Қазақтар қайғылы хабарды қалай жеткізген: күй, жоқтау және ишара
Қазақ қоғамында адам қазасы бүкіл отбасы, ағайын-туыс және ауылдың ортақ қайғысы саналған. Қаралы жаңалықты бірден, тура айтып салмай, адамның көңілін дайындап, сабырға шақырып жеткізген. Youth.kz қазақтың қазаға қатысты мәдениетінде естіртумен қатар, қаралы хабаршының келуі, жоқтау, дауыс салу, көңіл айту және тағы басқа бірнеше салт жайлы баяндайды.
Неге қайғылы хабарды астарлап жеткізген?
Өлім туралы хабарды бірден айтып салу адамның ауыр күйзеліске түсуіне әкелуі мүмкін деп есептелген. Сондықтан хабарды жеткізуші алдымен адамды сабырға шақырып, өмірдің өткіншілігін еске түсіріп, содан кейін ғана қазаны айтқан. Қайғыны жеке адамның басына тастап кетпей, оны бүкіл қауым болып бөлісу маңызды болған. Қаралы үйге ағайынның жиналуы, көңіл айтуы, жоқтау айтуы – осы әлеуметтік қолдаудың көрінісі.
Қазіргі қоғамда қаралы хабар көбіне телефон қоңырауы немесе қысқа хабарлама арқылы жеткізіледі. Ал дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай жаңалықтың өзі белгілі бір әдеппен, жауапкершілікпен хабарланған.
Қаралы хабарды кім жеткізген?
Адам қайтыс болған кезде оның ауылдастарына және алыстағы туыстарына арнайы хабар берілген. Мұндай хабарды жеткізуші кей деректерде «қаралы хабаршы» деп аталады. Ал қаза туралы хабарды марқұмның ең жақын туыстарына жеткізу аса жауапты іс саналған. Мұндай міндетті жасы үлкен, сабырлы, сөзі өтімді, елге сыйлы адамдарға тапсырған. Кей жағдайда бірнеше ақсақал бірге барған.
Қазақтың дәстүрлі түсінігінде қаралы хабарды жеткізушінің жүріс-тұрысының өзіне мән берілген. Мысалы, ол ауылға қарай атпен шауып кірмеуі керек болған. Атпен шауып келу немесе асығыс жету қайғылы жағдайдың белгісі ретінде қабылданған.
Естірту
Әлижан Тауұлы құрастырған «Қазақ салт-дәстүрлері» кітабында, нақтырақ айтқанда 323 беттен бастап, алда айтылатын ұғымдар жайлы көптеген деректер бар.
Естіртудің басты ерекшелігі – өлім туралы хабарды бірден тура айтпау. Хабар жеткізуші алдымен амандық-саулық сұрап, жағдайды түсіндіріп, өмірдің өткіншілігі туралы айтып, содан кейін ғана негізгі хабарға көшкен.
Мұндағы мақсат – адамды ауыр шындықты қабылдауға рухани немесе психологиялық тұрғыдан дайындау еді. Естірту барысында марқұмның жақсы қасиеттері айтылып, артында қалған адамдар сабырға шақырылған.
Қаралы хабар кейде өлеңмен жеткізілген
Қазақтың ауызша мәдениетінде қайғылы оқиғаларды өлеңмен де жеткізу кең тараған. Естіртуші адам кейде қаралы хабарды тұспалдап, салыстыру, метафора немесе философиялық ой арқылы айтқан. Мысалы, адамның өмірден өтуін «дүниеден қайту», «бақиға аттану», «қайтар жолға кету» сияқты ұғымдармен жеткізу осы дүниетанымның тілдегі көрінісі болды.
Бұл хабарды жасырғаннан гөрі, оны адамның қабылдауына мүмкіндік беретін тәсілге айналды: хабар жеткізуші бір жағынан қазаны айтса, екінші жағынан артында қалған адамға сабыр беруге тырысқан.
Жоқтау
Жоқтау – қайтыс болған адамды сағынышпен, мұңмен еске алып, оның өмірі мен жақсы қасиеттерін жырлау. Қазақтың дәстүрлі қоғамында жоқтау көбіне әйелдер тарапынан орындалғанымен, оның түрлері мен орындалу ерекшелігі өңірге және жағдайға қарай өзгеріп отырған.
Жоқтаудың ерекшелігі – марқұмның кім болғаны, елге немесе отбасына қандай еңбегі сіңгені, артында кімдері қалғаны туралы сөздер айтылуы. Сондықтан жоқтауды қайтыс болған адам туралы ауызша тарихи жадының бір түрі деп те қарастыруға болады. Зерттеулерде жоқтаудың «дауыс» немесе «жылау» деп те аталғаны көрсетіледі.
Дауыс салу
Қаралы үйге келген кезде қайғыны дауыс арқылы білдіру де дәстүрлі рәсімдердің бірі болған. «Дауыс салу» дегенде адамның қайтыс болғанын айтып, қатты дауыспен жылау, марқұмның атын атап, оның қазасына өкініш білдіру сияқты әрекеттер түсініледі.
Қаралы үйге келген адамдардың дауыс салуы арқылы марқұмның өмірі мен оған деген құрметі еске алынған.
Күймен жеткізілген қаралы хабар
Қазақ мәдениетіндегі ең мағыналы ерекшеліктердің бірі – қайғылы оқиғаны музыка арқылы жеткізу.
Бұған ең танымал мысал ретінде «Ақсақ құлан» күйіне байланысты аңызды айтуға болады. Аңыз бойынша, Шыңғыс ханның ұлы Жошы аңшылық кезінде қаза тауып, ханға бұл хабарды тура айтуға ешкімнің батылы бармайды. Сонда домбырашы баласының өлімін күй арқылы жеткізеді.
Шыңғыс хан күйді тыңдау арқылы болған оқиғаны түсінеді. Осылайша домбыраның үні сөздің орнын басады.
Каспий теңізіндегі жаттығулар кезінде 14 әскери қызметкер қаза тапқаннан кейін, Threads пайдаланушылары бұл оқиғаны белсенді түрде талқылап жатыр. Көпшілігі трагедияның мән-жайын тергеуді талап етіп, сарбаздардың қазасы туралы туыстарына қалай хабарланғанын атап өтуде. Youth.kz әлеуметтік желі пайдаланушыларының пікірлер жинағын жасады.