Қазақстанда мектепте буллингпен күресуге арналған нұсқаулық жарық көрді

Жақында «Антибуллинг сообщество» жобасы «Буллингке кәсіби әрекет ету: кейстерді талдау» атты әдістемелік құралын жариялады. Бұл еңбек соңғы жылдары қоғамдағы ең өзекті тақырыптардың біріне айналған мектептерде буллинг мәселесіне арналған. Осыған орай Youth.kz Қазақстанда және шетелде бұл мәселені шешу жолдарын саралады.

Қазақстанда атқарылып жатқан шаралар

«Буллингке кәсіби әрекет ету: кейстерді талдау» авторларының айтуынша, нұсқаулық Қазақстан мектептеріндегі төрт жылдық тәжірибе негізінде әзірленген. Осы уақыт ішінде команда елдің әртүрлі өңірлеріндегі сарапшылармен бірге ондаған күрделі жағдайларды зерттеген.

Бұл әдістемелік құралда буллингтің қарапайым конфликтіден айырмашылығы, ересектер жиі жіберетін қателіктер, баламен дұрыс сөйлесу жолдары және мектеп пен отбасының әрекет алгоритмдері түсіндіріледі. Нұсқаулық қазақ және орыс тілдерінде онлайн форматта қолжетімді. Құны – 15000 теңге.

Мұндай бастамалардың пайда болуы кездейсоқ жайыт емес. Қазақстанда буллинг ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалып келді. Көп жағдайда бала қысым көріп жүргенін айтпай, тұйықталатын еді. Ал ата-аналар мен мұғалімдер мәселенің ауқымын тым кеш түсінетін.

Психологтардың пікірінше, буллингтің ең қауіпті жағы – оның біртіндеп қалыпты құбылысқа айналуы. Әсіресе жасөспірімдер арасында «мазақ», «қалжың» немесе «тәрбиелеу» деген атаумен психологиялық қысым ақталып жатады.

Соңғы жылдары Қазақстанда буллингке қарсы жүйелі бағдарламалар енгізіле бастады. Соның ең ірілерінің бірі – 2024 жылы пайда болған «ДосболLIKE» бағдарламасы. Бұл жоба Оқу-ағарту министрлігі тарапынан әзірленіп, бірнеше өңірде пилоттық режимде іске қосылды. Бағдарлама аясында 70 мыңға жуық оқушы мен мыңдаған педагог қамтылды. Жоба мектеп ішінде қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарлама барысында мұғалімдерге арналған семинарлар ұйымдастырылып, мектеп әкімшілігіне арнайы әдістемелік көмек көрсетіле бастады. Сарапшылардың айтуынша, буллингпен күрес эмоционалдық мәдениет қалыптастыру арқылы нәтижелі болады.

Шетелдік тәжірибе

Бүгінде әлемдегі ең тиімді антибуллинг жүйелерінің бірі болып  – Финляндиядағы KiVa бағдарламасы. Бұл жоба Турку университетінде әзірленген. KiVa бағдарламасының негізгі идеясы – бүкіл сыныптың мәдениетін өзгертуінде.

Фин мектептерінде оқушыларға эмпатия, эмоционалдық интеллект және жанжалдарды бейбіт шешу дағдылары үйретіледі. Егер буллинг жағдайы анықталса, мектепте арнайы дайындықтан өткен топ дереу іске кіріседі. Зерттеулер көрсеткендей, KiVa енгізілген мектептерде буллинг деңгейі айтарлықтай төмендеген.

Норвегия мен Швецияда буллинг бала құқығын бұзу ретінде қарастырылады. Бұл елдерде мектеп әкімшілігі мәселені уақытында шешпесе, ата-аналар арнайы омбудсменге шағым түсіре алады. Ал Жапонияда оқушылардың психологиялық жағдайын бақылау ерекше маңызды саналады. Кей мектептерде балалар жасырын түрде өз мәселесін жаза алатын «сенім жәшіктері» орнатылған.

Оңтүстік Корея кибербуллингпен күреске ерекше назар аударды. Интернеттегі қорлау мен психологиялық қысым үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Себебі қазіргі буллингтің үлкен бөлігі әлеуметтік желілер арқылы жүріп жатыр. Онлайн қорлау тәулік бойы жалғасатындықтан, оның психологиялық салдары да ауыр.

Әлемдік зерттеулер әлеуметтік желілердегі қорлау мен онлайн агрессияны автоматты түрде анықтайтын технологияларды дамытуға да назар аударып отыр. Мысалы, 2021 жылы бірқатар ғылыми жобалар жасанды интеллект көмегімен бенгал тілінде жазылған агрессивті пікірлерді анықтау жүйелерін әзірледі.

Ал АҚШ мектептерінде peer-support жүйесі кең таралған. Бұл – оқушылардың бір-біріне психологиялық қолдау көрсету тәжірибесі. Кей мектептерде арнайы медиатор-оқушылар дайындалып, олар жанжалдарды ушықтырмай шешуге көмектеседі. Мұндай тәсіл балалар арасында сенім мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз