Көрермен жоғары бағалаған 5 тарихи аниме

Тарихи тақырыптағы анимелер тек қызықты оқиғаларымен ғана емес, белгілі бір дәуірдің саяси ахуалын, мәдениетін және қоғамның жай-күйін бейнелеуімен ерекшеленеді. Олардың бір бөлігі нақты тарихи оқиғаларға негізделсе, енді бірі шынайы деректерді көркем сюжетпен ұштастырады. Youth.kz көрермен жоғары бағалаған 5 тарихи анимені ұсынады.

Винланд туралы дастан

Егер тарихи оқиғаларға негізделген аниме іздесеңіз, «Винланд туралы дастан» (Vinland Saga) – ең үздік таңдаулардың бірі. Туынды XI ғасырдағы викингтер дәуірін, Англияны жаулап алу жорықтарын және сол кезеңдегі саяси тартыстарды баяндайды. Сюжет жас жауынгер Торфиннің әкесінің өлімі үшін кек алу жолынан басталып, уақыт өте келе соғыстың мәні, адамгершілік пен бейбіт өмірдің құндылығы туралы терең философиялық оқиғаға ұласады.
Анименің басты ерекшелігі – көптеген кейіпкерлердің тарихи тұлғаларға негізделуі. Мысалы, Дания, Англия және Норвегияның королі Кнуд Ұлы (Canute the Great) мен әйгілі зерттеуші Торфин Карлсефни сияқты тарихи кейіпкерлер оқиға желісінде маңызды рөл атқарады. Дегенмен шығарма деректі фильм емес, сондықтан тарихи фактілер көркем сюжетпен толықтырылған.

«Винланд туралы дастан» сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Кинопоиск платформасында анименің рейтингі 8,5/10, ал оған 134 мыңнан астам қолданушы баға берген. Сайтта туынды «Жас жігіт әкесінің өлімі үшін кек алу мақсатында өз дұшпанының жасағына қосылады. Викингтер дәуірі туралы әсерлі экшн-аниме» деп сипатталады.

Жердің қозғалысы туралы

«Жердің қозғалысы туралы» (Orb: On the Movements of the Earth / Chi: Chikyū no Undō ni Tsuite) – ғылым мен тарихты ұштастырған ең ерекше анимелердің бірі. Шығарма XV ғасырдағы Еуропада өрбиді. Ол кезде Жер Күнді айналады деген гелиоцентрлік көзқарасты қолдау қауіпті саналып, мұндай пікірді жақтағандар қудалауға ұшыраған.

Анименің басты кейіпкерлері ғылыми шындықты іздеп, астрономияны зерттеуге талпынады. Олар сол заманның діни догмалары мен инквизиция қысымына қарамастан, өз идеяларын қорғауға тырысады. Туынды нақты бір ғалымның өмірбаяны емес, бірақ оның оқиғалары Орта ғасырдың соңындағы ғылым тарихынан шабыт алған.

Аниме ғылыми ізденіс, еркін ойлау, білімнің құндылығы және ақиқат үшін күрес тақырыптарын терең қозғайды. Осы ерекшелігі үшін ол көрермендер мен сыншылардың жоғары бағасына ие болды.

Кинопоиск сайтында «Жердің қозғалысы туралы» анимесінің рейтингі 8,5/10. Платформада шығарма: «XV ғасыр. Ғалымдар Жердің Күнді айналатынын дәлелдеуге тырысады. Ғылым, сенім және еркін ой туралы тарихи драма» деп сипатталған.

Самурай Чамплу

«Самурай Чамплу» (Samurai Champloo) – режиссер Синъитиро Ватанабэ түсірген ең танымал тарихи анимелердің бірі. Оқиға Эдо дәуіріндегі Жапонияда өрбиді. Аниме тарихқа негізделгенімен, онда хип-хоп мәдениеті мен заманауи стиль элементтері шебер үйлестірілген.

Сюжет шайханада жұмыс істейтін Фуу есімді қыздың «күнбағыс иісі аңқыған самурайды» іздеуге аттануынан басталады. Жолда оған мінезі бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі семсерші – Мугэн мен Дзин қосылады. Үшеуі Жапонияны аралап, түрлі оқиғаларға тап болады. Анимеде самурайлар дәуірінің тұрмысы, әлеуметтік теңсіздік, билік жүйесі мен тарихи атмосфера көркем түрде бейнеленген.

Кинопоиск платформасында анименің рейтингі 8,4/10. Көрермендер туындыны ерекше визуалды стилі, әсерлі жекпе-жек көріністері және тарихи оқиғаларды заманауи музыкамен үйлестіргені үшін жоғары бағалайды.

Отшашатын қоңыздардың қабірі

«Отшашатын қоңыздардың қабірі» (Grave of the Fireflies, жапонша – Hotaru no Haka) – жапон анимациясының ең әсерлі әрі жүрекке ауыр тиетін туындыларының бірі. Фильмді 1988 жылы әйгілі Studio Ghibli студиясы шығарған, режиссері – Исао Такахата.

Туынды жапон жазушысы Акиюки Носакадың жартылай өмірбаяндық повесі негізінде түсірілген. Оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңінде, 1945 жылы Жапонияда өрбиді.

Фильмнің басты кейіпкерлері – 14 жастағы Сэйта мен оның төрт жасар қарындасы Сэцуко. Америкалық әуе шабуылынан кейін олар анасынан айырылып, өз күндерін өздері көруге мәжбүр болады. Соғыс салдарынан туған аштық, жоқшылық және қоғамның қатыгездігі балалардың тағдырын күрт өзгертеді. Ағайынды екеу аман қалу үшін бар күшін салғанымен, соғыстың ауыр зардабы олардың өміріне орны толмас қайғы әкеледі.

Анимациялық фильмде майдандағы шайқастар емес, соғыстың қарапайым халыққа, әсіресе балаларға тигізген зардабы көрсетіледі. Сондықтан «Отшашатын қоңыздардың қабірі» соғысқа қарсы ең ықпалды анимациялық фильмдердің бірі саналады.

Фильмді сыншылар жоғары бағалап, әлемдегі ең үздік анимациялық драмалардың қатарына енді. Көрермендер оны терең эмоциясы, шынайы оқиғасы және адам өмірінің құндылығын әсерлі жеткізгені үшін ерекше бағалайды.

Жалаңаяқ Гэн

«Жалаңаяқ Гэн» (Barefoot Gen, жапонша – Hadashi no Gen) – атом бомбасының зардабын ең шынайы бейнелеген анимациялық фильмдердің бірі. Туынды жапон мангакасы Кэйдзи Накадзаваның аттас автобиографиялық мангасы негізінде түсірілген. Ол 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан аман қалғандардың бірі болғандықтан, фильмдегі көптеген оқиғалар автордың өмірінен алынған.

Оқиға Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңінде, 1945 жылы Жапонияның Хиросима қаласында өтеді. Басты кейіпкер – Гэн Накаока есімді бала. Ол отбасымен бірге соғыс жылдарындағы аштықты, жоқшылықты және күн сайынғы әуе шабуылдарын бастан кешіреді. Алайда 1945 жылдың 6 тамызында Хиросимаға атом бомбасы тасталғаннан кейін олардың өмірі түбегейлі өзгереді. Гэн туғандарының көбінен айырылып, тірі қалу үшін ауыр сынақтарға төтеп беруге мәжбүр болады.

Аниме атом жарылысының салдарын, радиацияның адам өміріне әсерін және соғыстың бейбіт тұрғындарға әкелген қасіретін еш боямасыз көрсетеді. Осы ерекшелігі үшін «Жалаңаяқ Гэн» соғысқа қарсы бағыттағы ең маңызды анимациялық фильмдердің бірі саналады. Ол тек тарихи оқиғаларды баяндап қана қоймай, адамгершілік, төзімділік және өмірге деген үміт тақырыптарын да қозғайды.

Фильм әлемнің көптеген елінде көрсетіліп, соғыстың зардаптары туралы ең әсерлі анимациялық туындылардың бірі ретінде мойындалды. Көрермендер оны тарихи шынайылығы, эмоциялық әсері және бейбітшіліктің құндылығын жеткізе білгені үшін жоғары бағалайды.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз