Қазақстанда аза тұту күні жарияланды: Каспийде 14 жас әскери қызметші қаза тапты

24 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінің жағалауында жас әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, бұған ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюі себеп болған. Соның салдарынан 19 бен 23 жас аралығындағы 14 адам қаза тапты. Youth.kz оқиға туралы баяндайды.

Оқиға қалай болды?

Қорғаныс министрлігінің Telegram арнасында әскери қызметшілер Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығуға қатысқаны жазылған. Оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан адамдарды теңіз алып кеткен.

Нақтыланған мәлімет бойынша, теңізге 17 жас әскери қызметші түскен. Үшеуі құтқарылды, олардың бірі ауруханаға жатқызылды. 12 әскери қызметші қаза тапты. Тағы екі адамның денесі бүгін таңертең судан шығарылды. Барлығы 14 адам көз жұмды.

Оқиға орнында Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігі, авиация және басқа да құтқару қызметтері жұмыс істеді. Іздеу-құтқару операциясы тәулік бойы жүргізілді.

Оқиға орнында Үкіметтік комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті. Бұған дейін ол жаққа Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған Қорғаныс министрлігінің комиссиясы да жіберілген.

Кімдер қаза тапты?

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Олардың арасында 23 жастағы аға лейтенант Олжас Мұхтарұлы, сондай-ақ 11 матрос бар:

  • Аяпберген Сержан Талғатұлы – 20 жаста;
  • Өмірзақ Өмірбек Өмірболатұлы – 19 жаста;
  • Көбенов Алмас Жүсіпұлы – 20 жаста;
  • Төлеген Ақылбек Қабденұлы – 19 жаста;
  • Темірғалиев Жеңіс Тлеуұлы – 21 жаста;
  • Бердіханов Мейрамбек Ермұханұлы – 20 жаста;
  • Жаңабай Әсет Саматұлы – 20 жаста;
  • Мәдіхан Азамат Болатбекұлы – 19 жаста;
  • Бегей Дастан Нұрболұлы – 19 жаста;
  • Гилаж Ақжайық Болатбекұлы – 20 жаста;
  • Диханбаев Олжас Тәжібайұлы – 20 жаста.

Қаза тапқандардың кейбірі туралы әлеуметтік желілерде ақпарат пайда болды. Мәселен, Threads желісінде crab.803395 атымен тіркелген қолданушы Азамат Мәдіхан, Әсет Жаңабай және Дастан Бегейдің суреттерін жариялаған. Әскери қызметшілердің үйіне қайтуына небәрі бір апта қалған.

Сондай-ақ, Сержан Аяпберген туралы ақпарат тарады. Ол Маңғыстаудағы «Жас Батыр» спорт мектебінің тәрбиеленушісі болған, самбо және дзюдомен айналысқан, Қазақстан чемпионаты мен студенттер арасындағы ТМД ойындарында жүлдегер атанған, халықаралық турнирлерге қатысқан.

Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды

Мемлекет басшысының өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстанда әскери қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті материалдық және басқа да көмек көрсетілетіні айтылды. Уәкілетті органдар сондай-ақ болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бұған дейін Youth.kz Қазақстандағы әскерге шақырылушылардың құқықтары және әскери қызмет өткеру тәртібі туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз