Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға: қаза тапқандардың отбасылары қандай көмек алады?
Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін олардың отбасыларына кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері көмек көрсете бастады. Бірі іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барып, азық-түлік жеткізсе, енді бірі қаржылай қолдау көрсететінін жариялады. Youth.kz қаза тапқандардың отбасыларына кімдер көмек көрсетіп жатқаны және қандай көлемде қаржы бөлінетіні туралы баяндайды.
Әзербайжан диаспорасы іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барды
Ақтау қаласындағы «Достлуг» әзербайжан диаспорасының өкілдері іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқан жерге барып, құтқарушылар мен басқа да жұмысқа қатысып жатқан адамдарға тамақ пен су жеткізді.
Диаспора өкілі Эльмир Шахсуваров Ulysmedia берген сұхбатында қайғылы жағдай туралы хабар жеткеннен кейін Ақтауда тұратын әзербайжандар бірден оқиға орнына барып, көмек көрсетуді ұйғарғанын айтты. Оның сөзінше, азық-түлік пен суды диаспора өкілдері жинаған, әркім өз мүмкіндігіне қарай үлес қосқан.
Шахсуваров сондай-ақ іздестіру-құтқару операциясы аяқталғанға дейін оқиға орнында қалуды жоспарлап отырғандарын айтты.
Диаспора өкілі бұл көмектің тек 2024 жылғы желтоқсанда Ақтау маңында болған AZAL ұшағының апатымен байланысты емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, әзербайжандар Қазақстанда тұрып, еңбек етеді және осындай жағдайда адамдарға қолдау көрсетуді өздерінің міндеті деп санайды.
Шахмурат Муталип әр отбасына 25 млн теңгеден бөледі
Қаржылай көмек көрсететінін алғашқылардың бірі болып кәсіпкер әрі Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Шахмурат Муталип Instagram парақшасында жариялады.
Integra Construction KZ компаниясы қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөледі. Муталип бұл көмектің нақты отбасыларға берілетінін және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға қосымша екенін атап өтті.
Андрей Лаврентьев те 25 млн теңгеден бөледі
Бұл бастамаға Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев те қосылды. Ол қаза тапқан әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлетінін мәлімдеді.
Ғаджи Ғаджиев 100 млн теңге бөлетінін жариялады
Қазақстан Халық Кеңесінің тағы бір мүшесі, SA Construction Group бас директоры Ғаджи Ғаджиев Instagram парақшасында қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету үшін 100 млн теңге бөлетінін хабарлады.
Кеңестің 17 мүшесі жалпы 815 млн теңге бөледі
Кейін қаржылай көмек бірнеше кәсіпкермен ғана шектелмейтіні белгілі болды. Бастамаға Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі қосылды. Жалпы алғанда, олар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге бөлмек. Қаражат тікелей отбасыларға берілуі тиіс.
Муталип, Лаврентьев және Ғаджиевтен бөлек, тізімге мыналар кірді:
- Жұмабек Жанықұлов – 50 млн теңге;
- Бақыт Атайбеков – 10 млн теңге;
- Дмитрий Лактюшин – 10 млн теңге;
- Ақбаржон Исмаилов – 10 млн теңге;
- Имамзада Шағыртаев – 10 млн теңге;
- Геннадий Зенченко – 5 млн теңге;
- Александр Куприенко – 5 млн теңге;
- Сырым Ертаев – 5 млн теңге;
- Лугмар Буларов – 5 млн теңге;
- Николай Арсютин – 1 млн теңге;
- Рафаил Гаджибалаев – 1 млн теңге;
- Манас Ташыбеков – 1 млн теңге;
- Латипша Асанов – 1 млн теңге;
- Абдулла Исматуллаев – 1 млн теңге.
Мемлекет те көмек көрсетеді
Жеке қайырымдылықтардан бөлек, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекет те көмек көрсетеді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің сайтында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев әр қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек пен қажетті қолдау көрсетілетінін айтқаны жазылған. Алайда мемлекеттік төлемнің нақты мөлшері әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Бозымбаев сондай-ақ қайғылы оқиғаның мән-жайы барынша мұқият тексерілетінін мәлімдеді. Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, ал үкіметтік комиссия оқиғаның себептерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Осы уақытта қаза тапқан әскери қызметшілердің бірінің туыстары Ақтаудағы аурухананың алдында кезекшілік етіп отыр. Блогер әрі журналист Азамат Сарсенбаев Instagram парақшасында сарбаз Темірхан А. апаттан өздігінен шыға алғанын, алайда оған дейін суға батып кеткен досын шамамен жарты сағат бойы іздегенін жазды.