«Немолчи» қорының құрылғанына 10 жыл

«Немолчи» қорының құрылғанына 10 жыл толды. Зорлыққа ұшыраған қаншама әйел мен баланың құқығын қорғап, қоғамды үндемей қалмай, мәселені ашық айтуға үндеген қор бүгінгі таңда көпшіліктің алғысын алып, халық ықыласына бөленіп отыр. Әрине, бұл тұста қор ұжымы үлкен қиыншылықты еңсеріп, әлі күнге дейін әділет үшін күресіп келеді. Шындық үшін шырылдаған «Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Youth.kz-ке сұқбат беріп, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдердің құқықтары, қоғамдағы өзгерістер және өзіне қарсы айтылатын сынға пікір білдірді.

Соңғы жылдары сіздің жұмысыңыз қоғамда үлкен резонанс тудырып жүр. Бұған қалай қарайсыз?

– Адамдардың бізді қолдап, еңбегімізді бағалайтыны қуантады. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – мақтау емес. Біздің мақсатымыз – адамдарға өз құқықтарын қорғауды үйрету.

Қазір біз көп адамға көмектесе алмаймыз, өйткені тек аса ауыр істерді ғана қараймыз. Мұндай қылмыстар жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұрын бір жылда бір ғана адам өлтіру ісі кездесетін болса, қазір аса қатыгез кісі өлтіру, зорлау, балаларға қарсы жасалған қылмыстар толастамай отыр.

Сондықтан мен үшін резонанстың өзі емес, оның нәтижесі маңызды. Әйелдер үнсіз қалмай, қайда жүгіну керегін, өз құқықтарын қалай қорғау қажеттігін білуі керек. Барлығына бірдей адвокат пен құқық қорғаушы жетпейді. Сондықтан әйелдер бір-біріне тірек болуы керек.

Осы жылдар ішінде қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа деген көзқарасы өзгерді ме?

– Өзгерді. Бұрын зорлық-зомбылықты отбасының жеке мәселесі деп қабылдайтын. Біз бұл туралы алғаш ашық айта бастағанда көпшілік бізді айыптады, тіпті әйелдердің өздері де қолдамады. Қазір адамдар бір әйелге жасалған зорлық бүкіл қоғамның мәселесі екенін түсіне бастады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қоғам тек мәселені мойындап қана қоймай, оны шешуге де атсалысуы керек.

Қазір әйелдердің құқықтық және психологиялық сауаттылығы артып келеді. Психологтар мен заңгерлер бұл туралы жиі айтады. Бұрын көп әйел өзінің абьюзивті қарым-қатынаста жүргенін де түсінбейтін. Өйткені агрессия бірден емес, біртіндеп күшейеді.

Ресми статистика жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Сіз бұған сенесіз бе?

– Жоқ. Мен статистикаға сенбеймін. Өйткені көптеген қылмыс басқа баптармен тіркеледі. Соның салдарынан әйелдердің өлімі немесе зорлық-зомбылықтың нақты көлемі ресми есепте толық көрінбейді.

Сондықтан қағаздағы көрсеткіш пен шынайы өмір екі бөлек нәрсе. Өз тәжірибемде мұндай жағдайларды жиі көремін.

Осынша жылдан бері осы жұмысты жалғастырып келесіз. Сізді не ұстап тұр?

– Кейде өзім де ойланып қаламын. Мен шығармашылықпен де айналыса аламын, басқа кәсіппен де айналысуыма болар еді. Бірақ адамдарға көмектесуді тоқтата алмаймын.

Күн сайын ондаған, кейде жүздеген хат келеді. Соның ішінде шұғыл көмек қажет ететін ауыр жағдайлар болады. Ондайда сырт айналып кете алмайсың.

Бұл жай ғана жұмыс емес. Бұл – менің өмірімнің бір бөлігіне айналды.

Әлеуметтік желіде сізді батыр санайтындар да көп. Мұндай пікірлерге қалай қарайсыз?

– Маған ешқандай ескерткіштің қажеті жоқ. Мен қарапайым адаммын. Ешқашан атаққа қызыққан емеспін. Мен үшін ең маңыздысы – нақты бір адамның мәселесінің шешілуі.

Соңғы уақытта сіз әйелдердің құқығымен қатар ЛГБТ қауымдастығының құқықтарын да қорғап жүрсіз. Неліктен?

– Себебі адам құқығы бәріне бірдей болуы керек. Егер адам құқығын қорғаймын десең, адамдарды бөліп қарауға болмайды.

Біз әйелдердің құқығын қорғай бастағанда да үлкен қарсылыққа тап болдық. Қазір ЛГБТ қауымдастығы да сондай қысымды бастан өткеріп отыр. Сондықтан мұндай жағдайда үнсіз қалуға болмайды.

Қоғамдағы жеккөрушілік неден пайда болады деп ойлайсыз?

– Көп жағдайда адамдар өзінен өзгеше адамдарды танымайды. Біреу «олар қауіпті» десе, соған бірден сенеді. Бірақ ең алдымен кез келген адамның қауіпсіз өмір сүруге, білім алуға, еңбек етуге және медициналық көмек алуға құқығы бар екенін түсінуіміз керек. Егер бүгін бір топтың құқығы шектелсе, ертең дәл сондай жағдай басқа адамдардың да басына келуі мүмкін.

Қоғамның өзгеруі неден басталады?

– Заңнан ғана емес. Өзгеріс отбасынан, тәрбиеден және мектептен басталады.

Бізде эмпатия жетіспейді. Балалар үйде көргенін қайталайды. Егер үйде зорлық пен қорлау қалыпты нәрсе ретінде қабылданса, бала да соны өмірдің қалыпты көрінісі деп өседі. Сондықтан ең алдымен балаларды бір-бірін құрметтеуге және жанашыр болуға тәрбиелеуіміз керек.

Өзіңізді кіммін деп санайсыз, құқық қорғаушы, журналист әлде белсенді ме?

– Мен өзімді әділдікке бей-жай қарай алмайтын адаммын деп есептеймін. Егер біреуге қиянат жасалып жатқанын көрсем, үнсіз өте алмаймын. Кейде бәрін тастағың келеді. Бірақ келесі күні тағы бір әйел көмек сұрайды, тағы бір баланың тағдыры алдыңнан шығады. Сонда қайтадан жұмысқа кірісесің. Менің өмірім осылай өтіп жатыр.

Айыптаулар мен хейт сізге қалай әсер етеді?

– Алғашында өте ауыр болды. Бір кезде қордың жұмысын тоқтатуға дейін бардым. Бірақ жақындарым, әсіресе жұбайым, берілмеуге көмектесті. Қазір хейтті құқық қорғау қызметінің бір бөлігі ретінде қабылдаймын. Қандай қысым болса да, жұмысты тоқтатпауға тырысамын.

Өзіңіз үшін ең ауыр іс қайсы болды?

– Ең ауыр іс – «Тальго» ісі. Сол жәбірленушімен әлі күнге дейін сөйлесемін. Оның өмірі түбегейлі өзгерді, психологиялық жарақаты әлі де жазылған жоқ. Бұл оқиға қоғамның көзқарасын өзгертті. Адамдар зорлық-зомбылық кез келген әйелдің басына түсуі мүмкін екенін түсіне бастады. Кейін мемлекет те бұл мәселеге назар аудара бастады. Бірақ қоғамдағы өзгерісті ең алдымен құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам қалыптастырды деп ойлаймын.

Бүгінгі Қазақстанға қандай баға берер едіңіз?

– Қазақстан өзгеріп келеді. Қазір адамдар бұрынғыға қарағанда көбірек сұрақ қояды, өз құқықтарын талап етеді, үнсіз қалмайды. Иә, қиындықтар әлі де бар, қысым да аз емес. Бірақ қоғамның әділдікке деген сұранысы күшейіп келеді. Сол себепті мен болашаққа сеніммен қараймын.

«Кейде бәрін тоқтатқым келеді»: «Немолчи» қорының жетекшісі жанайқайын жеткізді

«Немолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде жазба жариялап, соңғы күндері өзін елеусіз қалғандай сезінгенін айтты.

Оның айтуынша, қоғам игілігі үшін еңбек ететін адамдардың барлығы осындай күйді бастан кешіреді. Кейде бәрін тоқтатып, ешкімге көмектеспеуді де ойлайтынын жасырмады.

«Бұл оқиға қоғам үшін жақсылық жасап жүрген, оны өмір салтына айналдырған барлық адамға қатысты. Кейде менің де бәрін жауып, енді ешкімге көмектескім келмейді», – деп жазды ол.

Дина Таңсәрінің айтуынша, соңғы күндері қазақстандықтар журналист Илья Варламовқа тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильмі үшін мыңдаған алғыс айтып, «Немолчи» қорының 10 жылдық мерейтойына назар аудармаған.

Сонымен бірге ол фильмнің өзінен гөрі оның авторының жеке басына қатысты даулардың көбейгеніне назар аударды.

«Бірнеше күн ішінде қазақстандықтар Варламовқа тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы фильмі үшін мыңдаған алғыс айтты. Ал әйелдерді жек көретіндер мен ұлтшылдар әңгімені фильм кейіпкерлерінен басқа арнаға бұруға тырысты. Осы жағдайдың аясында өзімді көрінбейтін әрі пайдасыз адамдай сезіндім», – деді қор жетекшісі.

Ол қордың 10 жылдығы туралы Қазақстанда тек Exclusive журналы алдын ала материал дайындап, сұхбат алғанын айтады. Сондай-ақ тағы төрт басылым Черногорияда қор филиалының ашылғаны туралы жазған.

Дина Таңсәрінің пікірінше, «Немолчи» қоры он жыл ішінде қоғам үшін үйреншікті құбылысқа айналып кеткен.

«Он жыл бойы біз Қазақстан үшін қалыпты дүниеге айналдық. Әр аулада болуы тиіс балалар алаңы секілдіміз. Бірақ сіздің басыңызға қайғы түскенде, Варламовқа емес, «Немолчиға» келесіз», – деп жазды ол.

Жазба соңында қор жетекшісі қоғам үшін моральдық қолдаудың аса маңызды екенін атап өтті.

«Біз Варламовқа түсірген фильмі үшін алғыс айтамыз. Бірақ Қазақстаннан қолдау күткен едік. Оның орнына өзара айтыс-тартысты көрдік», – деп түйіндеді Дина Таңсәрі.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз