«Еркіндік Қанаты» қоры 23 тамыздағы Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты
«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры (EQ) 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауын бақыламайтынын мәлімдеді. Ұйым бұл шешімді күрделі әрі амалсыз қабылданған қадам деп бағалап отыр.
Қордың әлеуметтік желіде хабарлауынша, 2016 жылдан бері өткен бірде-бір электоралды науқанды бақылаусыз қалдырмаған ұйым биылғы сайлауға қатыспауға бірнеше себеп негіз болған.
EQ өкілдерінің айтуынша, сайлау 2019-2022 жылдардағы саяси реформалардың тоқырауы жағдайында өтпек. Олар бірмандатты округтер бойынша үміткерлердің болмауын, балама көзқарас ұсынатын тіркелген саяси партиялардың жоқтығын, сондай-ақ азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасалып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, қор елдегі құқық қолдану тәжірибесі сайлау учаскелеріндегі бақылаушылардың өкілетін шектейтінін және олардың мемлекет ісін басқаруға қатысу жөніндегі конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыруына мүмкіндік бермейтінін мәлімдеді. Ұйым электоралды науқанға қатысты даулар бойынша әділ сот талқылауына қол жеткізу де қиын екенін алға тартты.
«2019-2026 жылдар аралығында қор қызметіне кедергі келтіру әрекеттері бірнеше рет тіркелді. Атап айтқанда, бақылаушылардың сайлау учаскелерінен заңсыз шығарылуы, дауыс беру күндері қор кеңсесіндегі интернеттің ішінара бұғатталуы мен техникалық ақаулар, негізсіз салықтық тексерулер, бақылаушылардың дербес деректеріне қатысты қысым көрсету әрекеттері және күштік құрылымдардың бақылаушылар қатарына жасырын қосылу талпыныстары болды», – делінген мәлімдеме.
Сондай-ақ, ұйым «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген кейбір нормалар құқық қолдану тәжірибесі тұрғысынан қосымша қауіп тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Қордың пікірінше, мұндай жағдайда сайлау науқанына қатысу қызметкерлердің, бақылаушылардың және еріктілердің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, ұйым жұмысына кері әсер етуі ықтимал.
«Осыған байланысты «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры алдағы Құрылтай сайлауында бақылаушыларды іріктемейді, сайлауға қатысты білім беру және ақпараттық іс-шаралар өткізбейді, сондай-ақ дауыс беру күні бақылаушыларға куәлік беріп, оларды сайлау учаскелеріне жібермейді», – дейді қор өкілдері.
Соған қарамастан ұйым мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығын жүзеге асыруға ұмтылатын азаматтарға алғыс білдіріп, оларды Human Rights Hub платформасы мен қордың өзге жобалары аясында ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.
Сайлауды бақылау – алдын ала қабылданып қойған шешімдерді заңдастыру процесіне қатысумен тең
«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Роман Реймер сайлаудың қазіргі сипаты жасанды, сайлауды бақылау – алдын ала қабылданып қойған шешімдерді заңдастыру процесіне қатысумен тең деп есептейді.
«Біріншіден, біз 2016 жылдан бері (тіпті одан да ерте) қорымызға мемлекеттік органдар мен басқа да саяси күштер тарапынан жасалған түрлі қысымдармен бірнеше рет бетпе-бет келдік. Бұл қысымдардың сипаты әртүрлі болды. Салықтық шабуылдардан бастап, ішке адам кіргізу әрекеттеріне, бақылаушыларды шеттетіп, алып тастауға дейін барды. Екіншіден, бұл сайлаулардың қазіргі сипаты, өкінішке қарай, әлдеқашан жасандылыққа айналып кетті. Осындай жағдайда сайлауды бақылау – алдын ала қабылданып қойған шешімдерді заңдастыру процесіне қатысумен тең. Ал ұлттық бақылаушылардың қатысуы сайлау заңнамасының бұзылуын болдырмауға ешқандай ықпал етпейді», – дейді ол.
Оның айтуынша, ұйым қандай да бір заң бұзушылықтарды анықтап, оларды сотта даулауға немесе оларға назар аудартуға тырысқанымен, бұл әрекеттердің ешқайсысы нәтиже бермеген.
«Төменгі буындағы учаскелік сайлау комиссиясынан бастап сот жүйесіне дейінгі бүкіл әкімшілік билік жүйесі бір ауыздан, үйлесімді жұмыс істейді. Сондықтан, дәл осы жағдайда біз сайлауды бақылаудың ешқандай мән-мағынасын көріп тұрған жоқпыз. Өз тарапымыздан бұл сайлауды заңды етіп көрсеткіміз келмейді», – дейді Роман Реймер.