Ағылшын тілін үйренуге арналған тегін ресурстардың үздік бестігі

Бұл заманда ағылшын тілін үйренуге әркімнің-ақ таласы бар. Ізденемін деген адам тілдік ортаны өзі қалыптастырып, өз бетімен меңгеріп алуы мүмкін екені дәлелдеуді қажет етпейді. Youth.kz тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн ресурстардың үздік бестігін анықтап көрді.

BBCLearningenglish

BBC Learning English – ағылшын тілін үйренушілер мен оқытушыларға арналған әлемдегі ең танымал, сапалы және тегін ресурстардың бірі. 1943 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл платформада әралуан материал орналасқан. Онда әр деңгейге лайық жеке курс табуға болады. Әр курс видео, аудио және мәтінге құрылған  тапсырмалардан тұратын логикалық сабақке негізделген. Бұл ресурстың басты артықшылығы сол классикалық британдық ағылшын тілін (Received Pronunciation) естуге және үйренуге таптырмас құрал. Егер сіз медиа, журналистика немесе білім беру саласында сапалы контент іздеп жүрсеңіз, BBC Learning English – ақпаратты сауатты әрі қызықты жеткізудің үздік үлгісі.

Elllo (English Listening Lesson Library Online)

Ағылшын тілінде тыңдау дағдысын дамытуға арналған әлемдегі ең ірі және ең танымал тегін онлайн кітапханалардың бірі. Оны 2003 жылы Жапонияда жұмыс істейтін ағылшын тілі мұғалімі Тодд Беймер жасаған. Сайтта 3000-нан астам аудио және видео сабақтар бар. Ең басты ерекшелігі – мұнда тек «британдық» немесе «америкалық» ағылшын тілі емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдардың сөйлеу мәнері берілген. Егер сіз сабақ берумен немесе методикамен айналыссаңыз, Elllo – дайын материалдардың қайнар көзі. Мұндағы материалдарды Beginner-ден бастап, Advanced-қа дейін бөліп іздеу өте оңай. Сондай-ақ, материалдарды жүктеп алуға және аудиторияда қолдануға рұқсат етілген. BBC көбірек ресми, дикторлық сөйлеу мәнеріне бағытталса, Elllo – күнделікті өмірдегі, табиғи және қате саналатын тұстарын қоса, ауызекі тілді үйретуге арналған.

Begin-English.ru

Бұл ағылшын тілін нөлден бастап үйренушілерге арналған ең танымал орыс тілді тегін ресурстардың бірі. Мұнда базалық білім алуға мүмкіндік қарастырылған. Грамматикалық ережелер өте түсінікті. Барлық материалдар ашық әрі тіл үйренуді жаңа бастағандар үшін дайын жоспар бар. Әсіресе орыс тілі арқылы ағылшын меңгергісі келетіндер үшін ыңғайлы. Алайда, Intermediate деңгейінен асқан соң бұл сайт тым оңай көрінуі мүмкін.

Busuu

Әлемдегі ең танымал тіл үйрену платформаларының бірі. Заманауи интерфейсі мен әлеуметтік желі элементтері бар толыққанды интерактивті академия. Busuu-дің ең басты ерекшелігі – жазбаша немесе ауызша орындалған тапсырмаларды сол тілде сөйлейтін native speaker тексереді. Өз кезегінде сіз де қазақ немесе орыс тілін үйреніп жүрген шетелдіктердің тапсырмасын тексере аласыз. Жасанды интеллект сіздің қателеріңізді есте сақтап, сізге қиындық тудырған сөздерді қайталауға ұсынып отырады. Мобильді қосымша арқылы сабақтарды жүктеп алып, интернетсіз де оқуға болады. Busuu – тілді жүйелі түрде, күніне 10-20 минут бөліп, А-дан Я-ға дейін үйренгісі келетіндерге арналған. Алайда, базалық жоспар тегін болғанымен, Premium нұсқа үшін ақы төлеу қажет болады.

Colorín Colorado

Бұл рейтингтегі атап өтілуі тиіс ресурстардың бірі Colorín Colorado сайтына берген жөн. Ол – ағылшын тілін үйренуші оқытушылар мен отбасыларға арналған тегін ресурс. Мультимедиялық жобаны АҚШ мұғалімдер федерациясы мен Ұлттық білім беру қауымдастығы қаржыландырады. Ағылшын тілін үйренгісі келетіндер үшін мол ақпарат жинақталған. Бұл ағылшын тілін екінші тіл ретінде (ESL/ELL) үйренетін оқушыларға, олардың мұғалімдері мен отбасыларына арналған АҚШ-тағы ең ірі әрі беделді білім беру платформасы. Бұл сайт – мұғалімдер үшін нағыз қазына. Онда ағылшын тілін үйретудің заманауи әдістері, сабақ жоспарлары және оқушылардың сауаттылығын (reading & writing) арттыруға арналған ғылыми негізделген стратегиялар жинақталған. Сайттың үлкен бір бөлімі ата-аналарға арналған. Онда баланың біліміне қалай көмектесу керек, мектеппен қалай байланыс орнату қажет және үйде оқуға қолайлы ортаны қалай жасау керек екені туралы нақты кеңестер берілген.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз