Канье Уэстке қай елдерге кіруге тыйым салынған және не себепті?

Америкалық рэпер Канье Уэст соңғы жылдары бірнеше елде кіруге және концерт өткізуге қатысты шектеулерге тап болды. Бұған оның антисемиттік мәлімдемелері, нацистік идеологияны ашық қолдауы және әлеуметтік желілердегі даулы жазбалары себеп болды. Youth.kz оның неге және қай елдерде тыйым салынғанын баяндайды. 

Австралия: «Heil Hitler» әнінен кейін визасы жойылды

2025 жылдың шілдесінде Австралия билігі Канье Уэстің елде болуға мүмкіндік беретін визасын жойды. Бұған музыканттың «Heil Hitler» атты әнінің жарыққа шығуы себеп болды. Бұл туралы Австралияның ішкі істер министрі Тони Берк мәлімдеді, ABC News жазуынша. Оның айтуынша, ән шыққаннан кейін Уэстің елге кіру құқығы қайта қаралып, визасын жою туралы шешім қабылданған.

Ән 2025 жылдың мамырында шықты. Бұл Канье Уэстің антисемиттік және нацистік сипаттағы мәлімдемелерінің кезекті эпизодына айналды. Бұған дейін рэпер Адольф Гитлерді қолдайтынын айтып, өзін нацист деп атаған және нацистік символика бейнеленген киімдерді сатуға шығарған.

Австралия билігі ән шыққаннан кейін оның визасын сақтап қалуға негіз жоқ деген шешімге келген.

Дегенмен Австралия Канье Уэстке өмір бойына елге кіруге тыйым салған жоқ. Тони Берк визалық өтініштер заң талаптарына сәйкес жеке қаралатынын атап өтті. Сондықтан болашақта оның Австралияға кіру мәселесі қайта қаралуы мүмкін.

Бұл жағдай Уэст үшін жеке тұрғыдан да маңызды: оның әйелі Бьянка Цензори Мельбурн қаласында дүниеге келген.

Ұлыбритания: 2026 жылы елге кіруге рұқсат берілмеді

2026 жылдың сәуірінде Ұлыбритания Канье Уэстке елге кіруге шектеу қойған екінші мемлекет болды. Британ билігі музыканттың бұрынғы антисемиттік мәлімдемелеріне байланысты оның елге баруына рұқсат бермеді.

Осының салдарынан Уэст Лондонда өтетін Wireless Festival іс-шарасына қатыса алмады. Ұйымдастырушылар хедлайнер елге кіре алмағандықтан, фестивальді толығымен тоқтатты.

Los Angeles Times Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Уэстің фестивальге шақырылмауы керек болғанын айтып, ел үкіметі антисемитизмге қарсы күресті жалғастыратынын мәлімдеді.

Франция, Польша, Швейцария және Италия: концерттеріне шектеу қойылды

2026 жылы Канье Уэстің Еуропадағы гастрольдерімен байланысты мәселелер басқа елдерде де пайда болды. 

Францияда Уэстің Марсельдегі концерті кейінге шегерілді. Франция билігінің өкілдері музыканттың бұрынғы антисемиттік мәлімдемелеріне байланысты оның өнер көрсетуіне жол бермеу қажеттігін айтқан. Le monde басылымы хабарлауынша, Францияның ішкі істер министрі Лоран Нюнец те концертті өткізуге тыйым салуды қолдаған.

Польшада да Уэстің концерті тоқтатылды. RTL.fr мәлімдемесінде, Польша мәдениет министрі Марта Ценковска музыканттың еврейлер мен нацизм туралы бұрынғы мәлімдемелерін ескеру қажет екенін айтты. Әсіресе Холокост тарихына байланысты бұл мәселе Польша үшін сезімтал болып саналады.

Швейцарияда Базель клубы рэпердің St. Jakob-Park стадионында концерт өткізуіне жол бермеді. Клуб басшылығы қазіргі жағдайда мұндай қоғамдық тарихы бар орындаушыға өз алаңын ұсынуға болмайтынын мәлімдемесін EFE Noticias жеткізді.

Италияда жағдай нақты бір іс-шараға тыйым салуға дейін барды. Euronews 2026 жылдың мамырында Реджо-Эмилия префекті Канье Уэст пен Трэвис Скоттың Pulse of Gaia фестиваліндегі концерттерін тоқтатқанын жариялады. Ресми себептердің қатарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері, сондай-ақ ықтимал наразылықтар болды.

Алматыдағы концерт пен келесі гастроль 

Еуропаның бірқатар елдерінде Уэсттің концерттері тоқтатылып жатқан уақытта Қазақстан музыканттың өнер көрсетуіне мүмкіндік берген елдердің қатарында болды.

Канье Уэстің Алматыдағы концерті бастапқыда 2026 жылдың 14 тамызына жоспарланған еді. Бұл оның Қазақстандағы алғашқы ірі концерті болуы керек еді. Іс-шараны First Media Group пен Freedom Holding ұйымдастырды.

Алайда концерт қарсаңында Орталық стадионға байланысты мәселе туындады. Inform.kz арқылы «Қайрат» футбол клубы концерттің бастапқы күні клубпен келісілмегенін мәлімдеді. Себебі стадион командасының үй матчтарын және еурокубок ойындарын өткізу үшін пайдаланылады. Ақыры концерт ұйымдастырушылары мәселені шешті.

14 тамызда қатты жел мен жаңбыр салдарынан сахна конструкциясының кейбір элементтері зақымдалып, концертті кейінге қалдыруға тура келді. Көрермендер стадионнан шығуға мәжбүр болды. Шоу келесі күнге – 15 тамызға ауыстырылды.

15 тамызда Канье Уэст Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетті. Концерт сағат 21:00-де басталды. Шоу үшін Қазақстанға 100 тоннадан астам техникалық жабдық жеткізілді. Сахнаның негізгі элементтерінің бірі – музыкант өнер көрсеткен алып сфералық конструкция болды. Концерт барысында пиротехника, жарық және лазерлік эффектілер де қолданылды.

Канье Уэст Алматыдан кейін де гастрольдік сапарын жалғастырады. Reuters мәліметінше, 2026 жылдың қазан айында оның Санкт-Петербургтегі «Газпром Аренада» 10 және 11 қазан күндері екі концерт беруі жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз