Қазақстан әскері: бюджет өсімі және өлім мәселесі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл күні 1992 жылы Қазақстанның Қарулы Күштері құрылып, ел өзінің тәуелсіз әскери жүйесін қалыптастыру жолына түсті. Алайда осы 30 жылдан астам уақыт ішінде отандық әскер қаншалықты күшті, заманауи және қауіпсіз бола алды? Толығырақ Youth.kz мақаласында.
Әскер жайлы деректер
Бүгінде әртүрлі деректер бойынша, Қазақстан қарулы күштер саны резервті қоспағанда 110 мыңға жуық. Сонымен қоса, 2026 жылы шақыру науқанына 43.231 ер азамат шақырылады.
Еліміз 2026 жылғы әскери қуат бойынша Global Firepower рейтингінде әлемдегі 145 елдің арасында 58-орында тұр. Сан жағынан бұл Орталық Азиядағы ең ірі армиялардың бірі екенін көрсетеді. Бірақ қазіргі әскери теорияда технология, мобильділік және басқару сапасы шешуші факторға айналғаны белгілі. Сондықтан армияның шынайы тиімділігі оның құрылымымен өлшенеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда қорғаныс бюджетінің айтарлықтай өсуі байқалады. Мысалы, 2024 жылы бұл саладағы мемлекеттік шығыстар шамамен 1,2 трлн теңгені құраған. Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысынан бері Қазақстанның қорғанысқа жұмсайтын шығындары тұрақты түрде 1,1 трлн теңгеден асып келеді.
2026 жылға қарай күштік құрылымдар блогының жалпы шығындары 3 триллион теңгеге жетті. Ал қорғанысқа тікелей бөлінетін қаржы шамамен 1,6 трлн теңге немесе 1% ЖІӨ деңгейінде.
Қаржыландырудың артуы көбіне геосаяси тұрақсыздықпен және армияны жаңғырту қажеттілігімен түсіндіріледі. Мемлекет жаңа техника сатып алуға, инфрақұрылымды дамытуға және цифрландыруға басымдық беріп отыр. Алайда қаржының өсуі автоматты түрде сапаның артуына әкелмейді. Бұл жерде басқару тиімділігі шешуші рөл атқарады.
Бұл жаһандық деңгейде орташа позициядан жоғары көтерілу үшін құрылымдық өзгерістер қажет екенін аңғартады. Әсіресе әскери техниканың жаңартылу қарқыны мен логистикалық мүмкіндіктер әлі де шектеулі.
Әскердегі ішкі дағдарыс
Дегенмен ең өткір мәселе армияның ішкі жағдайында жатыр. Соңғы жылдары әскери қызметтегі өлім-жітім мен құқық бұзушылықтар қоғамда жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. 2020–2026 жылдар аралығында сарбаздың қаза табуы, түрлі деңгейде зардап шегуі жүйелі кездеседі. Оның негізгі себептері ретінде әлімжеттік, психологиялық қысым, бейімделу қиындықтары және әскери тәртіптің әлсіздігі аталады.
2026 жылдың бірінші тоқсанында ғана 140 қылмыс тіркелді. Қылмыстардың көпшілігі әскери қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты реттейтін заңнамалық ережелерді бұзуға қатысты болды – 83 іс.
Сонымен қатар, 2020 жылдан бері Қазақстан әскерінде 89 адам өзіне-өзі қол жұмсаған.
Әсіресе назар аударатын жайт – зардап шеккендердің басым бөлігі 18–20 жас аралығындағы жастар.
Соңғы жылдары мемлекет бұл мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдады: әскери бөлімдерде бейнебақылау енгізу, әскери полиция мен прокурорлық қадағалауды күшейту, келісімшарт негізіндегі қызметті кеңейту.
Сонымен қатар цифрлық технологияларды енгізу сияқты заманауи бағыттар да дамып келеді. Бұл өзгерістер белгілі бір нәтижелер беруі мүмкін, бірақ олардың тиімділігі ұзақ мерзімде ғана анық көрінеді.
Қорытындылай келе, Қазақстан әскері сандық және қаржылық тұрғыдан өсіп келе жатқанымен, сапалық даму кезеңінде тұр. Оның болашағы адам өмірінің құндылығын қамтамасыз ету мен басқару тиімділігіне байланысты болады.