«Инстаграм психологтарына» тосқауыл: Қазақстандағы жаңа заң нені өзгертеді?

Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік желілерде өзін «психолог», «психотерапевт», «психокеңесші» немесе «коуч» деп таныстырып, ақылы қызмет көрсететін адамдардың қатары да өсті. Алайда олардың барлығының бірдей кәсіби білімі мен тиісті даярлығы болған жоқ. Осыған орай, 2 шілдеде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Психологиялық қызмет туралы» заңын мақұлдады. Youth.kz психологтар мен коучтардың жұмысын реттейтін жаңа заңды талдайды. 

Қазақстан Парламенті «Психологиялық қызмет туралы» заңды қабылдап, психологиялық көмек көрсету саласын алғаш рет кешенді түрде құқықтық реттеуге кірісті. Заңның негізгі мақсаты – психологиялық қызметтің сапасын арттыру, кәсіби стандарттарды қалыптастыру және азаматтарды біліксіз немесе жалған мамандардың қызметінен қорғау. 

Жаңа заң психологтарға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Енді психолог қызметін жүзеге асыратын мамандардың кәсіби даярлығы, білімі, құқықтары мен міндеттері заң аясында айқындалады. Сонымен қатар психологтардың мемлекеттік тізілімі құрылып, кез келген азамат маманның заңды түрде қызмет көрсетуге құқығы бар-жоғын тексере алады. Бұл психологиялық қызмет нарығының ашықтығын қамтамасыз етіп, халықтың сенімін арттыруға бағытталған.

Құжатта кәсіби этика мәселесіне де ерекше назар аударылған. Психологтар клиенттің жеке өміріне қатысты мәліметтердің құпиялылығын сақтауға, қызмет басталар алдында ақпараттандырылған келісім алуға және адамның ар-намысы мен құқықтарын құрметтеуге міндеттелген. Бұдан бөлек, психологиялық көмекті офлайн ғана емес, онлайн форматта көрсету тәртібі де заңмен реттеледі. 

Заң қоғамда кеңінен талқыланған тағы бір мәселені – әлеуметтік желілердегі «инстаграм психологтары» мен коучтардың қызметін де назардан тыс қалдырған жоқ. Құжат коучингке толық тыйым салмайды. Алайда психологиялық көмек көрсететін немесе өзін психолог ретінде таныстыратын адамның тиісті кәсіби даярлығы болуы тиіс. Әйтпесе «психолог», «психокеңесші» немесе соған ұқсас кәсіби атауларды пайдалануға жол берілмейді.

Сонымен қатар заң психологиялық және медициналық көмектің аражігін нақтылайды. Психологтардың психикалық ауруларға диагноз қоюға немесе дәрі-дәрмекпен ем тағайындауға құқығы жоқ. Мұндай қызметті тек психиатрлар мен психотерапевтер ғана жүзеге асыра алады. 

Психологтардың қызметі басқа елдерде қалай реттеледі?

Қазақстан психологтардың қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеуге алғаш рет кірісіп отырғанымен, бұл тәжірибе әлемнің көптеген елінде бұрыннан қалыптасқан. Дегенмен халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттер ең алдымен азаматтарды біліксіз мамандардан қорғауға басымдық береді.

Германияда психологиялық қызмет қатаң талаптармен реттеледі. Психологиялық кеңес беру мен психотерапиялық қызметтің ара-жігі нақты ажыратылған. Клиникалық психотерапиямен айналысу үшін маман арнайы жоғары білім алып қана қоймай, мемлекеттік лицензияны иеленуі тиіс. Лицензиясыз психотерапиялық қызмет көрсету заң бұзушылық болып саналады. 

Ұлыбританияда психологтардың бірқатар кәсіби атаулары заңмен қорғалған. Мәселен, «клиникалық психолог», «психолог-кеңесші» сияқты атауларды тек мемлекеттік тіркеуден өткен мамандар ғана пайдалана алады. Оларды тіркеумен «Health and Care Professions Council» (HCPC) айналысады. Сонымен қатар «British Psychological Society» (BPS) мамандардың кәсіби стандарттары мен этикалық қағидаларын әзірлейді. 

Австралияда психолог мамандығы денсаулық сақтау саласындағы реттелетін кәсіптердің қатарына жатады. Елде «Psychology Board of Australia» және «Australian Health Practitioner Regulation Agency» (AHPRA) мамандарды тіркеумен және олардың кәсіби қызметін бақылаумен айналысады. Мемлекеттік тіркеуден өтпеген адам өзін психолог ретінде таныстыра алмайды. Сонымен қатар мамандардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыруы міндетті.

Жалпы алғанда, халықаралық тәжірибе бірнеше ортақ қағиданы көрсетеді. Біріншіден, көптеген мемлекетте психологтардың кәсіби атауы заңмен қорғалады және оны кез келген адамның пайдалануына жол берілмейді. Екіншіден, психологиялық көмек көрсететін мамандарға жоғары білім, лицензия немесе мемлекеттік тіркеу секілді міндетті талаптар қойылады. Үшіншіден, кәсіби этика, клиенттің құпиясын сақтау және жауапкершілік мәселелері заңнаманың маңызды бөлігі саналады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз