Жастар назарына: оқуға, тыңдауға, көруге тұрарлық 6 қазақтілді ресурс

Соңғы жылдары қазақ тіліндегі контенттің саны айтарлықтай көбейді. YouTube-та да, подкаст платформаларында да, түрлі сайттарда да қазақша материал табу бұрынғыдай қиын емес. Бірақ контенттің көп болуы оның бәрі бірдей сапалы дегенді білдірмейді. Ақпараттың берілуі, тақырыптың тереңдігі мен мазмұнның құндылығы жағынан көңілден шығатын дүниені кейде ұзақ іздеуге тура келеді. Сондықтан бұл жолы жастарға пайдалы болуы мүмкін, қазақ тілінде сапалы әрі танымдық материал ұсынатын алты ресурсты бір жерге жинадық.

Qos 

Форматы: YouTube-арна, подкаст.

Тақырыбы: Қазақстандық киноиндустрия, заманауи кино және қазақтілді контенттің дамуы.

Ресурс туралы: Авторлар кино және медиа саласынан шақырылған қонақтармен бірге отандық киноиндустрияныңдамуын, қазақ тілінде контент жасауды және кинодағы заманауи үрдістерді талқылайды. Шығарылымдарданпродюсерлердің, актерлердің және саланың басқа да өкілдерінің пікірлерін тыңдауға болады.

Кімге пайдалы: Киноға, Қазақстанның киноиндустриясына және заманауи қазақтілді контенттің дамуынақызығатын көрермендерге.

Q.REC 

Форматы: YouTube-арна.

Тақырыбы: Тарих, мәдениет және қазақ тіліндегі танымдық контент.

Ресурс туралы: Авторлар тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы айтып, күрделі тақырыптарды түсінікті форматта жеткізеді. Жас аудиторияға көп таныс бола бермейтін тақырыптарға ерекше назар аударылады.

Кімге пайдалы: Тарихқа қызығатын және ақпаратты қысқа әрі түсінікті видеоконтент арқылы алғанды ұнататын жастарға.

Kitap.kz  

Форматы: Онлайн-кітапхана.

Тақырыбы: Қазақ әдебиеті, кітаптар және аудиокітаптар.

Ресурс туралы: Платформада қазақ тіліндегі шығармаларды оқуға және тыңдауға болады. Бұл әдебиетпен танысып қана қоймай, сөздік қорды молайтуға және тілді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Кімге пайдалы: Оқушыларға, студенттерге, әдебиет сүйер қауымға және қазақ тілінде көбірек оқып, тыңдағысы келетіндерге.

Ғылым 2.0 

Форматы: Қазақ тіліндегі ғылыми-танымдық подкаст.

Тақырыбы: Ғылым, зерттеу, білім, технология және қоғам.

Ресурс туралы: Шығарылымдарда ғылыми және қоғамдық тақырыптар мамандармен бірге талқыланады. Жобаның құндылығы — академиялық мәселелердің түсініктірек, еркін әңгіме форматына көшіріліп берілуінде.

Кімге пайдалы: Ғылымға, зерттеулерге және интеллектуалдық пікірталастарға қызығатын студенттер мен жастарға.

Derekkoz.kz 

Форматы: Танымдық медиажоба, YouTube-арна.

Тақырыбы: Түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, дәстүрлер, мифология және ұлттық мұра.

Ресурс туралы: Жоба авторы Нұрқожа Ерсайын түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, көне аңыздар, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар туралы әңгімелейді. Тарихи тақырыптар қазақ тілінде түсінікті әрі заманауи форматта ұсынылады. Контент арасында тарихи орындардан түсірілген материалдар, тұрмыстық бұйымдар мен көшпенділер мәдениеті туралы әңгімелер де кездеседі.

Кімге пайдалы: Қазақ және басқа да түркі халықтарының тарихына, мәдениеті мен дәстүрлеріне қызығатын жастарға және жалпы оқырманға.

Qalam Tarih 

Форматы: Мультимедиалық жоба, YouTube-арна.

Тақырыбы: Қазақстан және әлем тарихы, мәдениет, дәстүрлер және тарихи тұлғалар.

Ресурс туралы: Авторлар Қазақстан тарихы мен әлем тарихы туралы айтып, тарихи оқиғаларды, дәстүрлер мен мәдени құбылыстарды талдайды. Жобаның ерекшелігі — тарихты заманауи форматтар арқылы көрсетуге және үйреншікті тақырыптарға әр қырынан қарауға ұмтылуы. Арнада көлемді тарихи материалдармен қатар қысқа танымдық видеолар да шығады.

Кімге пайдалы: Тарих пен мәдениетке қызығатын және қазақ тілінде сапалы танымдық контент іздейтін жастарға.

 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз