Санжар Боқаев тамыздың ортасына дейін қамауда отырады

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев 18 тамызға дейін қамауда болады. Мұндай шешімді Алматының тергеу соты қабылдады. Боқаевқа қатысты бұлтартпау шарасын ұзарту туралы оның адвокаты Радмир Өтепов мәлімдеді.

«Бүгін, өкінішке қарай, тергеу соты қорғауымыздағы азамат Санжар Боқаевты қамауда ұстау мерзімін тағы да 2026 жылдың 18 тамызына дейін ұзартты», – деді ол Instagram әлеуметтік желісінде.

Санжар Боқаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды

Санжар Бокаевтың тағы бір адвокаты Алма Мусина Youth.kz порталына сұқбат беріп, белсендіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанын тергеу органы 13 шілдеде жария еткенін мәлімдеді.

«Енді біз қылмыстық іс материалдарымен танысуды  күтіп отырмыз. Санжар Боқаевқа тоғыз жыл бұрын «Қазтрансгаз» жұмысшыларының кәсіп одағынан алаяқтық жолмен қаражат жымқырған, Баум бағында ағаштарды  заңсыз кесті, әлеуметтік желі арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып бірнеше айып тағылған. Адвокаттардан сотқа дейінгі тергеу материалдарын жарияламау туралы қолхат алғандықтан, істің мән-жайын толық айта алмаймын», – деді ол. 

Адвокат Санжар Боқаевқа тағылған айыппен келіспейтінін айтып, тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысқан соң іс прокуратураға, ары қарай сотқа жіберілетінін мәлімдеді.

«Сот қашан өтетінін әлі белгісіз. Іспен танысуға бір айдай уақыт кетеді. Сот тамыздың аяғы,  қырқүйектің басына түсуі мүмкін», – деді Алма Мусина.

Айта кетейік, Санжар Боқаев биыл наурыз айында ұсталған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыруға, құрылыс нысандарындағы ұрлықтарға қатысы болуы мүмкін. Сондай-ақ оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдік тағылып отыр.  Маусым айында тергеу соты қоғам белсендісіне қатысты қамау мерзімін 18 шілдеге дейін ұзартқан еді. Сол кезде сот қорғау тарапының бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін қанағаттандырмаған.

Санжар Боқаев – өзекті мәселелерді көтеріп жүрген қоғам белсендісі. Ол соңғы жылдары елдегі қоғамдық маңызы бар мәселелерді, соның ішінде автокөлікке салынатын утильалымға қарсы бастамаларды, бюджет қаражатының жұмсалу тиімділігін,сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік сатып алулардағы ықтимал заңбұзушылықтарды, Алматыдағы жол жөндеу жұмыстарының сапасын, заңсыз ағаш кесу фактілерін, Есентай өзенінің жағалауын абаттандыру кезіндегі мәселелерді және қала инфрақұрылымындағы кемшіліктерді әлеуметтік желілерде тұрақты көтеріп, қоғамдық резонанс тудырды. Оның кейбір жарияланымдарынан кейін құзырлы органдар тексеру жүргізіп, жергілікті атқарушы органдар кемшіліктерді жоюға кіріскен жағдайлар да болған. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз