Линдси Грэмнің орнына АҚШ Конгресінде оның қарындасы қызмет етеді
АҚШ-та қайтыс болған Оңтүстік Каролина штатынан сайланған республикалық сенатор Линдси Грэмнің міндетін енді оның туған қарындасы Дарлин Грэм Нордон атқарады.
«Азаттық радиосының» хабарлауынша, бұл туралы штат губернаторы Генри Макмастер мәлімдеген. Губернатордың айтуынша, Дарлин Грэм Нордон ағасының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін сенатор қызметін атқарады. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та дәл осы кандидатураны қолдап, мұндай шешім Линдси Грэмге көрсетілген «тамаша құрмет» болатынын айтқан.
The Washington Post басылымының жазуынша, Дарлин Грэм Нордонның саясатта тәжірибесі жоқ, сондай-ақ оның саяси көзқарастары туралы да көп мәлімет жарияланбаған.
Өз кезегінде Дарлин Грэм Нордон бұл тағайындауды «үлкен мәртебе» деп бағалап, ағасы бастаған маңызды жұмыстарды аяқтау үшін бар күшін салатынын жеткізді.
Ал келесі мерзімде сенаторлық қызметті кім жалғастыратынын америкалық сайлаушылар 3 қарашада өтетін Конгреске аралық сайлау барысында анықтайды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың жақын серіктерінің бірі саналатын Линдси Грэм сенбі күні кешке Вашингтонда 71 жасында қайтыс болды. Ол бұған дейін Украинаға жасаған сапарынан оралған болатын.
Сенатор аппаратының алдын ала мәліметінше, өлімге атеросклерозға байланысты дамыған қолқаның (аортаның) қабырғасының ажырауы себеп болған.
Линдси Грэм Ресей мен Иран билігінің сыншысы әрі АҚШ-тың күшіне сүйенетін белсенді сыртқы саясатының жақтаушысы болды. Ол Украина мен Израильді қолдады. Оңшыл бағыттағы белгілі белсенді Лора Лумер мен қаржыгер Уильям Браудерді қоса алғанда бірқатар сарапшы Грэмнің өлімінің күмәнді сипаты бар екенін айтып, оның мән-жайын тергеуге шақырды. Олар, атап айтқанда, Кремльге тағылған Ресей билігінің саяси қарсыластарын улау оқиғаларын және Мәскеу мен Тегераннан Грэмнің атына айтылған қоқан-лоқыларды мысалға келтірді.