Қазақстанда 14 мамандық жойылады

Жасанды интеллект дамыған сайын оның пайдасымен қатар зияны да көп айтылып жүр. Ғалымдар оның адам миына әсерін зерттеп, елеулі зиянын да анықтаған, деп хабарлайды youth.kz.

Жасанды интеллект терең ойлау және талдау қабілетін әлсіретеді

Әлеуметтік желілер, үздіксіз хабарламалар және дамыған ЖИ құралдары ақпаратқа қолжетімділікті өте жылдам етті. Осы құбылыстың ми жұмысына әсерін зерттеген Гарвард ғалымдары Frontiers журналында зерттеуін жариялады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, адамның зейіні шектеулі. Цифрлық ортадағы тұрақты ақпарат ағыны оны түрлі хабарламалар мен контент арасында бөліп жіберіп, адам миының ұзақ уақыт бір іске шоғырлануына кедергі келтіреді. Мұндай жағдайда ақпаратты есте сақтау қиындап, психикалық шаршау күшейеді.

Негізгі себептердің бірі – ақпараттың шамадан тыс көп болуы. Әлеуметтік желілер мен ЖИ жүйелері бір уақытта түрлі деректер ұсынып, миды жиі ауысуға мәжбүрлейді. Бұл шешім қабылдау сапасына кері әсер етіп, ойлау жүктемесін арттырады.

Зерттеушілердің айтуынша, цифрлық технологиялар көптапсырмалылықты күшейткенімен, шын мәнінде ол тиімділікті төмендетеді. Адам ақпаратты үстірт қабылдап, тез ұмытуға бейім бола бастайды. Сонымен қатар ЖИ-ге шамадан тыс сүйену өз бетінше талдау жасау қабілетін әлсіретуі мүмкін.

Мамандар бұл мәселені азайту үшін ақпарат ағынын шектеу, қажетсіз хабарламаларды өшіру, бір уақытта бір ғана іске назар аудару және экраннан үзіліс жасау сияқты әдістерді ұсынады. Сондай-ақ алынған ақпаратқа сыни көзқараспен қарау маңызды.

Қорыта айтқанда, зерттеу технологиялардың өзі зиян емес, бірақ оларды бақылаусыз пайдалану адамның назарын әлсіретіп, терең ойлау қабілетін нашарлатуы мүмкін екенін көрсеткен. 

Белгілі психолог, жасанды интеллект бойынша докторант Серікгүл Сәли жасанды интеллектің адам өміріне, балаларға қаупі жоқ екенін айтады.

«Әлбетте, оның зияны туралы қарама-қайшы, құптамайтын пікірлер әрдайым болады. Оны жоққа шығармаймыз. Жасанды интеллект ешқашан адамды алмастыра алмайды. Оған интеллект деп ат қойғанмен, сол аттың оған сай екені әлі қаралып жатыр. Адамның бейнелі және абстрактылы интеллекті, яғни елестете алу, ойлап табу, көз көрмеген және құлақ естімеген дүниелерді ойлап таба алуы өзіне ғана тән.Жасанды интеллект өзіне енгізілмеген ақпараттарды ойлап таба алмайды. Сондықтан шынын айтқанда ол интеллектке де жатпайды. Осыған дейін ашылған жаңалықтардың, білімнің ортасы десек болады. Одан қаншалықты сауатты сұрай алсаң, соншалықты қысқа-нұсқа және жылдам жауап беретін көмекші құрал болып есептеледі.  Сол себепті қауіп жоқ», – дейді маман.

Сарапшының айтуынша, жасанды интеллект адамнан асып түсе алмайды. Оның бірдеңе ойлап табатын қабілеті жоқ. 

«Ол бізге адам өзі жазып енгізбеген программаны, бұрын естімеген музыканы жазып бере алмайды. Міндетті түрде оны пайдалану үшін өзіңнің креативті ойлау қабілетің болуы керек. Жалпы халықтың өмір сүру сапасының арта түсуіне, роботтарды басқару, роботтардың қара жұмысты алмастыруы деген секілді дүниелерде орасан зор еңбек атқарады. Тек соны сауатты пайдалана алуымыз керек. Бірақ, жасанды интеллект психолог, дәрігер, оқытушыларды ешқашан алмастыра алмайды. Тек олардың жұмысының сапалы бола түсіп, жылдар арнайтын теориялық ізденістерін қысқартады. Сондықтан, керісініше мықты мамандардың шығармашылық жағынан дамуына ықпал етеді. Қазір біз жасанды интеллектің бастапқы кезеңінде тұрмыз. Ортаңғы немесе жоғары кезеңіне өткен кезде жасанды интеллект бүкіл қара жұмысты атқарады.Адамды қара жұмысты атқарудан босатып, рухани іспен айналысуға қызмет етеді», – дейді ол. 

50 мың қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін

Адамның қайталатын еңбегін болашақта жасанды интеллект алмастыратыны көптен бері айтылып келеді. Қазірдің өзінде ол өмірімізге біртіндеп еніп жатыр. Мәселен, Қазақстанда жасанды интеллект пен автоматтандырудың қарқынды дамуы еңбек нарығына айтарлықтай ықпал етіп отыр. 

«Жетінші арна» таратқан мәліметке сәйкес, ондаған мамандық алдағы жылдары жойылып кетуі мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен сарапшылардың дерегінше, елде шамамен 50 мың адам жұмыссыз қалып, тағы 4 миллионға жуық азамат өз мамандығын өзгертуге немесе жаңа дағдыларды меңгеруге мәжбүр болуы мүмкін.

Ведомствоның болжамына сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда 14 мамандық толық жойылуы ықтимал. Бұл негізінен қайталанатын операцияларға негізделген кәсіптерге қатысты. Атап айтқанда, колл-орталық операторлары, мәтін терушілер және деректерді өңдеушілер.

«2035 жылға қарай 14 мамандық жойылуы мүмкін. Олардың қатарында өңдеушілер, колл-орталық операторлары, мәтін терушілер бар. Қазірдің өзінде бұл салада 50 мыңнан астам адам жұмыс істейді», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеу.

Сонымен қатар 46 мамандық сақталғанымен, бұл салалардағы жұмыс орындары қысқаруы мүмкін. Олардың қатарында кеңсе қызметкерлері мен бухгалтерлер бар. Жалпы алғанда, трансформация 562 мамандықты қамтиды.

«Бұл өте үлкен үлес. Шамамен 4 миллион адамды қамтиды», – деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда еңбек нарығында цифрлық дағдыларға және жасанды интеллект құралдарын қолдана білу қабілетіне сұраныс артып отыр. Соның ішінде AI жүйелерін дұрыс сұраныс құра білу — промпт жасау дағдысы маңызды болып отыр.

Болашақта қай мамандар сұранысқа ие болады

Мамандар жасанды интеллект адамды толық алмастырмайтынын, алайда еңбек нарығын түбегейлі өзгертетінін айтады. Бұл ретте AI технологияларын кәсіби білімімен ұштастыра алатын мамандардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары болмақ.

«Заңгерлер немесе бухгалтерлер жасанды интеллектті тиімді қолдана білсе, олар еңбек нарығында артықшылыққа ие болады», – деді Astana Hub AI өнімдері кеңсесінің директоры Алдамжар Киікбаев.

Қазіргі таңда елде қайта даярлау мен жаңа цифрлық дағдыларды игеру күшейіп келеді. Сонымен қатар алдағы жылдары жаңа мамандықтар пайда болады деп күтілуде. Олардың қатарында AI-дизайнерлер, жасанды интеллект қауіпсіздігі инженерлері, медициналық деректер талдаушылары және AI-агенттер менеджерлері бар.

Осылайша, Қазақстанның еңбек нарығы технологиялық трансформация кезеңіне қадам басты.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз