«Росатом» санкциялар жағдайында Қазақстандағы АЭС-ті қалай салады?
Егер болашақта Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясына санкциялар салынса, Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысы тоқтап қалмауы тиіс. Бұл үшін бұрын басқа жобаларда қазақстандық компаниялар қолданған арнайы құқықтық тетіктер қарастырылады. Бұл туралы Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мәлімдеді. Youth.kz Қазақстанда АЭС-ті «Росатомның» салуына, Ресей технологияларын қолдануға және болашақтағы санкцияларға байланысты алаңдаушылықтарға жауап іздеп көрді. Әсіресе, жастар АЭС тұсында өмір сүретінін ескерсек, бұл тақырып олар үшін өте өзекті болмақ.
Экологиялық тұрғыдан не алаңдатады
«Маса медиа» жазуынша, осыдан үш жыл бұрын Үлкен ауылында атом электр станциясын салуға байланысты жария талқылау дауға ұласқан. Жергілікті тұрғандар АЭС салуды қолдаса, экобелсенділер қарсы шыққан.
Ядролық физика институтының директоры Саябек Қуанышбекұлы атом электр станциясын салудан қорқудың қажеті жоқтығын айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның «су-су атом реакторын» пайдалануда тәжірибесі мол және атом электр станциясының қоршаған ортаға зияны жоқ.
«56 жыл бұрын Қазақстанда су-сулы зерттеу реакторы іске қосылған. Қазір елде дәл осы технологияға ұқсас су-сулы энергетикалық реактор таңдалып отыр. Бұл — соның бастапқы үлгісі саналады. Қазақстан МАГАТЭ-нің талаптарын осы уақытқа дейін толық орындап келеді», – дейді Қуанышбеков.
Оның айтуынша, уран өндіріп, қажетті инфрақұрылымға ие бола тұра, атом электр станциясын салмау қисынсыз. Ол мысал ретінде Өзбекстан, Түркия және Беларусь елдерін келтірді.
Өзін Экология министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі ретінде таныстырған Светлана Магелева АЭС-тің экологияға зияны жоқ деген пікірмен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, билік өкілдері толық әрі шынайы ақпарат бермей отыр.
«Біз қазір айтылғандардың бәрін тыңдап отырмыз. Алайда сіздер шынайы жағдайды толық жеткізіп жатқан жоқсыздар. “Атом энергиясының зияны жоқ” деу – дұрыс емес. АЭС-тің экологияға кері әсері бар екенін дәлелдейтін көптеген зерттеулер бар. АЭС маңында тұратын балалар арасында лейкемия қаупі 24 пайызға дейін жоғарылайды деген деректер бар. Сонымен қатар атом станциялары радиоактивті қалдықтар шығарады. Бұл ашық қоғамдық тыңдау емес, алдын ала дайындалған шоу сияқты көрінеді», – деді Магелева.
Эколог Мэлс Елеусізов атом электр станциясын салу Балқаш көліне қауіпті екенін айтты. Оның сөзінше, Балқаштың суы жыл сайын төмендеп барады. Болашақта бұл үрдіс жалғаса беріп, оның үстіне АЭС салынатын болса Балқаштың суы біржола тартылып қалуы мүмкін.
«Егер атом электр станциясын салатын болса, Балқаш өледі. Біз қазір АЭС салу емес, Балқашты аман алып қалуды талқылауымыз қажет. Оның суы жыл өткен сайын төмендеп жатыр. Мұздықтардың 40 пайызы еріп кетті. Ертең Іле өзені тартылып, сусыз қалады. Бұл ертегі емес, нақты мәселе. Біз оны шешуді қазір ойлауымыз қажет», – деді Елеусізов.
Қазақстанда атом электр станциясын салуға байланысты дау ұзақ уақыттан бері айтылып келеді. Белсенділер Семей қасіреті қайталанады деп қауіптенеді.
Қазақстанда АЭС-ті «Росатом» салады
2025 жылғы 14 маусымда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумға жетекшілік ету құқығы «Росатомға» берілгені белгілі болды.
Хабарланғандай, таңдау әлемдегі жетекші реактор технологияларын ұсынатын компаниялардың басшыларымен ашық әрі бәсекелі келіссөздер жүргізу, сондай-ақ олардың өндірістік нысандарын аралап көру нәтижесінде жасалған.
Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы тарапынан мемлекеттік экспорттық қаржыландыру тарту мәселесі де қарастырылып жатыр.
Консорциум жетекшісін анықтау барысында әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне Ресейдің «Росатом» корпорациясы, Қытайдың China National Nuclear Corporation (CNNC) компаниясы, Францияның Électricité de France (EDF) компаниясы және Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power (KHNP) компаниясы енгізілді.
АЭС қай жерде салынады?
2024 жылдың қазан айында Қазақстанда референдум өткізіліп, онда азаматтардың басым бөлігі елдегі алғашқы атом электр станциясын салу бастамасын қолдады. Алғашқы АЭС Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағасында орналасқан Үлкен ауылында салынбақ.
Бұл станция елдегі электр энергиясының тапшылығын азайтып, кеңес дәуірінен қалған тозған энергетикалық инфрақұрылым салдарынан жиі кездесетін энергиямен жабдықтау мәселелерін шешеді деп есептеледі.
Желіде «Менің жеке пікірім, Росатомға сеніп АЭС салдыру бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіпті. АЭС салу керек болса тек мүлде тәуелсіз, көп тарапты, батыс не азиялық технологиямен, толық қазақстандық бақылаумен жасалуы тиіс. Ал Росатом дұрыс шешім емес, энергитикалық тұрғыда тәуелділікке әкеледі», «Росатом сала алмайды, батыстың технологиясы жоқ, бұл дегеніміз АЭС 30-50 жыл салынады деген сөз», «Росатом өлсе де сала алмайды», «АЭС-ті Жапония салып бергенде болар еді, олар оны мықты біледі», «Керек емес, ТЭЦ салу білмейтін ел үшін АЭС салу өте қауіпті. Онымен қатар, мамандар жоқ. 15 жылда салынып біткенше 10 есе (теңгеге шаққанда) өсетін жоба мүлдем керек емес», «Мұның бәрі біреулерге тиімді сияқты. Егер АЭС-та апат болса, біз сусыз қаламыз, сол кезде суды көрші елден сатып алуға мәжбүр боламыз», «Росатом Туркияда атом стацияны бітіралмай жатыр, санкцияда болғандықтан, біздің жерімізде салатын жағдайы болама, оны кім біледі, біздің жерімізде бұрын саламыз деп қалған, сол Үлкең деген қала, тағы да жұмыстары тұрып қалады» деген пікірлер көп кездеседі.
Бұл пікірлерден көпшіліктің «Росатом» компаниясына сенімі төмендігін, оның үстіне халықтың АЭС-тен қорқатыны байқалады.
Беларусьтегі «Росатом» тәжірибесі нені көрсетті
Аsiafocus.kz жазуынша, Беларусьтегі Островец атом электр станциясының құрылысы тәжірибесі ықтимал тәуекелдерді көрсетеді. 2016 жылы беларусьтік белсенділер реактор корпусының зақымдануына байланысты болған апат туралы ақпараттың жасырылғанын хабарлаған. Кейінірек билік бұл жағдайды «оқиға» ретінде растады.
Оппозиция өкілдері құрылыс және пайдалану кезеңінде шамамен 18 000 оқиға болғанын айтады. iSANS ұйымының есебінде жобаның ашық еместігі мен ақпараттың жеткіліксіз жариялануы көрсетілген.
Қазір «Росатом» компаниясының қатысуымен жүзеге асқан бұл жобаға қатысты экологиялық және басқарушылық тәуекелдер талқыланып жатыр
Экологиялық апаттар Қазақстан үшін экономикалық шығындарға да әкелуі мүмкін. Мысалы, Германия мен Қытай Қазақстанда «жасыл сутегі» (green hydrogen) өндірісін дамытуға қызығушылық танытып отыр, бұл үшін үлкен көлемде су ресурстары қажет. Егер АЭС-те қандай да бір оқиға болса, бұл жобалардың жүзеге асуына кері әсер етуі мүмкін.
Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі не дейді?
Қазіргі уақытта «Росатом» корпорациясына қарсы санкциялар енгізілмеген. Алайда жобаға дайындық барысында барлық ықтимал тәуекелдер ескерілген. Агенттік мәліметінше, қазақстандық тарап халықаралық заңгерлермен кеңесіп, санкциялық талаптарды сақтау және болашақта туындауы мүмкін шектеулерге алдын ала дайын болу мәселелерін қарастырған.
«Болашақта жекелеген мемлекеттер тарапынан санкциялар күшейіп, белгілі бір тәуекелдер туындаған жағдайда біз қазақстандық компаниялар өзге жобаларда қолданып келген келісімшарттық тетіктерді пайдаланатын боламыз. Мысалы, санкциялық ескертпелерді енгізу және басқа да құқықтық құралдарды қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар әлеуметтік-гуманитарлық қажеттіліктер мен климаттық саясатқа қатысты атом энергетикасы саласы санкциялық тізімдерге енгізілмеген», – делінген агенттік таратқан хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, ықтимал тәуекелдерді жан-жақты бағалау нәтижесінде халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде «Росатом» таңдалған.
«Росатом» туралы
«Росатом» – Ресей Федерациясының атом энергиясы саласындағы мемлекеттік корпорациясы. Компания атом энергетикасына қатысты жұмыстардың толық циклін жүзеге асырады. Оның қызметіне уран өндіру, ядролық отын өндіру, реакторларды жобалау, атом электр станцияларын салу және оларды пайдалану және техникалық қызмет көрсету сияқты бағыттар кіреді.
Корпорация Түркияда, Венгрияда, Беларусьта және басқа да елдерде атом электр станцияларын салып жатыр.«Росатом» ядролық технологияларды экспорттау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналады және әлемдегі ең ірі энергетикалық әрі технологиялық компаниялардың қатарына кіреді.
Қазақстан билігінің ұстанымы бойынша, санкциялар енгізілген күннің өзінде АЭС құрылысы тоқтап қалмауы тиіс. Ол үшін алдын ала құқықтық, қаржылық және ұйымдастырушылық шаралар қарастырылуда. Дегенмен санкциялар жобаның құнына, мерзіміне және жүзеге асырылу барысына әсер етуі мүмкін екені де жоққа шығарылмайды. Дегенмен, Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің болашағы қалай болатынын уақыт көрсетеді.