Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі бақылаушыларды аккредиттеу рәсімін цифрландыруды ұсынды

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі бақылаушыларды аккредиттеу рәсімін цифрландыруды ұсынды. ҚЖАҚ ұйымның атқарушы директоры Талғат Меңдібаймен тілдесіп, мәселенің мән-жайын білді.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі жастарды адам құқықтары бойынша оқытып, оларды азаматтық қоғамға тартады. Қазақстанның дамуына өз уақыты, білімі мен күш-жігерін жұмсауға дайын жастарды біріктіретін орта.

Ұйым 1998 жылдан бері «Жас сайлаушылар лигасы» жобасы аясында сайлауды бақылаумен айналысып келеді. Жоба шеңберінде жастарға сайлау үдерістері, тәуелсіз бақылау жүргізу және сайлау құқықтарын қорғау бойынша оқыту өткізіледі. 

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі бақылаушыларды аккредиттеу рәсімін цифрландыруды ұсынды. Атқарушы директоры Талғат Меңдібаймен тілдесіп, мәселенің мән-жайын білді.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі  кез келген бақылаушының сайлау учаскесіне бара алатын құқығы болуы керек деп есептейді.

«Биыл Қазақстанда цифрландыру жылы. Бізде бақылаушыларды аккредиттеу рәсімін цифрландыру идеясы пайда болды. Мәселен, заңды ұйымның электронды кілті болады. Ол қазір кез келген адамда да болады. Ұялы телефонға қондырып қоюға да болады, сайт арқылы да қолдануға болады. Кез келген адам сайлауда бақылаушы болғысы келсе, біздің ұйымға egov арқылы өтініш бере алады. Ол азамат біздің ұйыммен жеке таныс болса, ниетін білсе, бізден оқытудан өтсе,  оған электронды түрде аккредитация беруге болады. Сөйтіп, кез келген бақылаушының сайлау учаскесіне бара алатын құқығы болуы керек», – дейді Талғат Меңдібай.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің атқарушы директоры осы тұрғыдан сайлау туралы заңға өзгерістер енгізіп, ұсыныстар беру керектігін айтады.

«Бұл ұзақ процесс шығар, дегенмен сайлау процесінің айқын және таза болуына бақылауды цифрландыру мүмкіндік берер еді. Біздің ұйымдардың басты кеңсесі Алматыда болғанымен, бақылаушылар Ақтауда, Қостанайда және Қазақстанның түкпір-түкпірінде, кейбір елдімекендерде жүреді. Оларға аккредитация жіберудің өзі поштамен бірнеше күнді алады. Экспресс поштамен үш күнді алады, капитандық әуе поштасы арқылы 1,5-2 сағатты алады. Дегенмен, ол жақта да алып кету, логистика мәселе тудырады. Ал электронды түрде берсе, жеке куәлігі арқылы ұйымның берген аккредитациясын көрсетеді де, учаскеге барып отыра береді.Қазіргі заңның реттілігі бойынша бақылаушы өзінің куәлігі, ұйымның аккредиттеуден өткен куәлігі, одан кейін ұйымның өзіне берген аккредитациясын, сонымен қатар соның ішінде жолдамасын бір участкеге жібереді», – дейді Талғат Меңдібай.

Маман бақылаушы адам кез келген учаскеге баратын құқығы болуы керек деп есептейді.

«Әрине, бір учаскеде отырған жақсы, бірақ бақылаушы тек бір жерге қадалып қалмауы керек деп есептеймін. Мысалы, оған бір учаске берілгенімен, ол тіркеуде болмай шығуы мүмкін. Сондықтан, заңнамаға бақылаушы аккредитация арқылы кез келген учаскеге бара алады деген өзгеріс енгізу керек. Біз осы ұсынысты Орталық сайлау комиссиясы мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жібердік. Сонымен қатар, ол хатты Мәжіліс пен Сенатқа да жібердік. Мәжіліс хатты Орталық сайлау комиссиясына, Сенат министрлікке жолдаған. Алайда Орталық сайлау комиссиясы мен министрлік те бұл біздің құзыретімізге кірмейді, заңнамаға өзгеріс енгізу керек деп жауап берді. Сондықтан, біз бұл мәселені ары қарай толықтырып, ұсынатын боламыз. Өйткені бұл идея, азаматтық қоғамның дамуына ықпал ететін дүние деп есептейміз», – дейді ол.

Қазіргі уақытта ұйым жаңа шақырылымдағы Парламенттің жұмысы басталғаннан кейін осы заңнамалық бастаманы депутаттардың қарауына ұсынуды жоспарлап отыр. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз