Көпшілік жиналған жерде адам өзін қалай ұстау керек?

Қазақстанда жазда көптеген концерт пен фестиваль өтеді, оларға мыңдаған адамдар жиналады.Көпшілік қатысатын осындай іс-шаралар әрдайым белгілі бір қауіп-қатермен байланысты. Адамдардың шамадан тыс шоғырлануы салдарынан қысылу және тыныс алудың қиындауы сияқты жағдайлар туындауы мүмкін. Сондықтан мұндай орындарға барған кезде жеке қауіпсіздікке ерекше мән беріп, сақтық шараларын ұстанған жөн. Осыған байланысты Youth.kz адам көп жиналатын жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін негізгі ережелермен бөліседі.

Әдетте адам көп жиналатын жерде мынадай жағдайлар болуы мүмкін:

  • адамдар қысылып, қаза табуы мүмкін;
  • іс-шараға қатысушылар (футбол жанкүйерлері, бұзақылар, митингіге қатысушылар) арасында жанжал шығуы;
  • құқық қорғау органдары қызметкерлер мен қарапайым адамдар соқтығысуы мүмкін (наразылық акциялары). 

Егер мұндай жағдайлардың біріне тап болсаңыз, дүрлікпей, терең дем алып, мына сақтық шараларын еске алуға тырысыңыз. 

Қандай жағдай болмасын, кез келген шараға барарда отбасыңыз бен достарыңызға қайда бара жатқаныңызды ескертіңіз. Әрқашан өзіңізбен бірге құжат пен ұялы телефоныңызды алып жүріңіз. Паспортты жоғалтып алмайтындай, дұрыстап салып қойыңыз. 

Ешқашан жаппай шараларға қаруға ұқсас зат алмаңыз.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің әрекетіне араласуға тырыспаңыз. Олармен дауласпай, керісінше барлық талабын орындаңыз.

Митингіге барсаңыз, басқалардың мінез-құлқын бақылаңыз, агрессив адамдардан сақ болыңыз.

Адам көп жиналған іс-шараның аяқталуына шамамен 15 минут қалғанда көпшіліктің бір жақ шетіне өтіңіз.

Заңсыз әрекеттерге бой алдырмаңыз.

Эвакуация туралы ақпарат алған кезде ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың нұсқауларына сәйкес әрекет етіңіз, тыныштық сақтап, дүрбелең тудырмаңыз.

Кез келген болып жатқан оқиға қаншалық қызық көрінсе де, балаңыз болса, көпшілікке қосылмаңыз.

Егер сіз топ ішінде қалсаңыз, одан бірден шығуға тырыспаңыз, одан да асықпай шетке ығысыңыз.

Жаныңызда балаңыз болса, оны көтеріп алыңыз не мойныңызға отырғызыңыз. 

Терең дем алып, кеудеңіз қысылып қалмас үшін екі қолыңызды бүгіп, бүйіріңізде ұстаңыз. 

Ұзын бойлы және алып адамдардан, үлкен заты не сөмкесі бар адамдардан аулақ болуға тырысыңыз.

Қолдарыңызды қалтаңызға салмаңыз.

Аяғыңызды мүмкіндігінше жоғары көтеріп, қадамыңызды нық басуға тырысыңыз. Аяқтың ұшымен жүрмеңіз.

Егер қысып-жаншу қаупі төнсе, дереу, еш ойланбастан, кез келген ауыртпалықтан, әсіресе ұзын белбеу, шарф пен сөмкеден құтылыңыз.

Егер бір нәрсеңіз түсіп кетсе, оны алмаңыз, тіпті еңкеймеңіз.

Егер құлап қалсаңыз, мүмкіндігінше тезірек тұруға тырысыңыз. Құласаңыз, қолыңызды жерге тигізбеуге тырысыңыз. Әйтпесе, қолыңыз тапталып, сынып кетуі мүмкін. 

Егер тұра алмасаңыз, доп секілді бүгіліп жатыңыз, бетіңізді шынтақпен, бастың артқы жағын алақаныңызбен жабыңыз.

Адам көп жиналатын жерге кірсеңіз, төтенше жағдай кезінде қандай орын қауіпті екенін алдын ала анықтаңыз (стадиондағы секторлар арасындағы өткелдер, концерт залдарындағы есіктер мен қалқалар), апат жағдайында алдымен қай жерден шығуға болатынын ескеріңіз.

Әдетте кез келген залдың бұрыштарында немесе қабырғалардың жанында қыспаққа ұшырамауға болады, бірақ ол жерден тысқа шығу қиын.

Дүрбелең туындаған кезде сабыр сақтауға тырысыңыз. Терең дем алыңыз.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз