Қазақстанда жас ғалым мәртебесін алу үшін белгіленген жас шегі ұлғайтылды

Қазақстанда жас ғалым мәртебесін алу үшін белгіленген жас шегі көтерілді. Енді ғылыми, ғылыми-зерттеу немесе ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 10 жылдан аспайтын, 44 жасқа дейінгі (қоса алғанда) зерттеушілер мемлекеттік гранттарға, ғылыми стипендияларға және басқа да мемлекеттік қолдау шараларына үміткер бола алады. Сонымен қатар, ғылыми еңбек өтілін есептеу кезінде бала күтіміне байланысты үш жасқа дейінгі демалыс кезеңі есепке алынбайды. Бұл өзгерістердің мақсаты – ғылымға кешірек келген немесе ғылыми дәрежесін кейінірек алған зерттеушілерге мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігін кеңейту. 

24 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым, ғылымды қажет ететін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Қабылданған түзету туралы бұрынғы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында хабарлап, енді жас ғалымдарға арналған мемлекеттік гранттарға, стипендияларға және басқа да қолдау шараларына әлдеқайда көп зерттеуші үміткер бола алатынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, көптеген зерттеушілер PhD дәрежесін 30-32 жас шамасында алады, ал медицина сияқты ұзақ даярлықты қажет ететін бағыттарда бұл кезең одан да кеш келеді. PhD докторы атанып, нағыз тәжірибе жинап, үлкен зерттеулерді бастаған шағында ғалымдар 35-ке толып үлгеретін. Салдарынан ең өнімді жұмыс істейтін шағында олар жас ғалымдарға арналған мемлекеттік гранттардан, стипендиялардан, тіпті баспана бағдарламаларынан қағылып қалатын.

«Осы жасанды шектеудің кесірінен қаншама дарынды маман ғылымнан кетіп қалды. Енді біз бұл әділетсіздікті өзгерттік. Заңдағы жаңа ұғым: Жас ғалым - жасы 44-ті қоса алғанда ғылыми жұмыс өтілі 10 жылдан аспайтын (бала күтіміне байланысты 3 жылға дейінгі демалыс уақытын есептемегенде) зерттеуші», – дейді экс-депутат.

Бұл өзгеріс нақты не береді?

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді жас ғалымдарға арналған миллиардтаған теңге бөлінетін арнайы мемлекеттік гранттық конкурстарға 44 жасқа дейінгі (қоса алғанда) зерттеушілер де тең дәрежеде қатыса алады. Басты шарт – ғылыми еңбек өтілі 10 жылдан аспауы тиіс.

«Гранттарға жол ашылады. Жас ғалымдарға арналған миллиардтаған теңгенің арнайы мемлекеттік гранттық байқауларына енді 44 жастағы зерттеушілер де тең құқылы қатыса алады (ғылыми жұмыс өтілі 10 жылдан аспайтын). Арнайы стипендиялар. Жас ғалымдарға арналған мемлекеттік стипендияларды иеленуге толық құқық беріледі. Жаңа заң ғалымдарымызға жаңа серпін береді. Біз мәселе көтерсек, оны заңдағы нақты нормалар арқылы шешеміз», – деп жазды ол. 

Қазіргі таңда Қазақстанда ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Ғылыми әлеуетті арттыру, инновацияларды дамыту және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында жас ғалымдарға арналған түрлі бағдарламалар, гранттар мен халықаралық жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл мүмкіндіктер жас зерттеушілердің кәсіби дамуына, ғылыми идеяларын іске асыруына және халықаралық ғылыми ортаға шығуына жол ашады. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз