Жұптасып, бақытты өмір сүрудің құпиясы бар ма: психолог кеңесі

Қарым-қатынас ересектер әдетте сезім жетегінде қабылдайтын  шешімі көрінеді. Дегенмен, ер мен әйел жұптасып әрі бақытты өмір сүруі үшін кейде сезім жеткіліксіз секілді. Бұл тұрғыда психолог мамандар не дейді? Youth.kz тілшісі Qazaq Expert Club сарапшысы, психолог Жадыра Сабированың пікірін тыңдап көрді.

Психологтың айтуынша, ер мен әйелдің арасындағы бақытты қарым-қатынас үшін мінсіз сезім жеткіліксіз. Ол үшін екі жанның психологиялық тұрғыда кемелдігі де маңызды.

«Бұл – бір-бірін тыңдай білу, жеке шекараларды құрметтеу және әрқайсы өз эмоциясы үшін жауапкершілік алу деген сөз. Әрқайсының өз жан – дүниесіне үңіле білуі, өзінің не сезетінін және не қалайтынын түсіне білуі өте маңызды», – дейді психолог Жадыра Сабирова.

Екеуара конфликтіге не түрткі болады?

Ал, бір тағдырды бөлісіп жүрген екі жанның арасындағы кикілжіңге қалыпты нәрсе деп қараған жөн. Өйткені әр адамның өз жан-дүниесі бар, өмірінде алған жан-жарасы болмаса үкілеген үміті бар.

«Мәселе жанжалдың бар-жоғында емес, жұптың оны қалай шешетінінде. Егер екеуі мәселені ішке бүкпей немесе айыптамай, ашық сөйлесе алса, қарым – қатынас нығая түседі».

Болашақтан бақытын бірге іздеген жандардың қарым-қатынасына сызат түсуіне не себеп? Олар неден жаңылды? Жадыра Сабирова оның бірнеше себебін атап өтті. Айтуынша жиі кездесетін қателіктер мынадай:

  • Серігім «өзі сезуі не түсінуі тиіс» деп күту;
  • Өзге адамды өзгертуге тырысу;
  • Өз сезімдерін елемеу;
  • Ашық сөйлеспей, ренішін ішіне жинау.

Психологтың айтуынша, адамдар бір – біріне ашылып, әңгімелесуден қашқақтаған сайын, аралары суый береді.

Ал, бақытты қарым-қатынас құрудың жолы бар ма?

Әрине, бар. Өйткені ол да тәжірибемен келетін дағды. Дұрыс қарым – қатынас құруды үйрену қажет.

«Ол үшін жеке терапиядан өту, қарым-қатынасқа саналы қарау, ішкі ұстанымдарыңмен жұмыс істеу қажет», – дейді психолог.

Жадыра Сабира адамдар арасындағы дұрыс қарым – қатынастың белгілерін де атап өтті. Оның сөзінше оның басты белгілері: өзіңді қауіпсіз сезіну жән өзіңе деген құрметті сезіну, өз болмысыңнан айнымау, бәсекелеспеу керісінше қолдау көрсету, қысым жасамай – диалогқа шақыру.

«Мұндай қарым–қатынаста адам өз–өзін жоғалтпайды. Сөз соңында өз жүрегіңізге жақын жанды табуға кеңес берер ем. Сонда ғана екі жан бірлесіп тек қарым–қатынас қана емес, нағыз махаббат қамалын орната алады», – дейді Жадыра Сабирова.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз