Халықаралық байқаушылар Қазақстандағы Құрылтай сайлауына қандай баға берді?

23 тамызда Қазақстанда өткен мерзімінен бұрын парламенттік сайлауды халықаралық байқаушылар жалпы алғанда ұйымдасқан әрі тыныш өтті деп бағалады. Сонымен бірге, саяси бәсекелестіктің шектеулі болуы, әкімшілік ресурстарды пайдалану, БАҚ жұмысы және дауыстарды санау барысына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ ДИАҚБ)  бастаған Сайлауды байқау жөніндегі халықаралық миссияның алдын ала қорытындысында сайлау процесінің техникалық ұйымдастырылуы оң бағаланғанымен, саяси таңдау мүмкіндігі шектеулі болғаны айтылған.

Саяси бәсекелестік шектеулі болды

Миссияның мәліметінше, сайлауға қатысқан партиялардың барлығы қазіргі Президенттің саясатын қолдаған.

«Айқын саяси баламалардың болмауы саяси таңдау мүмкіндігін шектеді», – делінген есепте.

Бұған қоса, тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысу мүмкіндігі жойылған. Қазіргі жүйе бойынша Құрылтай депутаттары саяси партиялардың жабық тізімдері арқылы сайланады.

Сайлауға жеті партия қатысып, 545 кандидат ұсынды. Оның 172-сі әйел, яғни 31,5 пайыз болды..

«Әділет» партиясына қатысты сын

Халықаралық байқаушылар «Әділет» партиясының сайлау науқанындағы жағдайына ерекше назар аударған. Миссияның мәліметінше, партия бұрынғы «AMANAT» партиясының ұйымдық құрылымдарын, желілері мен ресурстарын пайдаланған. Бұл «Әділеттің» басқа партияларға қарағанда айтарлықтай артықшылыққа ие болуына әсер еткен.

«Осы факторлардың жиынтығы «Әділет» партиясына негізсіз артықшылық беріп, мемлекет пен партия арасындағы шекараны бұлыңғыр етті», – дейді халықаралық миссия.

Сонымен қатар, бірқатар өңірде мемлекеттік әкімшілік ресурстарды пайдалану туралы ақпарат түскен. Атап айтқанда, мемлекеттік сектор қызметкерлерін үгіт шараларына тарту жағдайлары хабарланған.

Сайлау комиссияларының жұмысы

Байқаушылар сайлау комиссияларының техникалық дайындығына негізінен оң баға берді. Алайда, шешім қабылдау процесінің ашықтығына қатысты мәселе туындаған.

Миссия бақылаған отырыстарда шешімдердің көп жағдайда пікірталассыз және бірауыздан қабылданғанын айтады. Бұл Орталық сайлау комиссиясының шешім қабылдау процесінің ашықтығы мен есептілігіне әсер еткен.

Дауыстарды санауға қатысты мәселелер

Сайлау күні жалпы тыныш өткеніне қарамастан, дауыс беру мен дауыстарды санау кезінде бірқатар рәсімдік кемшілік тіркелген. Халықаралық байқаушылар 1 327 сайлау учаскесіндегі дауыс беруді бақылаған. Кейбір учаскелерде топ болып дауыс беру, сайлаушылар тізіміндегі күмәнді қолтаңбалар және бюллетеньдерді жасырын толтырмау жағдайлары байқалған.

Ал 119 учаскедегі дауыстарды санаудың 40-ы теріс бағаланған. Кей жерлерде хаттамалар толық толтырылмаған, нәтижелер дауыстап жарияланбаған және бақылаушыларға хаттамалардың көшірмелері берілмеген.

Бақылаушылар сонымен қатар дауыс берген адамдар саны мен ресми жарияланған қатысу көрсеткіштері арасында айырмашылық болғанын хабарлады.

Сайлаушыларға қысым жасалған болуы мүмкін

Миссия сайлаушыларға қысым көрсетілген болуы мүмкін деген белгілерге де назар аударды.

Бақылау жүргізілген учаскелердің 6 пайызында сайлаушылардың бюллетеньдерін суретке түсіргені байқалған. Кейбір азаматтар мұндай суреттерді жұмыс берушілеріне кімге дауыс бергенін растау үшін түсіргенін айтқан.

Әйелдердің саяси белсенділігі

Сайлауға қатысқан 545 кандидаттың 172-сі әйел болды. Бұл кандидаттардың 31,5 пайызын құрайды. Қазақстан заңнамасында әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін кемінде 30 пайыздық квота қарастырылған. Алайда, халықаралық миссия бұл квота аталған үш топтың әрқайсысының жеке-жеке өкілдігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз деп есептейді.

БАҚ пен сөз бостандығы

Миссия Қазақстандағы медиа плюрализмнің шектеулі екенін айтады.Байқаушылардың пікірінше, тәуелсіз журналистерге қысым көрсету, интернеттегі контентті жою және сайттарды бұғаттау сияқты мәселелер журналистердің өзін-өзі цензуралауына әсер етеді.

Сайлау науқаны кезінде БАҚ партияларды негізінен бейтарап жариялағанымен, талдамалық және сыни материалдар аз болған.

ДИАҚБ мониторингі бойынша телерадио материалдарының шамамен 35 пайызы жеті партияға арналса, қалған 65 пайызы Президентке, Үкіметке және мемлекеттік органдарға қатысты болған.

Миссияның пікірінше, партиялардың бағдарламаларын терең талқылайтын материалдардың аздығы сайлаушылардың саналы таңдау жасау мүмкіндігін шектейді.

Сайлау дауларына қатысты шектеулер

Азаматтар мен саяси партиялар сайлау комиссияларына, сотқа немесе прокуратураға шағым бере алады. Алайда, халықаралық байқаушылар сайлау нәтижелеріне дау айтуға қатысты шектеулер бар екенін мәлімдедіі.

Миссия азаматтар мен сайлау процесіне қатысушылардың түпкілікті нәтижелерге дау айту құқығы жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмегенін сынға алды.

Сайлау қорларының ашықтығы

ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлау науқанын қаржыландыру жүйесіне де назар аударды. 2026 жылғы өзгерістерден кейін саяси партия 1,275 млрд теңгеге дейін, жеке тұлға 25,5 млн теңгеге дейін, ал заңды тұлға 127,5 млн теңгеге дейін жарна енгізе алады. Сайлау қорының жалпы көлемі 3,8 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін.

16 тамыздағы мәлімет бойынша ең көп қаржы «Әділет» партиясының сайлау қорына түскен. Бұл – шамамен 3,6 млрд теңге. Партия үгіт науқанына 820 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған.

ДИАҚБ бақылау және аудит тетіктерінің жеткіліксіз екенін де айтады.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау

Байқау жүргізілген сайлау учаскелерінің шамамен 17 пайызында мүгедектігі бар сайлаушылардың ғимаратқа өздігінен кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілмеген. Миссия бұл бағытта орталық деңгейде белгілі бір жұмыс жүргізілгенімен, барлық учаскеде жағдай бірдей болмағанын анықтаған.

Халықаралық миссия Қазақстандағы сайлау күнінің ұйымдасқан әрі тыныш өткенін мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлаушылардың қатысуы 74,19 пайыз болды.

Байқаушылар саяси бәсекелестіктің шектеулі болуы, тәуелсіз кандидаттардың қатыса алмауы, әкімшілік ресурстарды пайдалану, БАҚ-тағы плюрализм, сайлау қаржысын бақылау және дауыстарды санау барысындағы рәсімдік кемшіліктерді анықтаған.

ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) сайлаудың түпкілікті бағасын дауыс санау, нәтижелерді жинақтау мен жариялау және сайлаудан кейінгі шағымдарды қарау аяқталғаннан кейін береді. Толық қорытынды есеп бірнеше айдан соң жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз