Қазақстанда түнгі тыныштық заңмен қорғалады

Түн ортасындағы жөндеу жұмыстары, терезе астындағы қатты музыка мен айқай-шу – бұл жай ғана әдепсіздік емес, әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сәйкес, түнгі тыныштықты бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Youth.kz түнгі тыныштықты бұзғандарға қандай шаралар қолданылатынын және заң бұзушыларға қалай шағымдануға болатынын анықтап көрді.

Не тыныштықты бұзу болып саналады?

  • түнгі уақытта қатты музыка қою, айқайлау, тарсылдату, жөндеу жұмыстарын жүргізу, техниканы пайдалану;
  • тұрғын үйлерде орналасқан барлар, караоке, автожуу орындары мен шеберханалардан шығатын шу;
  • санитариялық нормалардан асып кететін шу деңгейі (күндіз 55 дБ-ден, түнде 45 дБ-ден жоғары). 

Қашан шулауға тыйым салынады

  • Жұмыс күндері 22:00-ден 09:00-ге дейін
  • Демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін

Тыныштықты бұзғаны үшін қандай жаза бар

2026 жылы айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері 4 325 теңге болады. Бұл көрсеткіш қазақстандықтардың тыныштығын бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлеміне тікелей әсер етеді.  

  • Алғаш рет бұзғанда 5 АЕК, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады
  • Қайталанған жағдайда 10 АЕК, яғни 43 250 теңге айыппұл салынады
  • Бизнес субъектілері үшін жаза қатаңырақ, айыппұл мөлшері жоғары, тіпті қызметін уақытша тоқтатуы мүмкін. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Терезе түбінде салют ату

  • рұқсат етілмеген жерлерде фейерверк атқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге, пиротехниканы тәркілеумен (ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы);
  • егер салют түнгі уақытта атылып, тыныштықты бұзса 437-бап қолданылады, бұл 5 АЕК,  21 625 теңге айыппұл салынады.

Көршілер ұйықтауға мүмкіндік бермесе не істеу керек?

  • Бейбіт түрде сөйлесіңіз. Кейде адамдар өз әрекеттерінің қаншалықты қатты естілетінін байқамайды.
  • Құқық бұзушылықты тіркеңіз. Уақыты көрсетілген бейне немесе аудиожазба жасаңыз, көршілердің қолдарын жинаңыз.
  • 102 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз. Полиция келіп, ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша хаттама жасауға міндетті.
  • Жазбаша өтініш беріңіз. Егер шара қолданылмаса, өтінішті eGov.kz, Digital Police арқылы немесе учаскелік полиция қызметкеріне жолдаңыз.
  • Жоғары органдарға шағымданыңыз. Полиция әрекетсіз болса, прокуратураға немесе ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаментіне жүгініңіз. 

Балалардың шулауына байланысты жауапкершілік

Заң кәмелетке толмағандарға қатысты ерекшелік қарастырмайды.

  • түнгі айқай, жүгіріс, ойындар да тыныштықты бұзу болып есептеледі. Алғашқы шағым кезінде полиция көбіне профилактикалық әңгімемен шектеледі;
  • шағым қайталанса, айыппұл ата-анасына немесе заңды өкілдеріне салынады.

Сонымен қатар мұндай жағдайларда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабы қолданылуы мүмкін.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабы 

Бұл бап кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектерсіз жүруіне жауапкершілік қарастырады.

  • 16 жасқа дейінгі балалардың көшеде жүруі;
  • 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында болуы.

Түнгі уақыт 23:00-ден 06:00-ге дейін.

Жауапкершілік ата-аналарға, заңды өкілдерге, сондай-ақ құқықбұзушылыққа жол берген мекеме иелеріне жүктеледі. Жаза түрлері ескерту немесе әкімшілік айыппұл, ал қайталанған жағдайда айыппұл қарастырылады.

Егер шу дәмхана немесе автожуудан шықса

Мұндай жағдайда тек ӘҚБтК-нің 437-бабы ғана емес, санитариялық нормаларды бұзғаны үшін 425-бап та қолданылады. Тексеруді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары жүргізеді. Олар ірі көлемде айыппұл салып, тіпті мекеменің қызметін уақытша тоқтата алады.

Білу маңызды

  • Шу деңгейін өлшеуді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері жүргізеді.
  • Полиция құқық бұзушылықты тіркеп, материалдарды сотқа жіберуге міндетті.
  • Шағымдар 15 күн ішінде қаралады.
  • Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін айыппұл ұлғайтылып, мекеме қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін. 
Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз