Сайлауалды үгіттің жаңа ережелері

23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігі сайлауалды үгітке қатысты маңызды талаптарды түсіндірді. Жаңа ережелер тек саяси партияларға ғана емес, БАҚ-қа, блогерлерге және әлеуметтік желі қолданушыларына да қатысты.

Министрліктің түсіндіруінше,саяси партиялардың тізімдерін тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Сол уақыттан бастап қана сайлауалды үгіт жүргізуге рұқсат беріледі.

Ал 22 тамыз сағат 00:00-де үгіт толық тоқтайды. Яғни 22 тамыз – тыныштық күні, ал 23 тамыз – сайлау күні болғандықтан, бұл күндері ешқандай үгіт жүргізуге болмайды.

Әлеуметтік желіде пікір жазуға бола ма?

Азаматтар әлеуметтік желіде өз пікірін еркін білдіре алады. Егер жазба үшін ешкім ақша төлемесе және ол жарнама болмаса, мұндай пікір заң бұзушылық болып саналмайды.

Ал егер жазба белгілі бір партияны қолдауға немесе оған қарсы дауыс беруге шақырып, ақылы түрде жарияланса, онда ол сайлауалды үгіт ретінде қарастырылады.

БАҚ пен блогерлер нені ескеруі керек?

Егер БАҚ немесе блогер сайлауалды үгіт материалдарын ақылы негізде жариялауды жоспарласа, онда 18 шілдеге дейін:

  • материалды жариялау құнын;
  • жариялау шарттарын.

Орталық сайлау комиссиясына хабарлауы тиіс.

Бұл талап орындалмаса, үгіт материалдарын жариялауға рұқсат берілмейді.

Қандай әрекеттерге тыйым салынады?

Заң бойынша:

  • үгітті 23 шілде сағат 18:00-ге дейін бастауға
  • 22 және 23 тамызда үгіт жүргізуге;
  • жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларда саяси үгіт таратуға;
  • бір партияға артықшылық беруге;
  • жалған немесе беделге нұқсан келтіретін ақпарат таратуға болмайды.

Бұрын жарияланған жазбаларды өшіру керек пе?

Егер үгіт материалдары бұған дейін жарияланған болса, оларды міндетті түрде өшірудің қажеті жоқ. Бірақ оларды қайтадан жарнамалауға, басты бетке шығаруға немесе белсенді түрде таратуға болмайды.

Сауалнама жариялауға да шектеу бар

Сайлауға дейінгі соңғы бес күнде, сондай-ақ дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін жариялауға тыйым салынады. Сонымен қатар дауыс беру учаскелерінің ішінде сайлаушылар арасында сауалнама жүргізуге болмайды.

Заңды бұзса не болады?

Министрлік сайлау туралы заң талаптарын бұзған азаматтар, БАҚ пен онлайн-платформа иелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Сондықтан сайлау туралы ақпарат жарияламас бұрын оның жай ақпарат па, әлде сайлауалды үгіт пе екенін ажыратып алған жөн.

Барлық БАҚ саяси партиялардың партиялық тізімдерін ұсыну және оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі ақпаратты баспа алаңы мен эфирлік уақыт көлемі бойынша тең мөлшерде таратуға міндетті. БАҚ көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 112-бабының 4-тармағына сәйкес айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген. 

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасын бұзу болып БАҚ-та қоғамдық пікірге сауалнама нәтижелерін және сайлау болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды қолдап дауыс беру нәтижелерін міндетті шығару деректері көрсетілмей жариялау, оларды дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және сайлау өткізілетін күні тікелей Интернет желісінде және БАҚ-та орналастыру, дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайлардың ішінде сауалнамалар жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының талаптарын сақтамай қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу де танылады. Көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 120-бабына сәйкес жауапкершілік белгіленген. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз