«ТЕҢ ТІРШІЛІК»: Қазақстанда жануаларға арналған жаңа подкаст шықты

Қазақстанда жануарлар, қоғам және веган өмір салты туралы «ТЕҢ ТІРШІЛІК» атты жаңа подкаст жарық көрді. Жобаның алғашқы шығарылымы қаңғыбас иттер мәселесіне және адамдардың төрт аяқты достарымен қарым-қатынасына арналды. Youth.kz подкаст жүргізушісі Фатиха Ағисовамен сөйлесіп, жобаның қалай пайда болғанын, неге дәл осы тақырып таңдалғанын және қандай мәселелер көтерілгенін сұрады.

«ТЕҢ ТІРШІЛІК» подкастын жасау идеясы қалай пайда болды?

– Бастапқы идея құрбым Айгерімнен шықты. Ол блогер әрі веган-белсенді ретінде жануарлардың құқықтары туралы жиі айтып жүрді. Вегандықтың негізгі мақсаты – жануарларды пайдаланудан толық бас тарту. Бұл тек ет жемей қою емес, сонымен қатар жануарларды ойын-сауықта, өндірісте немесе басқа мақсаттарда қолданудан да бас тартуды қамтиды.

Жануарларды пайдалану біздің күнделікті өмірімізбен қатты байланысып кеткен. Сондықтан көп жағдайда біз оларды қалай пайдаланып жатқанымызды немесе олардың құқықтарына қалай әсер етіп жатқанымызды байқамай қаламыз. Әлеуметтік желілердегі қысқа формат мұндай күрделі мәселелерді толық түсіндіруге жеткіліксіз болғандықтан, біз подкаст жасауды жөн көрдік.

Сонымен қатар біз тек жануарлар тақырыбымен шектелгіміз келмеді. Қазақстандағы мәдени контекст, қазіргі қазақ қоғамындағы өзгерістер, феминизм, құқықтар, жеке тұлға мен қоғам арасындағы байланыс сияқты мәселелерді де қозғағымыз келді.

Неліктен алғашқы шығарылымда қаңғыбас иттер тақырыбы қозғалды?

– Мұнда бірнеше себеп болды. Бір жағынан, бұл адамдарға жақын тақырып болса, екінші жағынан мәселенің өзектілігі әсер етті. Сол кезеңде қаңғыбас иттерге қатысты заң қоғамда қызу талқыланып жатты. Әлеуметтік желілерде де иттердің қауіпті екені және оларды жою қажет деген пікірлер жиі айтылды. Біз осы тақырып төңірегінде көптеген қорқыныш пен жаңсақ пікірдің бар екенін түсіндік.

Сондықтан дәл осы уақытта мәселені басқа қырынан қарастыру маңызды деп ойладық.

Шығарылымда қандай негізгі мәселелер көтерілді?

– Бірінші мәселе – Қазақстандағы адамдар мен иттердің қарым-қатынасы. Біз қоғамдағы «қазақтар ит ұстамайды» немесе «мұсылмандар үйде ит ұстамайды» деген түсініктерді талқыладық. Бұл көзқарастардың қайдан пайда болғанын түсінуге тырыстық.

Екінші маңызды тақырып – қаңғыбас иттердің қауіптілігі туралы пікірлер. Біз агрессия көбіне жануарлардың табиғатынан емес, адамдардың олармен қарым-қатынасынан туындайтынын талқыладық. Себебі көптеген агрессивті иттер дұрыс күтім көрмеген, ұзақ уақыт шынжырда ұсталған немесе қатыгездікке тап болған жануарлар болуы мүмкін.

Сонымен қатар адамдардың жануарлармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренуі маңызды екенін айттық. Өйткені кейде адамдардың өзі жануарлардың шекарасын бұзып жатады.

Үшінші мәселе – пәтерде ит асырау туралы түсініктер. Көп адам жануарға шағын пәтерде қиын болады деп ойлайды. Бірақ біз ит үшін ең маңыздысы кеңістік емес, қауіпсіз орта, күтім және тұрақты серуен екенін талқыладық.

…Еске сала кетейік, Қазақстанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2021 жылғы 30 желтоқсанда қабылданып, 2022 жылғы 2 наурызда күшіне енді. Биыл заңға ұсынылған өзгерістер қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. Ең көп талқыланған нормалардың бірі қаңғыбас жануарларды реттеу мәселесі болды. 

Сенат мәжіліс ұсынған кейбір түзетулерді қайта қарап, «эвтаназия» терминін қолданудан бас тартуды ұсынды, сондай-ақ «қаңғыбас жануар» ұғымын нақтылап, оларды реттеу тәртібі мен мерзімдерін жергілікті атқарушы органдар құзыретіне беруді қарастырды. Мамырдың басында заң президентке жіберілген еді. Кеше, президент заңға қол қойды. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз