Тоқаев БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитінде әлемдегі су қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысының айтуынша, су ресурстары азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетикаға, әлеуметтік тұрақтылыққа және экономикалық дамуға тікелей әсер етеді. Алайда қазіргі таңда су ресурстарын жаһандық деңгейде басқарудың бірыңғай жүйесі толық қалыптаспаған.
Тоқаевтың сөзінше, су мәселесімен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысқанымен, кең өкілеттікке ие бірыңғай үкіметаралық ұйым жоқ. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтеріп отыр.
«Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету, ресурстарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Су мәселелерін талдау орталығын құру жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде толықтыра алатынын айтты.
Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығын құру туралы ұсынысын қолдайтынына сенім білдірді.
Әлемде су тапшылығы күшейіп келеді
Су тапшылығы әлемдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. БҰҰ-ның 2026 жылғы Дүниежүзілік су ресурстарын дамыту есебіне сәйкес, қазір 2,1 млрд адам қауіпсіз басқарылатын ауызсуға қол жеткізе алмай отыр. Оның ішінде әйелдер мен қыздар суды жинауға күн сайын шамамен 250 млн сағат жұмсайды.
Мәселе климаттың өзгеруімен де күрделене түсуде. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, 3,6 млрд адам жылына кемінде бір ай суды жеткілікті пайдалана алмайды. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 млрд-тан асуы мүмкін.
Су тапшылығына климаттың өзгеруі, құрғақшылық, халық санының өсуі және су ресурстарына сұраныстың артуы себеп болып отыр. БҰҰ мәліметінше, әлемдегі судың шамамен 72%-ы ауыл шаруашылығында пайдаланылады.
Су мәселесі тек ауызсу тапшылығымен шектелмейді. Ол азық-түлік қауіпсіздігіне, денсаулыққа, ауыл шаруашылығына және экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қауіпсіз су, санитария және гигиенаның жеткіліксіздігі жыл сайын кемінде 1,4 млн адамның алдын алуға болатын өліміне себеп болады.
Осыған байланысты су ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту жаһандық күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айналып отыр.