«Қазгидромет» есебінше 2025 жылы Алматыда ауа тазара түскен

«Қазгидромет» мекемесінің 2025 жылғы есебі бойынша Алматы қаласын ресми түрде «ластану деңгейі төмен» шаһар санатына жатқызуға болар еді. Өйткені,  ұлттық оператор дерегіне сенсек, өткен жылы Алматыдағы ластанудың орташа мәні 31%-ға төмендеген. «Almaty Air Initiative» жеке қорының сарапшылар бұл мәліметке күмәнмен қарайды. Youth.kz мегаполистегі ауа сапасына қатысты деректерге үңіліп көрді.

Қоршаған орта статистикасының көрсеткіштерін қалыптастыру жөніндегі әдістемені бекіту туралы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті бекіткен бұйрыққа сәйкес, атмосфераның ластану индексі 0-4 аралығында болса, ластану деңгейі төмен саналады. 2025 жылы бұл көрсетіш Алматыда 4-ті құраған. Қазгидрометтің 2024 жылғы деректерінде бұл көрсеткіш – 5,8 болған.

«Атмосфераның ластану индексінің төмендеуіне негізгі ластаушы заттардың орташа тәуліктік концентрациясының азаюы себеп болған: азот диоксиді (–25%), көміртегі оксиді (–34%) және күкірт диоксиді (–37%). Ең күрт төмендеу озон көрсеткіші бойынша тіркелді – ол 1,3-тен 0,2-ге дейін, яғни 6 еседен астам азайған», – деп жазады бұл туралы «Almaty Air Initiative» сарапшылары.

Аталған қор сарапшыларының дерегінше, Алматыда бір жылдың ішінде автокөлік саны 41 мыңға артқан. Ал, мегаполисте қоныс тепген кәсіпорындардың 88%-ы тазарту қондырғыларын орнатпаған. Қала ауасын ластаушы түтіннің негізгі генераторлары саналатын ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 толыққанды газбен жұмыс істеуге әлі көшкен жоқ. Оның үстіне «Қазгидромет» дерегінше 2025 жыл оның алдыңғы жылға қарағанда құрғақ болып, жауын-шашын аз түскен.

Сарапшылардың дерегінше бұл да «атмосфераның табиғи тазаруын» тежейді. Олай болса, «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, Алматыда ауа сапасының күрт жақсаруына не себеп?

«Almaty Air Initiative» қоры ұлттық оператор ұсынған деректердің сапасы мен толықтығына күмән келтіріп отыр. Өйткені, «Қазгидромет» деректерін осы ұйымның 2025 жылғы PM2.5 бойынша есебімен салыстыру кезінде айырмашылық елеулі екені байқалған.

«Қазгидромет» орташа фонның төмендеу үрдісін атап өтсе,  «Almaty Air Initiative» деректері ластану деңгейінің сақталуын немесе тіпті өсуін (2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға) көрсетеді. Алшақтықтың ықтимал себебі мониторинг желілерінің тығыздығы мен құрылымындағы, есепке алынатын станциялар құрамындағы, деректердің толықтығы мен көрсеткіштерді жинақтау әдістемесіндегі айырмашылық болуы мүмкін, бұл қорытынды орташа жылдық мәндерге әртүрлі әсер етеді», деп жазады қор сарапшылары.  

«Қазгидромет» өз есебінде Алматы ауасын ластаушы негізгі көздерді атап өткен болатын. Олардың қатарында тазарту қондырғыларын орнатпаған кәсіпорындар, көмір секілді (газдан өзге) отын түрлерін қолданатын жеке үйлер, автокөлік бар. Айта кетейік, Ұлттық оператор ұсынатын ауа сапасының интерактивті картасын осы тұстан көруге болады. 

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз