Алматыда баспананы қалай жалдауға болады: студенттерге арналған қадамдық нұсқаулық
Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі әрі студенттер, жас мамандар мен кәсіпкерлер үшін ең тартымды қалалардың бірі. Соған қарамастан, мұнда тұрғын үйді жалға алу нарығы елдегі ең қымбат нарықтардың қатарында қалып отыр. Youth.kz артық шығындар мен қиындықтарға тап болмау үшін баспананы қайдан іздеу және жалға алу рәсімін қалай дұрыс рәсімдеу керектігін түсіндіреді.
Алматыда тұрғын үйді жалдау қанша тұрады?
Krisha.kz аналитикалық сервисінің мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарынан бастап Алматы тұрғын үйді жалға беру бағасы бойынша Қазақстан қалалары арасында көш бастап тұр. Бір бөлмелі пәтерді жалдаудың орташа құны айына шамамен 220 мың теңгені, екі бөлмелі пәтер – 320 мың теңгені, үш бөлмелі пәтер – 450 мың теңгені құрайды.
Дегенмен нақты бағалар ауданға, тұрғын үйдің жағдайына және қалалық инфрақұрылым нысандарына жақындығына байланысты өзгереді.
Ең қымбат аудандардың қатарына Медеу және Бостандық аудандары жатады. Бұл жерлерде заманауи тұрғын үй кешендері, жоғары оқу орындары, бизнес орталықтар мен ойын-сауық нысандары шоғырланған. Аталған аудандарда бір бөлмелі пәтердің жалдау ақысы айына 300-500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Алмалы ауданы бағасы жағынан орташа деңгейде орналасқан. Бұған ауданның қолайлы орналасуы мен көлік инфрақұрылымының дамуы әсер етеді.
Ал қолжетімді нұсқаларды Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарынан табуға болады. Бұл аудандарда бір бөлмелі пәтерлердің бағасы көбіне 180–220 мың теңгеден басталады. Сондықтан олар студенттер мен жас отбасылар арасында сұранысқа ие.
Неден бастау керек?
Баспана іздеуді бастамас бұрын жалдау ақысымен қатар қосымша шығындарды да есептеу қажет. Әдетте жалға алушылар коммуналдық қызметтерді, интернет ақысын төлейді және кепілақы (депозит) енгізеді. Көп жағдайда депозит мөлшері бір айлық жалдау ақысына тең болады.
Ауданды таңдаған кезде жұмыс немесе оқу орнына жақындығын, қоғамдық көліктің қолжетімділігін және инфрақұрылымды ескерген жөн. Жалға алу құнынан үнемдеу күнделікті жол жүру шығындарының артуына әкелуі мүмкін.
Алматыда тұрғын үй іздеудің негізгі алаңы – Krisha.kz сайты. Мұнда меншік иелерінен де, жылжымайтын мүлік агенттіктерінен де мыңдаған хабарландыру жарияланады.
Сонымен қатар жалға алушылар OLX.kz және Market.kz платформаларын пайдаланады. Алайда күмән тудыратын арзан ұсыныстардан сақ болуға кеңес береміз. Бағаның тым төмен болуы алаяқтықтың немесе жалған хабарландырудың белгісі болуы мүмкін.
Соңғы жылдары Telegram тұрғын үй іздеудің ең танымал құралдарының біріне айналды. Көптеген меншік иелері хабарландыруларын агенттіктердің көмегінсіз тікелей жариялайды.
Танымал қауымдастықтардың қатарында:
- «Аренда квартиры Алматы»
- «КВАРТИРА АЛМАТЫ | АРЕНДА | ПОДСЕЛЕНИЕ»;
- «Квартиры Алматы подселение и аренда».
Telegram-ның басты артықшылығы – жеделдік. Жаңа хабарландырулар күн сайын жарияланып отырады, ал меншік иесімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар.
Пәтерді жеке барып көріңіз
Келісімшартқа қол қоймас бұрын тұрғын үйдің жағдайын мұқият тексеру қажет.
Пәтерді қарау кезінде: сантехника мен электр жүйесінің жұмысын, тұрмыстық техниканың жарамдылығын, коммуналдық төлемдердің көлемін, пәтердің жағдайын, хабарландыруда көрсетілген жиһаз бен техниканың бар-жоғын тексеріңіз.
Сондай-ақ пәтерді меншік иесінің өзі немесе оның ресми өкілі көрсетіп тұрғанына көз жеткізу маңызды.
Құжаттарды тексеріп, ақшаны алдын ала аудармаңыз
Пәтер иесінен жеке куәлігін және меншік құқығын растайтын құжаттарды көрсетуді сұрау өте маңызды.
Егер тұрғын үйді өкіл жалға берсе, оның сенімхатының бар-жоғын тексеру қажет. Әйтпесе, мүлікке иелік ету құқығы жоқ адаммен келісім жасау қаупі бар.
Ең кең таралған алаяқтық тәсілдерінің бірі – пәтерді көрсетпестен немесе келісімшарт жасамастан алдын ала төлем талап ету.
Егер жалға беруші ақшаны алдын ала аударуды талап етсе немесе құжаттарын көрсетуден бас тартса, мұндай мәміледен бас тартқан дұрыс.
Жалға алу келісімшартын жасаңыз. Тұрғын үй таныстар арқылы жалға берілсе де, келісімшарт жасау екі тараптың да құқықтарын қорғауға мүмкіндік беріп, даулы жағдайларда тараптардың келісімдерін дәлелдеуге көмектеседі.
Құжатта міндетті түрде:
- пәтердің мекенжайы;
- жалдау мерзімі;
- ай сайынғы төлем мөлшері;
- депозит көлемі;
- коммуналдық қызметтерді төлеу тәртібі;
- тараптардың жауапкершілігі;
- келісімді бұзу шарттары көрсетілуі тиіс.
Неліктен іздеуді алдын ала бастаған жөн?
Алматыда тұрғын үйге сұраныс әсіресе шілде, тамыз және қыркүйек айларында артады. Бұл кезеңде қалаға студенттер мен жас мамандар көптеп келеді. Сондықтан жақсы ұсыныстар жарияланғаннан кейін бірнеше сағат ішінде жоғалып кетуі мүмкін.
Сол себепті көшу жоспарланған уақыттан кемінде екі-үш апта бұрын іздеуді бастап, бірнеше платформаны қатар пайдалануға кеңес беріледі.