Қазақстандағы Құрылтай сайлауы: ЕҚЫҰ есебі нені көрсетті?

Қазақстанда 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтті. Бұл сайлау елдегі ауқымды конституциялық өзгерістерден кейінгі алғашқы парламенттік науқан болды. Сондықтан оның маңызы тек жаңа депутаттарды таңдаумен шектелмейді. Сайлау жаңа бірпалаталы Құрылтайдың қалай қалыптасатынын және Қазақстандағы саяси жүйенің жаңа Конституциядан кейін қалай жұмыс істейтінін көрсетуі тиіс болды. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) сайлау барысын бақылау үшін 10 шілдеден бастап миссия жұмысын бастап, 10 шілде мен 3 тамыз аралығындағы жағдайды қамтитын аралық есепті жариялады. Миссия құрамында Астанадан 12 сарапшы және Қазақстанның 11 өңіріне жіберілген 22 ұзақ мерзімді бақылаушы болды.

Жаңа Конституция және саяси жүйенің өзгеруі

Сайлаудың басты ерекшелігі – оның жаңа Конституция қабылданған соң өтуі. 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумнан кейін жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енді. Соның нәтижесінде бұрынғы екіпалаталы Парламенттің орнына бірпалаталы Құрылтай құрылды. Құрылтай құрамына 145 депутат сайланады.

Депутаттар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланады. Яғни, бұл жолы азаматтар жеке кандидаттарға емес, саяси партиялардың тізімдеріне дауыс береді. Сайлау жүйесінде 5 пайыздық шек белгіленген.

Сонымен қатар сайлау жүйесінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың өкілдігін арттыру мақсатында кандидаттардың жалпы санының кемінде 30 пайызына арналған квота қарастырылған. Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысқан жеті партияның кандидаттар тізімін тіркеді. Жалпы 545 кандидаттың 172-сі әйелдер болды, бұл барлық кандидаттардың 31,5 пайызына тең. Ал әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтарды қамтитын жиынтық квота талаптарына сәйкес келетін кандидаттардың үлесі 43,9 пайызды құрады. 

Бұл өзгерістердің оң жағы – Парламент құрылымының жаңаруы және әлеуметтік топтардың өкілдігін арттыруға бағытталған механизмдердің енгізілуі.

Алайда, ЕҚЫҰ сарапшылары басқа мәселеге назар аударады.Жаңа Конституция мен оған сәйкес сайлау заңнамасы өте қысқа мерзімде қабылданған. Есепте бірқатар заңнамалық өзгерістер қоғамдық талқылау мүмкіндігі шектеулі жағдайда жедел қабылданғаны айтылған. Парламент конституциялық заңдар мен түзетулердің үлкен пакетін шамамен екі апта ішінде қараған.

Бұл жерде негізгі мәселе – заңдардың мазмұнынан бөлек, оларды қабылдау процесінің ашықтығы. Сайлау ережелері қоғам мен саяси күштерге алдын ала түсінікті әрі тұрақты болған кезде ғана сайлау жүйесіне деген сенім артады.

Тәуелсіз кандидаттардың болмауы – басты өзгерістердің бірі

ЕҚЫҰ есебіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысу мүмкіндігінің алынып тасталуы. Жаңа ережеге сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды тек ресми тіркелген саяси партиялар ұсына алады. Бұрынғы парламенттік сайлауда партиялармен бірге бірмандатты округтерден тәуелсіз кандидаттар да сайланған еді.

Мысалы, 2023 жылғы сайлауда Мәжіліске 98 депутаттың 69-ы партиялық тізім арқылы, ал 29-ы бірмандатты округтер арқылы сайланған. Жаңа жүйеде мұндай мүмкіндік жоқ.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ халықаралық стандарттар мен өзінің бұрынғы ұсынымдары тұрғысынан тәуелсіз кандидаттардың да сайлауға қатысу мүмкіндігі болғанын құптайтынын атап көрсеткен. Миссиямен сөйлескен саяси партиялардың кейбірі жаңа тәртіпті қолдағанымен, басқа сұхбаттасушылар оны саяси қатысуды шектейтін өзгеріс деп бағалаған.

Бұл өзгерістің саяси салмағы жоғары. Себебі, енді азамат өзін партиядан тыс жеке тұлға ретінде ұсына алмайды. Сайлауға қатысу үшін міндетті түрде партияның мүшесі болу және оның тізіміне ену қажет.

Сондықтан, жаңа жүйеде партиялардың ішкі демократиясы, кандидаттарды таңдау тәртібі және партиялық тізімдердің қалай жасалатыны бұрынғыдан да маңызды болып отыр.

Саяси бәсекелестік мәселесі

ЕҚЫҰ есебінде Қазақстандағы саяси кеңістіктің негізгі ерекшелігі ретінде Президент саясатының басымдығы көрсетілген. Есепте жаңа «Әділет» партиясының құрылып, кейін биліктегі «Аманат» партиясымен бірігуі сайлау алдындағы саяси жағдайға елеулі әсер еткені айтылады. ЕҚЫҰ бақылаушылары бұл жағдайды жаңа партияның сайлаудағы негізгі саяси күштердің біріне айналуымен байланыстырады.

Сонымен қатар, есепте сайлауға қатысқан барлық партиялардың Президент саясатын қолдайтыны айтылады. Миссияның бірқатар сұхбаттасушылары нақты оппозициялық партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы саяси плюрализмді әлсіретуі мүмкін екенін айтқан.

Бұл жерде «сайлауда қанша партия бар?» деген сұрақтан гөрі «ол партиялар бір-бірінен қаншалықты ерекшеленеді?» деген мәселе маңызды.

Жеті саяси партия сайлауға қатысты. ОСК олардың барлығының кандидаттар тізімін тіркеді. Бірақ, саяси бәсекелестік тек партия саны арқылы өлшенбейді. Бәсекелестік үшін партиялардың билікке қатысты әртүрлі ұстанымы, балама бағдарламалары және қоғамдағы әртүрлі топтардың мүддесін білдіру мүмкіндігі болуы қажет.

ЕҚЫҰ-ның есебінде дәл осы саяси плюрализм мәселесі басты назарға алынған.

Сайлаушылардың жағдайы

2 тамыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда 12 605 788 сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар тізімі тұрақты тұрғылықты жері бойынша қалыптастырылады. Әкімдіктер мәліметтерді жаңартып, оларды сайлау комиссияларына береді. ЕҚЫҰ-мен сөйлескендердің көпшілігі сайлаушылар тізімдерінің дұрыстығына сенім білдірген.

Сонымен бірге, бақылаушылар бұрыннан келе жатқан бір мәселеге тағы назар аударған.

Егер азамат сайлау күні белгілі бір учаскенің аумағында тұратынын дәлелдесе, оны қосымша тізімге енгізуге болады. Бұл үшін сот немесе әкімшілік бақылауы қарастырылмаған.

ЕҚЫҰ мұндай тәжірибені бұрын да шектеуді ұсынған. Себебі, сайлаушыларды қосымша тізімге енгізу тәртібі барынша анық әрі бақыланатын болуы керек.

Сайлау құқығына қатысты сын

ЕҚЫҰ есебінде тағы бір маңызды мәселе бар: сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтардың сайлау құқығынан айырылуы.

Есеп авторлары бұл норманың халықаралық стандарттарға және бұрынғы ұсынымдарға сәйкес келмейтінін атап көрсетеді. Мүгедектіктің немесе адамның шешім қабылдау қабілетіне қатысты жағдайдың өзі оның дауыс беру құқығын автоматты түрде шектеуге негіз болмауы тиіс деген халықаралық қағидаттар бар.

Бұл мәселе әсіресе инклюзивті сайлау тұрғысынан маңызды. Өйткені, қазіргі заманғы сайлау жүйесінде азаматтың әлеуметтік немесе денсаулық жағдайына қарамастан саяси құқықтарын барынша сақтау негізгі қағидалардың бірі саналады.

Әйелдердің саяси белсенділігі

Қазақстанда әйелдердің саяси өмірдегі өкілдігі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

ЕҚЫҰ дерегінше, бұрынғы Мәжілістегі 98 депутаттың тек 18-і әйел болған. Бұл шамамен 18 пайыз. Үкіметтегі 25 жоғары лауазымның үшеуін ғана әйелдер атқарған. Ал 20 облыс әкімінің арасында бірде-бір әйел болмаған.

Жаңа сайлауда әйелдерге қатысты квота белгілі бір өзгеріс енгізді. 545 кандидаттың 172-сі әйел болды.

Дегенмен, кандидаттардың арасында әйелдердің болуы олардың кейін Құрылтайда нақты қанша орын алатынына автоматты түрде кепілдік бермейді. Мұнда партиялық тізімдердің реті өте маңызды. Себебі мандаттар партия алған дауыс санына және тізімдегі кандидаттардың орналасуына байланысты бөлінеді.

Сондықтан, әйелдердің саяси өкілдігін бағалағанда тек кандидаттардың пайызын емес, сайлау нәтижесінен кейінгі нақты депутаттық құрамды да қарау қажет.

Сайлау науқаны және әлеуметтік желілер

ЕҚЫҰ сайлау науқанының қатаң реттелетінін айтады. Науқан 23 шілдеде басталып, 21 тамызда аяқталуы тиіс болды.

Партиялар тікелей кездесулермен қатар әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланды. Facebook және Instagram платформаларындағы партиялар, кандидаттар, блогерлер мен журналистердің аккаунттары да бақылауға алынған.

Бұл қазіргі сайлаудың маңызды ерекшелігін көрсетеді: саяси коммуникация дәстүрлі теледидардан әлеуметтік желілерге қарай ауысып келеді.

Бірақ ЕҚЫҰ онлайн кеңістіктегі бақылауға қатысты алаңдаушылықтарды да тіркеген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің онлайн кеңістікті бақылауы, контентті алып тастау және интернеттегі кең сипаттағы шектеулер кейбір сұхбаттасушылардың пікірінше, саяси және сыни пікірлердің таралуына әсер етуі мүмкін.

Яғни, мәселе интернетті бақылаудың болуында ғана емес, оның қандай критериймен жүргізілетінде. Егер ережелер тым кең түсіндірілсе, азаматтар өз пікірін жариялаудан тартынуы мүмкін.

БАҚ және сөз бостандығы

ЕҚЫҰ есебінің ең көлемді әрі маңызды бағыттарының бірі – бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы.

Есепте Қазақстандағы медиа нарықта мемлекет ықпалының жоғары екені айтылады. Миссия сұхбаттасушыларының пікірінше, бұл жағдай медиа плюрализмді шектеуі мүмкін.

БАҚ үшін тағы бір мәселе – заңнамалық шектеулер. Мемлекеттік қызметкерлерді қорлау, жалған ақпарат тарату сияқты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар, тәуелсіз журналистерге қысым көрсету, сот істері, онлайн контентті өшіру және журналистерді аккредиттеуге байланысты мәселелер туралы алаңдаушылықтар көрсетілген.

Сайлау кезінде барлық партияларға тең мүмкіндік беру талабы бар. Бірақ тегін эфир уақыты немесе тегін баспа орны қарастырылмаған. Партиялар жарнамалық уақытты сатып алуы керек. Есепте кейбір жағдайларда телевизиялық жарнаманың бағасы минутына шамамен 300 мың теңгеге дейін жететіні көрсетілген.

Бұл жерде қаржылық мүмкіндік те саяси бәсекелестіктің бір бөлігіне айналады. Қаржысы көп партия аудиторияға көбірек жетуі мүмкін, ал ресурсы шектеулі партияның ақпараттық мүмкіндігі төмендейді.

Дебаттар

Сайлау науқаны кезінде партиялар арасында пікірталас өткізу тәжірибесі де болды.

29 шілдеде мемлекеттік «Qazaqstan TV» арнасында алғашқы сайлау дебаты өтті. Оған сайлауға қатысқан барлық партиялар қатысты.

Дебатта адам капиталы, экономика, жұмыссыздық және сыбайлас жемқорлық сияқты мәселелер көтерілді.Бұл – саяси партиялардың бағдарламаларын салыстыру үшін маңызды алаң.

Алайда, дебаттың болуының өзі толыққанды саяси бәсекелестікті білдірмейді. Оның тиімділігі партияларға өз позицияларын еркін айтуға, бір-бірін сынауға және сайлаушыға нақты балама ұсынуға қаншалықты мүмкіндік берілгеніне байланысты.

Сайлау қаржысы

2026 жылы сайлау науқанын қаржыландыру ережелері де өзгерді. Енді парламенттік сайлау негізінен партиялардың сайлау қорлары арқылы қаржыландырылады. Жеке кандидаттардың жеке сайлау қорын құруына жол берілмейді.

Қор партияның өз қаражатынан, кандидаттардың, азаматтардың және заңды тұлғалардың ақшалай жарналарынан қалыптасуы мүмкін.

Сонымен бірге, шетелдік қаржыландыруға, мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қаржыландырылатын ұйымдардың, діни және қайырымдылық ұйымдардың, сондай-ақ анонимді тұлғалардың қаражатына тыйым салынған. Бір жағынан, мұндай шектеулер сайлаудың сыртқы қаржылық ықпалдан қорғалуына бағытталған.

Екінші жағынан, қаржыландыру талаптарының күрделілігі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға қосымша әкімшілік жүктеме түсіруі мүмкін. Сондықтан, қаржылық ашықтықпен қатар, ережелердің түсінікті әрі біркелкі қолданылуы да маңызды.

Азаматтық қоғамның қатысуы

ЕҚЫҰ сарапшылары азаматтық қоғамның сайлауды бақылауға қатысуына да назар аударған. Есепте кейбір азаматтық қоғам ұйымдары бірлесу еркіндігіне қойылатын шектеулерді, қаржыландыру мәселелерін және әкімшілік қысымды атап өткен.

Осының салдарынан тәуелсіз азаматтық бақылауға қызығушылық төмендеуі мүмкін деген пікірлер келтіріледі. Соған қарамастан бірқатар ұйымдар сайлауды бақылауға аккредиттелген.

Бұл мәселенің маңызы өте жоғары. Себебі сайлаудың әділдігі тек дауыс беру күнімен өлшенбейді. Оған сайлауға дейінгі үгіт, кандидаттарды тіркеу, БАҚ-тағы тең мүмкіндік, қаржыландыру, шағымдарды қарау және сайлау нәтижесін жариялау кезеңдерінің барлығы кіреді.

Сот және шағымдану мәселесі

Заң бойынша азаматтар мен партиялар сайлау комиссияларына, соттарға және прокуратураға шағым бере алады. Сайлау даулары үшін жеделдетілген қарау мерзімдері белгіленген.

Алайда, аралық есеп дайындалған кезде ОСК мен аумақтық комиссияларға елеулі шағымдар түспеген. Жергілікті соттарда партияішілік мәселелер бойынша екі азаматтық іс қаралған: біреуі қанағаттандырылмаған, екіншісі сол кезде қаралу үстінде болған.

ЕҚЫҰ-мен сөйлескен кейбір адамдар саяси сипаттағы істер бойынша сот жүйесінің бейтараптығына күмән келтірген.

Бұл – сайлау жүйесі үшін маңызды индикатор. Себебі, сайлау кезінде дау туындаса, оған тәуелсіз және тиімді құқықтық механизм арқылы жауап берілуі қажет.

ЕҚЫҰ-ның аралық есебін бір ғана «сайлау жақсы өтті» немесе «сайлау нашар өтті» деген бағамен түсіндіру дұрыс емес.

Есепте Қазақстандағы сайлау жүйесінің техникалық және ұйымдастырушылық жағына қатысты оң бағамен қатар, саяси бәсекелестік пен азаматтық құқықтарға байланысты бірқатар жүйелі мәселе көрсетілген.

Біріншіден, Қазақстан жаңа Конституциядан кейін мүлдем жаңа парламенттік модельге көшіп отыр. Екіпалаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бірпалаталы Құрылтай келді.

Екіншіден, депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау саяси партиялардың рөлін бұрынғыдан да күшейтеді. Енді партиялар кандидаттарды іріктеудің негізгі қақпасына айналады. Бұл олардың ішкі демократиясы мен ашықтығына қойылатын талапты арттырады.

Үшіншіден, тәуелсіз кандидаттардың болмауы сайлау процесіндегі саяси қатысудың шеңберін тарылтады деген сын бар. ЕҚЫҰ бұл мәселені халықаралық стандарттар тұрғысынан проблема деп бағалайды.

Төртіншіден, саяси плюрализм мәселесі алдыңғы қатарда тұр. Сайлауға жеті партия қатысқанымен, ЕҚЫҰ сұхбаттасушыларының бір бөлігі нақты оппозициялық күштер мен тәуелсіз кандидаттардың жоқтығына алаңдаған.

Бесіншіден, БАҚ пен интернеттегі саяси пікір білдіру еркіндігіне қатысты сұрақтар сақталып отыр. Мемлекеттік бақылау, контентті өшіру, журналистерге қатысты заңнамалық тәуекелдер және өзін-өзі цензуралау қаупі есепте бірнеше рет аталады.

Алтыншыдан, әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың саяси өкілдігін арттыру үшін квота енгізілген. Бұл оң өзгеріс болғанымен, оның нақты нәтижесін Құрылтайдың сайлаудан кейінгі құрамынан бағалау қажет.

Ең басты мәселе – техникалық емес, саяси бәсекелестік болып қалады

ЕҚЫҰ есебінен шығатын негізгі қорытынды – Қазақстанның сайлау өткізуге қажетті институционалдық және техникалық мүмкіндігі бар екені байқалады. ОСК жұмысын уақытында жүргізіп, сайлаушылар тізімі қалыптастырылып, комиссиялар оқытылып, партиялар тіркелген.

Бірақ халықаралық бақылаушылардың басты сұрағы сайлауды өткізу қабілетіне емес, саяси таңдау мүмкіндігінің қаншалықты кең екеніне қатысты болып отыр.

Сайлаушы үшін демократиялық сайлаудың мәні – бірнеше атаудың бюллетеньде болуы ғана емес. Ол әртүрлі саяси көзқарастардың ұсынылуын, кандидаттардың еркін бәсекеге түсуін, БАҚ-та тең ақпараттық мүмкіндік болуын және азаматтың өз таңдауын қысымсыз жасауын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз