БЖЗҚ салымшылары жинақтарын қалай көбейте алады?
Күзде Қазақстанда зейнетақы шоттарының иелеріне таңдау мүмкіндігін кеңейтетін жаңа ережелер күшіне енеді. Енді салымшылар өз қаражатын Ұлттық банктің басқаруында қалдыру немесе оны толықтай лицензияланған жеке басқарушы компанияларға сеніп тапсыру туралы шешімді өздері қабылдай алады. БЖЗҚ бұл тетіктің қалай жұмыс істейтінін және салымшылар үшін қандай кепілдіктер сақталатынын түсіндірді.
Мемлекеттік кепілдік сақталады
Негізгі өзгерістердің бірі зейнетақы жинақтарының сақталуына қатысты. БЖЗҚ мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты аударылған сомасының сақталуына кепілдік береді.
Бұл кепілдік зейнетақы жүйесіне жүргізілетін мемлекеттік бақылау арқылы қамтамасыз етіледі. БЖЗҚ қызметі де, инвестициялық портфельді басқарушылардың қызметі де қатаң реттеледі. Олар үшін инвестицияларды әртараптандыру, тәуекелдерді шектеу және инвестициялық нормативтерді сақтау талаптары белгіленген.
Зейнетақы қаражатын кім басқарады?
Қазіргі таңда қазақстандықтардың зейнетақы активтерін Қазақстанның Ұлттық банкі инвестициялайды. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері салымшылар өз жинақтарының бір бөлігін тиісті лицензиясы бар жеке инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады.
Басқарушы компаниялардың негізгі міндеті – қаражатты жай ғана сақтау емес, оны ұзақ мерзімді перспективада табыстылығын арттыру үшін түрлі қаржы құралдарына инвестициялау.
Қазіргі уақытта БЖЗҚ тізімінде алты лицензияланған компания бар. Олардың әрқайсысы өзіндік инвестициялық стратегияны қолданады. Сондықтан, салымшылар күтілетін табыс пен тәуекел деңгейін ескере отырып, өзіне қолайлы нұсқаны таңдай алады.
Барлық жинақты басқаруға беруге болады
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – 2026 жылғы қыркүйекте күшіне енетін өзгерістер.
Қазір салымшылар міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарының 50%-ынан аспайтын бөлігін ғана жеке басқарушы компанияларға бере алады. Ал түзетулер күшіне енгеннен кейін бұл шектеу алынып тасталады.
Осылайша, қазақстандықтар міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жинақтарының 100%-ын сенімгерлік басқаруға бере алады.
Сонымен қатар ешкім салымшыларды басқарушыны ауыстыруға міндеттемейді. Олар қаражатын Ұлттық банктің басқаруында қалдыра алады немесе әртүрлі инвестициялық стратегияларды таңдап, бірнеше басқарушы компания арасында бөліп орналастыра алады.
Жинақтарды қалай бақылауға болады?
БЖЗҚ мәліметінше, қаражатты кім басқарғанына қарамастан, қор зейнетақы жинақтарының бірыңғай есепке алу орталығы болып қала береді.
Жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы барлық ақпарат бұрынғыдай жеке кабинетте және қор бөлімшелерінде қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, салымшылар invest.enpf.kz мамандандырылған платформасын пайдалана алады. Онда барлық басқарушы компаниялар туралы мәліметтер жарияланады. Платформа арқылы олардың әртүрлі кезеңдегі табысын салыстыруға, инвестициялық портфельдерінің құрамын, инвестициялық декларацияларын және басқару стратегияларын зерделеуге болады.
Болашақта зейнетақыны көбейтуге бола ма?
Басқарушы компанияны өз бетінше таңдау мүмкіндігі салымшыларға зейнетақы капиталын ұзақмерзімді кезеңде көбейтуге қосымша мүмкіндік береді. Алайда, ықтимал жоғары табыспен қатар инвестициялық тәуекел деңгейі де артады. Сондықтан мамандар шешім қабылдамас бұрын әр компанияның инвестициялық стратегиясын мұқият зерттеуге кеңес береді.
Сонымен бірге, заңнамада салымшыларды қосымша қорғау да қарастырылған. Егер жеке басқарушының табыстылығы реттеуші белгілеген ең төменгі деңгейден төмен болса, ол айырмашылықты өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.
БЖЗҚ мәліметінше, басқарушыны таңдау мүмкіндігінің кеңеюі зейнетақы жүйесін барынша икемді етеді. Дегенмен, өз жинақтарын кімге сеніп тапсыратыны туралы соңғы шешімді әр салымшы өзі қабылдайды.