Әйелдер мен балалар көбіне өз үйінде зорлыққа ұшырайды
Зорлық-зомбылық көбінде көшеде немесе қоғамдық орындарда емес, үйде жасалады. Көбіне әйелдер мен балаларға күйеуі, бірге тұратын серіктесі немесе басқа да отбасы мүшелері зорлық көрсетеді. Сондықтан олар үшін ең қауіпті орын – өз үйі. Human Rights Lawyers қоғамдық қорының 2024 жылы жүргізген зерттеуінде осындай деректер келтірілген.Аталмыш қоғамдық қордың президенті Ләззат Рақышева youth.kz-ке сұқбат беріп, әрбір төртінші адамды туысы зорлағанын мәлімдеді.
Human Rights Lawyers қоғамдық қорының «One-Stop-Service» «Бір қадам» жобасы аясында жүргізілген зерттеуінде соңғы 12 айда түскен өтініштерді талдау тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбіне жақын туыстар тарапынан жасалатынын көрсеткен. Психологиялық және физикалық зорлық-зомбылық көрсететіндердің қатарында әке, өгей әке, аға, іні, атасы және басқа да ер адамдар жиі кездеседі.
Талдауға алынған 548 өтініштің ішінде 298 жағдайда зорлық-зомбылықты отбасы мүшелері жасаған. Сондай-ақ туыстар, көршілер, интимдік серіктестер, достар және басқа таныстар тарапынан жасалған 235 жағдай тіркелген.
Бұл деректер зорлық-зомбылықтың көп жағдайда бейтаныс адамдардан емес, адамның өзіне ең жақын адамдардан келетінін көрсетеді. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету және отбасындағы қауіпсіздікті күшейту маңызды.
«Отбасы мүшелері тарапынан жасалған зорлық-зомбылық (ата-анасы, өгей әкесі, көкесі, ағасы, інісі, атасы және басқа да жақын туыстары) бойынша 298 жағдай тіркелді. Бұл барлық тіркелген жағдайлардың 30,2%-ын құрайды. Яғни, көмекке жүгінгендердің әрбір үшіншісі өз отбасы мүшелерінің тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Таныс адамдар тарапынан жасалған зорлық-зомбылық (туыстары, көршілері, интимдік серіктестері, достары) бойынша 235 жағдай анықталды. Бұл жалпы жағдайлардың 23,8%-ын құрайды. Демек, әрбір төртінші адам өзіне таныс адамдардың тарапынан зорлық-зомбылық көрген. Көмекке жүгінгендердің әрбір төртіншісі әкесі, өгей әкесі, көкесі немесе ағасы сияқты отбасы мүшелері тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан», – дейді аталмыш қоғамдық қордың президенті Ләззат Рақышева.
2024 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшіне енді
2016 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Рақышева педофилдерге өлім жазасын беруді ұсынған.
«Мен осы қызметке келгенде талай петиция жазып, Президент әкімшілігіне ұсыныс жасадым. Педофилдерге өлім жазасын сұрағанмын. Ол кезде заңгер мамандығын бітіріп жатқан кезім еді. Кейін өлім жазасын кіргізбейтінін түсіндім. Бірақ, одан бері заң әлдеқайда жетілдірілді. Кезінде балаларға азғындық жасағандарға өмір бойына соттау жазасы болған жоқ. Қазір ол жаза бар. 2024 жылдан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтілді. Былтырдан бастап сталкингке қарсы заң күшіне енді. Қыз алып қашқандарға да жаза күшейтілді. Заң жақсы жағына қарай өзгеріп жатыр», – дейді маман.
Заңгер қоғамның жәбірленушінің өзін кіналап үйреніп қалғанын айтады.
«Бізде қоғам әйелді кіналауды үйреніп алған.Әйелді ұрып жатса, өзінің тілінен болған шығар деп қарайды. Қыз көмектесіңдер деп айқайласа, ешкім көмекке келмейді, себебі қалыпты жағдайдай қарайды.Бала зорланса да, ол жерге бармау керек еді, түн ішінде не істеп жүр деп сөгеді. Қыздың өзіне байланысты, қысқа киінген шығар дейді. Қысқа киінбеген 2,5 жастағы баланы зорлаған жағдай бар. Өз әкесі зорлаған. Бізге келіп түскен арыздардың 90%-ында туған әкесі, атасы, ағасы, жездесі, өгей әкесі, көршісі мен танысы зорлағаны айтылады. Ол киімнен болатын жағдай емес. Біреулерге екінші рет неге күйеуге тиесің деп тиіседі. Ол қайдан біледі. Педофил деген өте қу, ақылды, бәрін ойластырып жасайды. Екінші рет тұрмыс құрған әйелдерді әдейі баланың көзінше сындырады. Бала сосын менің анамды ұрып-соқса, мені қайдан анам қорғайды деп ойлап, көп бала қорлық көрсе де, үндемей шыдап жүре береді», – дейді ол.
Педофилге полицейлер мен тергеушілер жақтасады
Ләззат Рақышеваның айтуынша, педофилді полицейлер қорғап, істі жауып тастауы елде жүйелі түрде жемқорлық бар екенін көрсетеді.
«Басқа елдермен салыстырсақ, 2023 жылы Америкада тәжірибе алмасу мақсатында бір ай болдым. Онда жәбірленушіге бір жерде көмек көрсетіледі екен. Жан-жақтан тергеуші, психолог, сарапшы келіп көмек көрсетеді. Ол жемқорлыққа жол берілмейтінін білдіреді. Бізде арызды қабылдамады дейді ғой, меніңше тергеушілер мен полицейлер сол педофилге барып, онымен келісіп алады. Өйткені, тергеу кезінде үйін жанталасып сатып жатады. Ол жемқорларға ақша беру үшін солай істейді деген сөз. Жазадан құтылу үшін бәрін жасайды, бар дүние-мүлкін сатады. Өкінішке қарай, жәбірленушіге неше түрлі қиянат жасалады. Педофилді қорғайтындар бар дәлел бола тұра, оны қорғайды, баланы кінәлайды. Сөйтіп істі жауып тастайды», – дейді заңгер.
Қоғам белсендісінің айтуынша, құқық қорғау органдарында өз жұмыстарына салғырт қарайтындар көп.
«Нақты жұмыс алгаритмі жоқ, арызды уақытында қабылдамайды, кешіктіріп қабылдайды, жәбірленушіге дер кезінде іс қозғалмайды, құжаттарды толық тексермейді, жинамайды, дұрыс рәсімдемейді. Оған қысым көрсету, сенбеу түрлі салада бар. Алдын алу шараларын орындамау, күдіктіні уақытша ұстау – осының бәрі үлкен мән беретін дүниелер. Халықтың құқықтық сауатын арттырып, қоғам болып күрессек, сонда зорлық-зомбылық тоқтайды деп ойлаймын. Тек үлкен қалаларда тренинг өткізіп қана қоймай, ауыл-аймақтың бәрін аралап, қарапайым халықтың сауатын ашып, нені білу қажет екенін түсіндіру керек. Тегін құқықтық кеңес беру керек. Бұған тек Үкімет жауапты емес, бүкіл қоғам болып жұмылып атсалысуымыз керек», – дейді ол.
Зорлық туралы айту ұят емес
Құқық қорғаушы зорлық туралы айту ұят емес, оны ашық айтқан дұрыс деп есептейді.
«Менталитетке жат дегенді қою керек. Мұндай қылмысқа баратындар ішімдік ішіп, есірткі шегетіндер ғана емес, кәдімгі саналы азаматтар да бар. Полиция, әкім, тіпті депутат та бар. Оған таңқалмайтын болдық. Айтпа, айтқан сайын көбейеді, өз бетімен кетсін дейтіндер бар. Керісінше, айтқан сайын адамдар түсінеді екен. Маған көп адамдар жазып, алғысын айтатын болды. Сіз айтқан соң балаларыма қарайтын болдым, біреудің үйіне қондырмайтын болдым, балама қорғануды үйрететін болдым деп жазып жатыр. Яғни, бұл мәселе ашық айтылған сайын қылмыс та азаяды деген сөз», – дейді маман.
Заңгер әйелдері балаларына қарсы шығып, сол педофилді өздері қорғайтынын да айтады.
«Жала жаптың, оңбаған, саған ақша керек болды, менің күйеуім ондай емес деп шығады. Онымен қоймай, көршілері керемет адам деп мінездеме береді. Сондайда қатты ашуым келеді. Былтыр Алматы облысында осындай жағдай болды. Өзінің екі туған қызын қорлаған адам 25 жылға сотталды. Біреуін он жасынан, екіншісін он бес жасынан бастап зорлаған, 22-23 жасқа дейін зорлаған. Сонда қыздарына сендерді өзім үшін тудырдым деген. Біреуін әйелдікке алмақ болған екен. Соңында екі қыз әкесінен қашып құтылған.Анау еркектің бес әйелі болған. Мектепке келмегені үшін қыздарды мұғалімдер де тексермеген. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар да, мектеп те жауапсыздық танытқан. Тексеріп, шара қабылдаса, осындай іс болмас па еді. Жамбыл облысында нағашы ағасы зорлаған 12 жастағы қыз психологқа барып, бар шындықты айтады. Қызды тексерсе, бәрі расталады. Куәгерлер бар, соған қарамастан, баланың сөзіне сенбей, істі қысқартып тастаған. Он жылдан кейін бізге келіп тұр. Бәрін тексерсек, ол еркек өз туған қызын ұзақ уақыт зорлаған, әйелінің досының қызына зорлық көрсеткен болып шықты. Дер кезінде осы педофилді соттағанда ешкім зорлық көрмеуші еді», – дейді ол.
Ләззат Рақышева жылда екі мыңнан астам адамнан шағым түссе, соның елу-алпысының сотына қатысатынын айтады.
«Қасымдағы адвокаттармен бірге қаншама педофилді темір торға тоғыттық, сөйтіп қаншама баланы қауіп-қатерден сақтап қалдық. Өкінішке қарай, сол зорланған балаларға психологиялық көмек көрсетілмейді. Жоқ дегенде 5-6 жыл психологиялық көмекті тегін көрсету керек. Ата-аналардың жағдайы жоқ, сот біткен соң бәрі жайында қалады. Ертең ол баланың тағдыры қалай болады, онымен жұмыс жүргізіп жатқан ешкім жоқ. Жалпы елімізде зорлық-зомбылықпен жұмыс істейтін мықты психологтар өте аз, санаулы ғана. Еліміздегі орталықтарда сауатсыз, тәжірибесі жоқ мамандар жүр. Сол жағын да түзету керек. Мықты психолог, сексолог, гинеколог мамандарды тарту керек», – дейді маман.