Айбек Хайрулла: «Жастар классикалық өнерге аса зор қызығушылықпен келіп жатыр»

Айбек Хайрулла бала кезінде музыка мектебінсіз және колледжде негізгі дағдыларын жетілдіру қажеттілігімен операға келді. Бүгінде ол Италиядағы Teatro Regio di Parma жанындағы опера академиясының түлегі, Еуропада өнер көрсету тәжірибесі бар.

Youth.kz порталына берген сұхбатында ол бұл мамандыққа апарар жол қалай қалыптасатынын, жас әншілер қандай иллюзияларға тап болатынын және неге өнерге деген махаббат әртістер үшін әлі де басты ынталандырушы күш болып қала беретінін айтып берді. 

Операға қалай келдіңіз?

– Бала кезден ән айтып, ізденудің арқасында кроссовер жанрының әншілерімен таныс болдым. 9-сыныптан il volo, Il divo топтарының әндеріне құлақ қанды. Өзімді осы жолда көрдім. Ары қарай колледжге түсіп, орайымен кете берді.

Алғашқы кезеңде ең қиын болғаны не?

– Музыкалық білімімнің болмауы колледжде басқаларға қарағанда екі-үш есе еңбектенуге мәжбүрледі. Шүкір, зиянын көрмедім. Уақыт өте келе бәріне де үйреніп кеттім.

Сахнада жас орындаушыларға сұраныс бар ма?

– Нарықтық заманда баршаға мүмкіндік бар деп санаймын. Тек өз өзіне мығым шығармашылығы мен профессионалдық білімі мен дағдысы жоғары адамдар әрқашан сұраныста.

Опера әншісі болғысы келетін жастар ең жиі қандай басты қателік жібереді?

– Көбіне ұстазға сеніп, ізденуді тоқтатады. Немесе оқу барысында процесспен алданып уақыт өткізеді. Опера тоқтаусыз ізденіс пен қозғалысты талап етеді. Сондықтан консерватория мен университеттегі талаптардан да жоғары талап қою керек екенін көп жас әншілер ескере бермейді.

Жас әртістер көбіне қандай қаржылық иллюзияларға тап болады?

– Біздің елдің мәдениет саласында бюджетте істейтін мәдениет қызметкерлерінің айлықтары өте төмен. Көбіне тұрақты жұмысқа тұрған жолдастарым айлықтың жетіспеушілігінен қосымша жұмыс жасауға мәжбүр. Бұл өз кезеңінде олардың негізгі жұмысының сапасының нашарлауына әкеледі. Шығармашылық жайына қалады.

Опера әншілері қанша табыс табады және олардың табысы неге байланысты?

– Еуропада келісімшар бойынша әр әншінің дәрежесі мен танымалдығына байланысты өз гонорары бар. Біздің елде театрларда әншілер айлыққа тұрақты жұмыс жасайды. Жоғарыда айтқанымдай негізгі жұмысының жалақысына байланысты екінші жұмыс жасап жүрген елімізге танымал әншілерді білемін. Сондықтан бұл өзекті мәселе түптеп келгенде оларды шығармашылықта өнерге деген махаббат ғана ұстап жүр деп ойлаймын.

Операның жас аудиториясы бар ма?

– Егер соңғы уақытта трендтегі Threads әлеуметтік желісін ашып қалсаңыз, апта сайын Астана Операның балконында театрдың ішінен түсірілген көптеген жастардың суретін көруге болады. Жастар қазір классикалық өнерге аса зор қызығушылықпен келіп жатыр. Сондықтан бұл өнерге сұраныс болашақта сұраныс зор болады деп сенемін.

2026 жылы опера әншісі медиа-жұлдыз бола ала ма?

– 2026 жылы нақты айта алмаймын. Медиа жұлдыз болу опера әншісі үшін аса қажет дүние деп ойламаймын. Себебі операның тыңдарманының менталитеті мүлдем бөлек.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз