«Дала» фильмі 23 шілдеден бастап кинотеатрларда көрсетіледі

«Дала» фильмі Қазақстанның кең даласында браконьерлерге қарсы күреске шыққан табиғат қорғау инспекторларының оқиғасын баяндайды. Туынды 2019 жылы браконьерлерді қуу кезінде ерлікпен қаза тапқан инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың рухына арналған.  «Дала»  – браконьерлермен күресетін инспекторлар туралы экшн-драма. 23 шілдеден бастап барлық кинотеатрларда көрсетіледі.

Рrp.kz порталының жазуынша, фильм бұған дейін халықаралық деңгейдегі түрлі кинофестивальдерге қатысқан. Жалпы, «Дала» туындысын әлемнің 20-ға жуық кинофорумының көрермендері тамашалаған. Картина бүгінде 11 халықаралық марапатқа ие болды. Енді, міне, фильм отандық көрерменге жол тартты. 

Ұзақтығы небәрі 73 минут болғанына қарамастан, фильмге мықты актерлер түскен. Туындыда қазақстандық актерлер Дәурен Серғазин, Ержан Түсіпов, Төлепберген Байсақалов, Ерболат Әлқожа, Нышанбек Жұбанаев, Сергей Уфимцев, Ержан Жарылқасынұлы, Сейдулла Молдаханов, сондай-ақ әйгілі ресейлік актер Сергей Гармаш рөл сомдаған. 

Фильмнің басты рөлін сомдаған Сейдулла Молдаханов түрлі халықаралық кинофестивальдерде үш бірдей марапатқа ие болды. Ал режиссер Максим Акбаров 2023 жылы қазан айының басында өткен XV Ташкент халықаралық кинофестивалінде «Үздік дебют» номинациясы бойынша жүлдемен марапатталды.

«Дала» фильмі Ақмола және Қостанай облыстарының кең даласында түсірілген. Туындының бюджеті шамамен 180 миллион теңгені құрады.

«Дала» фильмінің режиссері, продюсері әрі сценарисі Максим Акбаров әлеуметтік желіде бүкіл Қазақстан халқына, табиғат пен жануарлар әлеміне бей-жай қарамайтын барша жанға үндеу жасады.

«2019 жылы браконьерлер киіктер пен сирек кездесетін жануарларды аулау кезінде «Охотзоопром» инспекторларын атып кеткен болатын. Осы оқиғаны көргеннен кейін мен бұл мәселені көтеріп, далада не болып жатқанын көрерменге жеткізу үшін фильм түсіруді ұйғардым. Өйткені мұнда браконьерлер ақша мен мүйіз үшін кісі өлтіреді, содан отбасылар асыраушысыз қалады. Инспекторлар 200-300 мың теңге үшін басын қатерге тігіп, далада қаза табады», – дейді ол. 

Режиссер қазақстандық көрермен шындықты өз көзімен көруін мақсат тұтқанын айтады.

«Фильм біршама халықаралық кинофестивальдардан өтіп, көптеген марапатқа ие болды. Бірақ ең бастысы бұл емес. Ең бастысы  біздің қазақстандық көрерменнің «Степь» фильмінде көрсетілген бұл оқиғаны, кейіпкерлерімізді, әділетсіздік пен шындықты өз көзімен көруі. Бұл фильм деректі кино ретінде емес, экшн және триллер жанрында түсірілген. Мұнда атыс-шабыс, қуғын сахналары өте көп. Біз мұның бәрін көрерменге қызықты болуы үшін жасадық. Фильм 23 шілдеден бастап елдің барлық кинотеатрларында шығады. Біз оны екі тілде түсірдік, сондықтан өз қалауыңызша қазақша немесе орысша көре аласыз. Сондай-ақ кассадан жиналған қаражаттың бір бөлігі қаза тапқан инспекторлардың отбасыларына беріледі», – дейді Максим Акбаров.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз