Қазақстанда жоғары оқу орнына түсу жүйесі өзгереді
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестіні енді қайталап тапсыруды алып тастайды, ал жоғары оқу орнына түсу жүйесі өзгереді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, көпжылдық тәжірибе ҰБТ жүйесі жоғары оқу орындарына түсу кезінде қолжетімділікті және бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін көрсетті, алайда оны өзгерту уақыты келді.
Бұл өзгерістер педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты болады.
«ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді. Сонымен қатар, қазіргі кезде жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды. Себебі мүмкіндіктері шектеулі. Бұл, ең алдымен, педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты. Осыған байланысты бірқатар шараларды қабылдау қажеттілігі туындап тұр», – дейді Балаева.
Министрдің айтуынша, ҰБТ-ны қайталап тапсыру алынып тасталып, ауызша емтихан тапсыру қайта оралады.
«Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибридті бағалау формасын енгізіледі. Бұл ретте негізгі назар тек пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдыларына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуы тиіс.
Өйткені педагог балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілеттерін анықтай білу аса маңызды», – деді ол.
Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілетінін жеткізді.
«Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдылары негізгі критерий болады. Сондай-ақ бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі. ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет.
Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады», – деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, министрдің пікірінше, жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажет.
«Соңғы көрсеткіштер бойынша шартты түрде қабылданған студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті баллды жинай алмайды. Сондықтан талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды. ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам», – деді ол.
Айта кетейік, білім беру грантын алу үшін ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігі талапкерлерге 2022 жылы енгізілген болатын.