Қазақстан жахандық аудиторияны неге қызықтарады?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан жаһандық мәдени кеңістікте сирек аталатын. Ал бүгінде қазақ музыкасы шетелдік тыңдармандардың ұсыныстарына шығып, отандық креаторлар халықаралық аудитория жинауда, ал еліміздің табиғаты TikTok пен Instagram-дағы вирустық контенттің бір бөлігіне айналды. Толығырақ Youth.kz материалында.

Жекелеген әншілер, блогерлер мен өзге де контент авторларының арқасында Қазақстан әлемдік аудиторияның назарын алгоритмдер деңгейінде өзіне аудара бастаған мәдени феноменге айналып келеді.

Қазіргі цифрлық дәуірде басты ресурстардың бірі – назар. Ал дәл осы назар үшін жүріп жатқан жаһандық бәсекеде Қазақстан күтпеген нәтижелер көрсетіп отыр.

Америкалық актер Иэн Армитидж (Шелдонның балалық шағы) қазақ музыкасын тыңдайтынын айтып, сүйікті орындаушыларының қатарына Скриптонитті, Ayau-ды және «Дос-Мұқасан» ансамблін қосқан. 

Қазақстандық мәдениеттің халықаралық танылуы жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін тағы бір мысал – Димаш Құдайберген феномені.

2026 жылы Нью-Йорктегі әйгілі Times Square алаңында әншінің туған күніне арналған арнайы акция ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер алып LED экрандарда құттықтаулар жариялап, қайырымдылық шараларын өткізді. 

Сонымен қатар Димаш халықаралық кәсіби ортада да жоғары бағаланып келеді. Ол әлемдік опера өнерінің аңызы саналатын Пласидо Домингомен бірге өнер көрсетіп, халықаралық «Virtuosos» жобасының қатысушысы болды. Бірлескен концерттен кейін Доминго Димаштың вокалдық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, оның өнерін ерекше құбылыс ретінде сипаттаған. Осындай опера жанрының атақты өкілінен мақтау есту – элиталық клубқа шақырылумен бірдей.

Алайда Қазақстанның мәдени келбетін музыканттармен қоса, тревел-блогерлер, видеографтар, дизайнерлер, TikTok авторлары және тәуелсіз продакшндар да қалыптастырып жатыр.

Әсіресе туристік контенттің әсері айқын байқалады. Қайыңды көлі, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Бозжыра сияқты табиғи нысандар халықаралық аудитория арасында миллиондаған қаралым жинайтын видеолардың тақырыбына айналуда.

Тіпті кейбір шетелдіктер Қазақстан табиғатын өз елдерімен салыстырып түсіре бастады

Неліктен дәл қазір?

Бұл феноменнің қалыптасуына ықпал еткен үш негізгі фактор бар.

Біріншіден, жаңа буын авторлары ұлттық мәдениетті тек тарихи мұра ретінде көрсетуді тоқтатты. Домбыра, күй, қазақ тілі, дәстүрлі ою-өрнек пен дала эстетикасы музыкада, сәнде, клиптерде және цифрлық контентте заманауи форматта қолданыла бастады.

Екінші меселе – демографияда. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі ең жас мемлекеттердің бірі болып саналады. Ел тұрғындарының орташа жасы шамамен 30 жасты құрайды.

Жас қоғам жаңа технологияларды тез меңгеріп, әлеуметтік желілерде белсенді болады және шығармашылық индустриялардың дамуына ықпал етеді. Бұл жаңа буынның халықаралық аудиториямен бір тілде сөйлесуіне мүмкіндік береді.

Үшінші фактор – Қазақстандық аудитория халықаралық алаңдарда өз өкілдерін белсенді қолдайды.

Қазақстандық музыкант, спортшы немесе блогер әлемдік трендтерге шыққан сәтте мыңдаған қолданушы пікір жазып, бөлісіп, талқылауға қатысады. Әлеуметтік желілер алгоритмдері мұндай белсенділікті контенттің өзектілігі ретінде қабылдап, оның таралу ауқымын одан әрі ұлғайтады. Бұған айқын мысал ретінде футболшы Дастан Сатпаевтың Лондондық «Челсиге» ауысуы кезіндегі қазақстандықтардың инстаграмдағы белсенділігін атауға болады.

Феноменді растайтын статистика

2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға 15,7 миллион шетелдік келуші келген. Қонақүйлер мен орналастыру орындарының табысы 268 миллиард теңгеге жеткен.

Сонымен қатар Қазақстан «Дүниежүзілік экономикалық форумның» «Саяхат және туризмді дамыту индексінде» 66-орыннан 52-орынға көтерілді.

Алматы қаласының көрсеткіштері де ерекше назар аудартады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мегаполиске шамамен 1,1 миллион турист келіп, олардың 320 мыңнан астамы шетел азаматтары болған. Шетелдік туристер Алматыда күніне орта есеппен 441 доллар жұмсаған. Бұл ішкі туристердің шығынынан шамамен тоғыз есе көп.

2025 жылдың басында Қазақстандағы «Instagram» қолданушыларының саны 12,4 миллионға жетті. Бұл ел халқының шамамен 60 пайызына тең. Күзге қарай көрсеткіш 13,5 миллион адамға дейін өсті. Платформаның ең үлкен аудиториясы – 25 пен 34 жас аралығындағы азаматтар.

TikTok-та Қазақстандағы ең ықпалды платформалардың біріне айналды. #Nauryz2025 науқаны кезінде қолданушылар екі аптаның ішінде 25 мыңнан астам видео жариялаған. Ал Наурыз тақырыбындағы контенттің жалпы саны 180 мың роликке жуықтаған.

Сонымен қатар шағын және орта бизнес TikTok арқылы шамамен 219 миллиард теңге айналым жасаған. Платформаның экономикаға қосқан жиынтық үлесі елдің жалпы ішкі өнімінің 1,13 пайызына дейін бағаланған.

Соңғы жылдары қазақ тіліндегі жасанды интеллект бағытында да ірі жобалар пайда болды. Олардың қатарында ондаған миллиард сөз бірлігі негізінде оқытылған «Sherkala» тілдік моделі бар. Бұл қазақ тілінің технологиялық ортадағы мүмкіндіктерін кеңейтті.

2025 жылы Қазақстан Дженнифер Лопес және «Backstreet Boys» сияқты әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың концерттерін қабылдады. Бұл концерттер Астана мен Алматыға шамамен 18 мың шетелдік турист тартқан.

Кейінірек «Қазақстан Ұлттық банкі» бұл концерттердің нәтижесінде ірі қалалардағы қоғамдық тамақтану саласындағы шығындар 5–11 пайызға артқанын хабарлады.

Бұл мәдени іс-шаралардың экономикаға тікелей әсерінің нақты мысалдарының бірі. Бұрын әлемдік гастрольдік турлардың картасына сирек енетін Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы маңызды мәдени алаңдардың біріне айналып келеді.

Ең маңызды өзгеріс экономикада емес

Әлемнің көптеген тұрғындары үшін Қазақстан әлі де «Борат» қалыптастырған ескі стереотиптермен байланысты. Бірақ әлеуметтік желілердің алгоритмдері мүлде басқа бейнені қалыптастырып жатыр.

Енді пайдаланушылар Қазақстанды музыка, заманауи визуалдық мәдениет, ерекше табиғат, халықаралық концерттер және жаңа буын креаторлары арқылы танып келеді.

Сондықтан қазақстандық медиа-феномен ұлттық бірегейлік мәселесімен қатар экономикаға, туризмге, технологияға және Қазақстанның халықаралық ықпалына әсер ететін стратегиялық факторға айналуда.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз