Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қазақстандықтар әлеуметтік желіде не талап етті?

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, командалық шешімдер және жауапты тұлғалардың әрекеті қызу талқылана бастады. Толығырақ Youth.kz материалында.

Threads пен Instagram желілеріндегі жазбаларға қарағанда, қоғамдағы сұрақтар тек «бұған кім кінәлі?» деген мәселемен шектелмейді. Қолданушылар қайғылы жағдайдың қалай болғанын ашық түсіндіруді, жауаптыларды анықтауды және армиядағы қауіпсіздік жүйесін қайта қарауды талап етіп отыр.

«Олардың үйлеріне қайтуға бір аптасы қалды, бірақ олар бейбіт уақытта қайтыс болды. Алдын ала дауыл туралы ескерту болды! Мұндай жағдайда жаттығулар өткізуді кім шешті?», – деп amiisarra сұрақ қойды.

«Ата-ана баласын жерлеуі – табиғи нәрсе емес»

Трагедияға байланысты пікір білдіргендердің бірі – киносыншы, философия ғылымдарының кандидаты Олег Борецкий. Ол Instagram желісіндегі жазбасында әскери қызмет кезінде қаза тапқан жастардың ата-аналарына көңіл айтып, жауапкершілік мәселесін көтерді. 

Сонымен қатар, ата-аналардың өз балаларын жерлеуіне тура келуін табиғатқа қайшы жағдай деп атады. Оның пікірінше, жауапсыздыққа жол беріліп, адамдардың өліміне әкелуі мүмкін шешімдер қабылданатын қоғамның болашағы жоқ.

«Ата-аналардың балаларын жерлеуі – табиғатқа жат нәрсе. Қылмыстық жауапсыздық үстемдік құрып, өлімге апаратын бұйрықтар берілетін қоғамның болашағы жоқ», – деп жазды ол.

Қайғылы хабардың қалай жеткізілгені де сынға алынды

Трагедиядан кейін әлеуметтік желіде әскери қызметшінің қағаздан мәтін оқып тұрған видеосы тарады. Видео қолданушылар арасында ақпаратты жеткізу тәсіліне қатысты пікірталас туғызды. Әсіресе қаза болғандардың туыстарына қайғылы хабардың қалай жеткізілгені және мұндай жағдайда отбасыларға қаншалықты қолдау көрсетілгені туралы сұрақтар қойылды.

«Қалайша қоршаудың арғы жағында отырып, бейбіт уақытта жаттығулар кезінде балаларының, ағаларының, жиендері мен немерелерінің қаза тапқанын айтып, соншалықты қатыгез бола аласыздар?» – runia_t жүректегі қайғысын айтты.

Олардың пікірінше, қайғылы хабар ең алдымен марқұмдардың жақындарына құрметпен және адамгершілік талаптарына сай жеткізілуі керек.

Министрдің әрекетіне қатысты сұрақтар

Қорғаныс министріне қатысты видео да әлеуметтік желіде қайта таралып, сынға ұшырады.

Жазба авторы министрдің видеода күлімсіреп тұрғанына назар аударған. Қайғылы оқиғадан кейін бұл көрініс қолданушылардың ашуын туғызып, мемлекеттік қызметшілердің әскери қызметшілердің қазасына реакциясы туралы пікірталасқа себеп болды. Әлеуметтік желідегі талқылауларда басшылықтың қоғам алдында жауап беруі және қайғылы жағдайға байланысты ұстанымын ашық білдіруі керек деген пікірлер де айтылды.

Тағы бір мәселе – кешірім сұраудың уақыты болды. Қолданушылар басшылықтың кешірім сұрауы неге бірден айтылмағанын сұрады. Билік өкілдерінің трагедиядан кейін қоғаммен қалай байланыс орнатқаны – жоғарыдағылардың оқиғаға немқұрайлы қарайтынының тағы бір мысалы.

«Журналистер оқиғаны толық зерттей алуы керек»

Әлеуметтік желідегі пікірлердің тағы бір бөлігі ақпараттың ашықтығына қатысты.

Жазба авторы трагедия туралы ақпаратты таратуға және журналистердің өз зерттеуін жүргізуіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Қолданушылар оқиғаның барлық мән-жайы тек ресми мәлімдемелер арқылы емес, тәуелсіз журналистік зерттеу арқылы да анықталуы керек екенін айтып отыр.

Қоғам қайғылы оқиғаның нақты қалай болғанын толық біле ала ма? Әлеуметтік желі қолданушылары журналистерге куәгерлермен сөйлесуге, оқиғаға қатысты құжаттар мен деректерді тексеруге және ресми нұсқамен қатар басқа да ақпаратты зерттеуге мүмкіндік берілуі қажет деп санайды.

Әңгіме армиядағы реформаға келіп тірелді

Талқылаудың тағы бір бағыты – армиядағы өзгерістер. Қолданушылардың бір бөлігі нақты адамдарды жазалаумен мәселе шешілмейді деп есептейді. Олардың пікірінше, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін қайта қарау қажет.

«Біз әскери қызметте реформаларды талап етеміз. Жас жігіттердің өлімі бекер болмауы керек. Әскерде өлім мен қорқыныш болмауы керек. Нақты әрекеттер қолданылмағанша халық тынышталмайды», – деді mooonshinee_.

Оқу-жаттығуларды өткізу тәртібі, командирлердің шешім қабылдауы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және әскери қызметшілердің өміріне қауіп төнген жағдайда жауапкершіліктің кімге жүктелетіні туралы мәселелер көтерілді. Яғни әлеуметтік желідегі талқылау кінәлі тұлғаларды іздеумен шектелмей, армиядағы жүйелі мәселелерге ауысты.

Threads пайдаланушысы Темірлан Әскери-теңіз күштері мен Қорғаныс министрлігінің басшылығын сынаған жазба жариялады. Кейінірек ол өзін полиция қызметкерімін деп атаған ер адамның қоңырау шалып, содан кейін оның үйіне келгенін айтты. Youth.kz болған оқиға туралы хабарлайды. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз