Қазақстан адам құқықтары бойынша сегіз құжатты ратификациялаған
Қазіргі таңда Қазақстан адам құқықтары жөніндегі сегіз негізгі халықаралық құжатты ратификациялаған. Қазақстан Конституциясына сәйкес, ратификацияланған халықаралық шарттар ұлттық заңдардан жоғары тұрады. Бұл елдің халықаралық құқық нормаларын мойындайтынын көрсетеді. Дегенмен халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстанда адам құқықтары толық сақталмайтынын жиі айтады. Кейбір сарапшылардың айтуынша, БҰҰ комитеттері қараған істердің көпшілігінде азаматтардың шағымы негізді деп танылған.
Youtz.kz Қазақстан ратификациялаған конвенцияларға шолу ұсынады.
Қазақстан ратификациялаған негізгі құжаттар:
- Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенция
- Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт
- Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакт
- Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы конвенция
- Азаптауға қарсы конвенция
- Бала құқықтары туралы конвенция
- Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенция
- Күштеп жоқ қылып жіберуден қорғау туралы конвенция
Нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы халықаралық конвенция
Нәсіліне қарап кемсітудің барлық түрін жоюға бағытталған құжат. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясы 1965 жылы қабылдады, ал 1969 жылы күшіне енді.
Бұл конвенцияның құзіретін мойындаған елдер кез келген нәсілшілдікті жоюға (оны айыптайтын заң шығару, барлық нәсіл өкілдерінің бір-бірімен тату өмір сүруін қамтамасыз ету) атсалысады. Қазір оны 188 ел ратификациялады.
Конвенцияның орындалуын БҰҰ Нәсілшілдікті жою жөніндегі комитеті қадағалайды, қарауындағы істерді соған қарап шешеді.
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (Қазақстан әлі қол қоймады) негізінде жасалған БҰҰ-ның пактісі. 1966 жылы қабылданып, 1976 жылы күшіне енді.
Пакт елдерді адамдардың азаматтық және саяси құқықтарын - өмір сүру, қалаған дінін ұстану, сөз бостандығына, бейбіт жиналыстар жасау, сайлау мен әділ сотқа, құқықтарын құрметтеуге міндеттейді.
Қазіргі таңда оны 173 ел ратификациялады. Қазақстан оны 2006 жылы бекітті.
Құжаттардағы шарттардың орындалуын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті қадағалайды, құжатты бекіткен елдердің азаматтарының арызын қарап, шешім шығарады.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтардың халықаралық пакті
Бұл құжатты БҰҰ 1966 жылы қабылдап, ол 1976 жылы күшіне енді. Қазір оны 171 ел ратификациялаған.
Пактіні ратификациялаған елдер азаматтардың шешім қабылдау, жұмыс істеу, жақсы еңбек шарттарына, білім алу, әлеуметтік жәрдемақы алу және т.б құқықтарын сыйлауға, қорғауға міндетті.
Келісімдегі шарттардың орындалуын БҰҰ Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары жөніндегі комитеті қадағалайды.
Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін жою туралы конвенция
1979 жылы қабылданып, 1981 жылы күшіне енді. 189 ел ратификациялады. Оның құзіретін Қазақстан 1998 жылы мойындады.
Бұл БҰҰ-ның әйел құқықтарын (білім алу, жұмыс істеу, мүлікке ие болу және т.б) сыйлауға, қорғауға, ер мен әйел теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған құжаты.
Ондағы шарттардың орындалуын Әйелді кемсітуді жою комитеті қадағалайды, азаматтардың мемлекеттің үстінен жазған арыздарын қарап, шешім шығарады.
Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенция
1984 жылы қабылданып, 1987 жылы күшіне енді. 170 ел ратификациялады. Құжат адамдарды кез келген түрде азаптауға, оларды азап көру қаупі бар елдерге беруге тыйым салады.
Бұл конвенцияға сәйкес, ешбір адам азаптауға немесе адамгершілікке жатпайтын, ар-намысты қорлайтын жазаға немесе қатыгез қарым-қатынасқа ұшырамауы тиіс. Мемлекеттер мұндай әрекеттерге қатаң тыйым салып, оларды қылмыс ретінде заңдастыруға міндетті. Сонымен қатар күдіктілерді немесе тұтқындарды азаптауға да, оларды азапталу қаупі бар елдерге беруге де болмайды.
Конвенция мемлекеттерден азаптау жағдайларын тиімді түрде тергеп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді. Сондай-ақ әр адам өз құқығы бұзылған жағдайда қорғауға жүгіну мүмкіндігіне ие болуы керек.
Бұл құжаттың орындалуын БҰҰ жанындағы Азаптауға қарсы комитет бақылайды. Ол мемлекеттердің есептерін қарап, құқық бұзушылықтарға қатысты ұсыныстар мен қорытындылар береді.
Бала құқықтары туралы конвенция
Бала құқықтары туралы конвенция - балалардың құқықтарын қорғауға арналған ең маңызды халықаралық құжат. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымы 1989 жылы қабылдап, 1990 жылы күшіне енгізді.
Бұл конвенция 18 жасқа толмаған барлық баланың құқығын қорғайды. Онда әр баланың өмір сүруге, білім алуға, денсаулық сақтауға, ата-анасының қамқорлығында болуға және өз пікірін еркін айтуға құқығы бар екені көрсетілген. Сонымен қатар мемлекеттер балаларды зорлық-зомбылықтан, қанаудан, заңсыз еңбекке тартудан, сатудан және кез келген түрдегі қатыгез қарым-қатынастан қорғауға міндетті. Балаларға қатысты барлық шешімдерде ең басты қағида - баланың мүддесі бірінші орында тұруы керек.
Бұл конвенцияның орындалуын БҰҰ жанындағы Бала құқықтары жөніндегі комитет бақылайды. Ол мемлекеттердің есептерін қарап, балалардың құқықтарының сақталуын бағалап, ұсыныстар береді.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенция
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенция - мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға және олардың қоғамдық өмірге араласуын қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық құжат. Оны Біріккен Ұлттар Ұйымы 2006 жылы қабылдап, 2008 жылы күшіне енгізді.
Бұл конвенцияға сәйкес мүгедектігі бар адамдар барлық құқықтар мен бостандықтарды басқа адамдармен тең дәрежеде пайдалануы тиіс. Мемлекеттер оларды кемсітпей, керісінше білім алуға, жұмыс істеуге, медициналық қызмет алуға және қоғам өміріне қатысуына тең мүмкіндік беруге міндетті.
Конвенция сондай-ақ ғимараттардың, көлік жүйесінің және ақпараттың қолжетімді болуын талап етеді. Яғни мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз өмір сүру үшін жағдай жасалуы керек.
Бұл құжаттың орындалуын БҰҰ жанындағы Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитет бақылайды. Ол мемлекеттердің есептерін қарап, ұсыныстар беріп, құқықтардың сақталу деңгейін бағалайды.
Қазір конвенцияны 182 ел ратификациялаған.
Күштеп жоқ қылып жіберуден қорғау туралы конвенция
Азаптауларға қарсы конвенция негізінде пайда болған құжат. Күштеп жоқ қылып жіберу - мемлекет билігінің адамдарды ұрлап, бас бостандығынан айырып, кейін олардың қай жерде және қандай жағдайда екенін айтпауы.
Бұл құжат оның құзыретін мойындаған елдерді осындай қылмысқа барғандарды жазалауға, тұтқындарды ресми тіркелген, күзетілетін жерге қамауға, олардың есімін арнайы тізімге тіркеуге, оларды отбасы және адвокатымен кездестіруге, жақындарына тұтқын жайлы толық ақпарат (қай жерде отырғаны, денсаулығы туралы) беруге міндеттейді.
Қазір құжатты 63 мемлекет ратификациялаған.
Қорыта айтқанда, халықаралық келісімдерді ратификациялау - мемлекеттің адам құқықтарын қорғауға міндет алғанын көрсетеді. Бірақ ең маңыздысы сол міндеттердің іс жүзінде орындалуы болып отыр, өйткені бұл елдегі құқықтық жүйе мен демократия деңгейін көрсетеді.