ, назардан тез жоғалатын әлеуметтік желілердегі бейнероликтерге қарағанда, бұл жақта қажетті ақпараттар пен файлдарды табу және зерттеу әлдеқайда оңай.

Мысалы, «ОСДП» ресми сайтында партияның сайлауалды бағдарламасы, кандидаттар туралы ақпарат және сайлау науқанына қатысты материалдар жарияланған. 

Ал «Әділет» партиясының сайтында жарияланған 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарлама қатты көзге түседі. Партия өз бағдарламасында экономика, әлеуметтік саясат, тұрғын үй, жұмыспен қамту және мемлекеттік басқаруға қатысты мақсаттарын көрсеткен.

Әр партияның өзіндік шығу тарихы бар. Қазақстанның басты партиялары қалай құрылды? Бұл жайлы Youth.kz осы мақалада хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз