Қазақстандық оқушылар оқулықтарсыз қалуы мүмкін

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын қоғамда мектеп оқулықтарына қатысты алаңдаушылық күшейе түсті. Қоғам белсенділері мен білім саласының сарапшылары оқулықтарды жаңарту процесінің кешігуі мектептердің 1 қыркүйекке дейін жаңа кітаптармен толық қамтамасыз етілуіне әсер етуі мүмкін екенін айтып дабыл қағуда. Youth.kz болып жатқан жағдайдың мәнін түсіндіреді.

Мәдениет және ақпарат министрі, Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында қолданыстағы оқулықтарға жүргізілген талдау нәтижесінде 700-ден астам ескерту мен қате анықталғанын мәлімдеді. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, оқу бағдарламасына сәйкес келмейтін материалдар, тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ тұжырымдар, математикадағы қате анықтамалар мен есеп шығару тәсілдері, ұлттық мазмұнға бейімделмеген мысалдар және ескірген әдістемелік ұстанымдар бар.

«Мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес. Бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе», – деп Аида Балаева баяндады.

Сонымен қатар Аида Балаева бұл бұрын мақұлданған оқулықтардың заңсыз болғанын білдірмейтінін де атап өтті.

«Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек», – деп Аида Балаева өз ойын жалғастырды.

Білім беру саласының сарапшысы, қоғам белсендісі Гүлнар Омарованың айтуынша, оқу әдебиеттерінің тізбесін бекітетін Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы биыл әлі қабылданбаған. Әдетте мұндай құжат наурыз–сәуір айларында жарияланып, сол арқылы өңірлерде қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталады.

Сарапшының пікірінше, бұйрықтың кешігуі бүкіл процестің баяулауына әкелді. Себебі жергілікті атқарушы органдар қандай оқулықтарды сатып алатынын ресми құжатсыз анықтай алмайды. Тиісінше тендер жарияланбай, баспалар кітап басуды бастай алмайды. Сонымен қатар логистикалық компанияларда оқулықтарды, әсіресе шалғай ауылдарға уақытында жеткізуге қажетті мерзім қысқарады.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігі жағдай бақылауда екенін мәлімдеп отыр. Министрліктің Білім беру мазмұнын сараптаудың республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Сейфулла Смайыловтың айтуынша, бұйрық қазіргі уақытта келісу және бекіту рәсімінен өтіп жатыр.

Оның сөзінше, құжат жуық арада қабылданады. Сонымен қатар министрлік, сараптама орталығы және баспалар анықталған кемшіліктерді жою бойынша бірлесіп жұмыс жүргізуде. 

Қазақстанда оқулықтарды әзірлеу, сараптау, сынақтан өткізу, мониторинг жүргізу және басып шығару тәртібі арнайы нормативтік құқықтық актілермен реттеледі. Бұл құжаттар оқу әдебиетінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес болуын, ғылыми дәлдігін және сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. 

Министрлік жариялаған жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылып, мектептерге жеткізілуі тиіс. Кейін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сыныптардың, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сыныптың оқулықтары кезең-кезеңімен жаңартылады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз