Белгілі заңгер жастарға заңды бұзбай үлкен табысқа жету жолдары туралы айтып берді
Ұтыс ұйымдастырамыз деп сотталған блогер жұп Жанәбіловтер ісіне байланысты белгілі заңгер әрі блогер Ержан Есімханов жастарға біраз кеңес беруді жөн көрді. Ол заң бұзбай, аудиторияны тиімді пайдаланып, табыс табудың қандай жолдары бар екенін айтып берді.
Ұзақ мерзімге жұмыс істегендер табысқа жетеді
Ержан Есімханов қоғамда резонанс тудырған ерлі-зайыпты Жанәбіловтер мен кәсіпкер Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты іске ортақ мәселе стратегиялық ойлаудың жетіспеуі деп есептейді.
«Жанәбіловтер ісіндегі бір нәрсе осы уақытқа дейін мені мазалап келді. Оның не екенін мен ақыры басқа бір өте дарынды қыз Мөлдір Сүйіншәли туралы жаңалықты көргенде түсіндім. Ол элиталы коттедж қалашығын салу жобасын бастап, шамамен 4 миллиард теңге жинаған, Forbes-тың «30-ға дейін 30» тізіміне енген. Жуырда алаяқтық күдігімен қамауға алынды. Екі жағдайды да қатысушыларға терең ойлай алмау тән», – деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Заңгер блогерлер нақты еңбектенетін жолды таңдағанда ғана табысқа кенелетінін айтады.
«Мысалы, құрылысшы қызды алайық. Елестетіп көріңіз, 26 жаста сізде коттедж қалашығын салу үшін 4 миллиард теңге тартатындай ақыл, табандылық және харизма бар. Осындай жағдайда ең оңай әрі тиімді жол қандай? Құрылысты аяқтау. Сонда сіздің артыңызда дайын жоба болады. Қазақстандағы барлық девелоперлер бір жобадан бастаған. Клиенттеріңіз болады. Банктер мен серіктестерге ұсынуға болатын табыс тарихыңыз қалыптасады. Осындай бастапқы мүмкіндіктермен келесі жобаны 4 емес, 40 миллиардқа дейін жеткізуге болады. Бірақ оның орнына түрлі схемалар, ақшаны шығару сияқты нәрселер басталады.
Енді Жанәбіловтерді алайық. Екеуінің бірнеше миллион аудиториясы бар. Мұндай жағдайда кез келген ақылды адам не істейді? Дұрысы – жарнамадан табыс табады. Менің Instagram-да тіпті 100 мың жазылушым жоқ, бірақ соның өзінде жарнамадан жақсы табыс табамын әрі бұл менің негізгі жұмысым емес. Тек сапалы жарнама жасау керек, дұрыс аудитория жинау керек, біртіндеп ірі, тұрақты клиенттермен жұмыс істеу керек. Бірнеше брендтің тұрақты амбассадоры болуға болады», – дейді Ержан Есімханов.
Ол осы екі мысалды келтіре отырып, жастарға еңбектің артында зейнет тұратынын айтып, ұзақ мерзімге жұмыс істеуге шақырды.
«Блогерлер түкке тұрғысыз ұтыс ұйымдастырып, сол үшін түрмеге түседі. Оның үстіне бүкіл ел алдында масқара болады. Сондықтан осы екі мысалға қарап, қазір немен айналысуды ойлап жүрген жастарға бір қарапайым нәрсе айтқым келеді. Асықпаңыздар. Бірден ақшаға, виллаларға, «Лексусқа» ұмтылмаңыздар. Қолдарыңыздағы мүмкіндікті – сырт келбетіңізді, танымалдылығыңызды, байланыстарыңызды бірден ақшаға айналдыруға тырыспаңыздар. Одан түсетін пайда аз болады. Ұзақ мерзімге жұмыс істеңіздер. Сабыр сақтаңыздар, беделдеріңізге инвестиция салыңыздар. Ұзақ мерзімде дәл осы факторлар ғана тұрақты әрі ауқымды табысқа жол ашады», – дейді Есімханов.
Жанәбіловтер ісі
Еске сала кетейік, 2025 жылдың тамыз айында әлеуметтік желіде белгілі блогер Ерболат Жанәбілов (8,4 млн жазылушысы бар) және оның жұбайы Эльмира Толегенова (7,1 млн жазылушысы бар) 11 автокөлікті ұтысқа қойғаннан кейін дау-дамайға ілікті. Алайда кейін белгілі болғандай, ұтысқа қатысу шарты ретінде құны 30 мың теңге тұратын курсты сатып алу талап етілген. Бұл жағдай Қаржы мониторингі агенттігінің назарына ілігіп, іс бастапқыда әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралды.
Блогерлер айыптаулармен келіспегендіктен, іс сотқа жетіп, кейін ол қылмыстық сипатқа ауыстырылды. Оларға заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру бойынша айып тағылды. Тергеу деректеріне сәйкес, курс сату арқылы 247 миллион теңгеден астам қаражат жиналған.
Сот шешімі бойынша Ерболат Жанәбіловке 2 жыл шартты жаза тағайындалып, мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алды, бірақ кішкентай баласының болуына байланысты жазаны өтеу 2 жылға кейінге қалдырылды.
Мөлдір Сүйіншәли деген кім?
Мөлдір Сүйіншәли кәсіпкер ретінде танымал болмай тұрып, Ақтөбеден Астанаға келіп, даяшы әрі түнгі клубта жүргізуші болып еңбек еткен. Сондай-ақ бір кезде әнші Jah Khalib-тің концерттік директоры қызметін атқарған. Ол Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскенімен, оқуын аяқтамаған.
Сүйіншәли жылжымайтын мүлік саласындағы жұмысын жөндеу қызметінен бастаған. Forbes-ке берген сұхбатында өзі айтқандай, кәсіби мамандардан құралған бригада жинақтаған. Кейін тапсырыс көбейген соң, бұл топ тек жөндеу жұмыстарымен шектелмей, жеке үйлер салумен де айналыса бастаған. 2013 жылы ол жеке серіктестік тіркеп, ірі құрылыс компанияларына қосымша мердігер ретінде жұмыс істеген.
Кейін MM Group компаниясы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі павильондарды әрлеуге қатысқан ұйымдардың қатарында болды. Тіпті Румыния павильонының құрылысына да үлес қосқан.
Сонымен қатар, Мөлдір Сүйіншәли тек құрылыс саласындағы қызметімен ғана емес, ол түрлі даулы жағдайлармен де белгілі болды. Оның есімі 2025 жылы Перизат Қайратқа қатысты қайырымдылық қоры төңірегіндегі даумен бірге аталды.
2024 жылдың шілдесінде ол сотта жәбірленуші ретінде сөз сөйлеп, 2021 жылы Biz Birgemiz қоры ұйымдастырған қайырымдылық аукционға қатысқанын айтқан. Сол аукционда оның компаниясы Геннадий Головкиннің бокс қолғаптарын 10 млн теңгеге сатып алған. Бұл қаражат ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған орталық салуға жұмсалуы тиіс болған.
Алайда кейін қаражаттың мақсатты түрде пайдаланылмағаны белгілі болып, Перизат Қайратқа қатысты іс қозғалған соң, Сүйіншәли сотқа жүгініп, 10 млн теңгені қайтаруды талап еткен.
Бұдан бөлек, Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ол Biz Birgemiz қоры ұйымдастырған шаралардың бірінде баспанаға мұқтаж әйелге пәтер сыйлайтынын мәлімдеген. Пәтер Астанадағы Ахмет Жұбанов көшесінде салынуы тиіс Assylkhan тұрғын үй кешенінен беріледі делінген.
Алайда сол кезде бұл нысан мүлде болмаған, тіпті құрылысқа рұқсат та алынбаған. Айта кетерлігі, бұл тұрғын үй кешені әлі күнге дейін салынбаған. Ал 2022 жылы Астана әкімдігі оны заңсыз үлестік құрылыс нысандарының тізіміне енгізген.
Nura Elite коттедж қалашығына қатысты дауда танымал актриса, әнші Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова да жәбірленушілердің бірі болған. Ол бұл жерден коттедж сатып алғанымен, үйіне кіре алмаған. Соның салдарынан сот процестері ұзаққа созылған.
Әбдікәрімова құрылыс компаниясын сенімге кіріп, белгілі бір құжаттарға қол қоюға мәжбүрледі деп айыптаған. Ал компания өз кезегінде бұл айыптауларды жоққа шығарып, актриса ерекше шарттарға қол жеткізу үшін қысым жасады деп қарсы талап қойған. Нәтижесінде Жұлдыз Әбдікәрімова екі сотта да жеңіліп, коттеджіне қол жеткізе алмады.
Мөлдір Сүйіншәлиге қатысты қылмыстық іс туралы Қаржылық мониторинг агенттігі 28 сәуірде хабарлады. Ведомство дерегінше, ол Nura Elite жобасына үлескерлерден 3,9 млрд теңге тартқан.
Оның ішінде 322 млн теңге Сүйіншәлидің, жұбайының және анасының есепшоттарына аударылған, ал тағы 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылғаны айтылды. Іс бойынша 56 адам жәбірленуші деп танылған.
Қазіргі таңда Мөлдір Сүйіншәли үйқамақта отыр.