Жастар репрессия және Ашаршылық туралы не ойлайды

Қазақстанда 31 мамыр күні Саяси қуғын-сүргін және Ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл күн ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан өткерген ең қасыретті кезеңдердің бірі. 1930-1950 жылдары мыңдаған адам «халық жауы» атанып, атылды, жер аударылды, қамалды. Қазақ зиялыларының тұтас буыны жойылды. Осыған орай Youth.kz тарихшы  және жастардың пікірін білген еді. 

«Жастарға тарихи сабақты еске салып отыру керек»

«Кеңес заманында орын алған қасыретті – Саяси құғынға ұшыраған құрбандарды және Ашаршылықты еске салып отыру – патриотизм, ұлттық руханият. Қазақ елінің 1918–1953 жылдардағы азаматтық соғыс, ұжымдастыру, аштық, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, ұмытпау жастарға үлкен тәрбие, тарихи сабақ», – дейді Қорқыт ата атындағы университетінің аға оқытушысы Бақытжан Ахметбек. 

Оның айтуынша, бұл қасіретті жылдары қазақ қоғамының бетке ұстар талай тұлғалары жойылды.

Бақытжан Ахметбек

«Зиялы қауымның бас көтерерлері бес топта болды: Алаш Орда, қазақ большевиктері, Үш жүз партиясы, Түркістан автономиясының қазақ басшылары, Шуро-и-Улема партиясы. Бұлардың барлығы да қазақтың кесек тұлғалы мықты қайраткерлері болды. Кеңес үкіметі олардың 95 пайызын атып тастаған. Біз енді оларды ұмытпай, насихаттап тұруымыз тиіс», – деген пікірде  тарихшы.

«Қуғын-сүргін туралы тақырып сирек қозғалады»

1 курс студенті Сания Бейсенбай да жастардың тарихқа қызығушылығы артып келе жатқанын атады.

Сания Бейсенбай

«31-мамыр деген кезде репрессия мен ашаршылықтың құрбандарын еске алу күні бірден есіме түседі. Қазіргі жастар тарихты ұмытып бара жатыр деп ойламаймын. Себебі қазір, керісінше, жастардың тарихқа деген қызығушылығы артып, көбірек білуге тырысады. Және оған қоса көптеген мифтер де пайда болып жатыр», – дейді ол.

Санияның пікірінше, бүгін пікір айту белгілі бір деңгейде қауіпсіз болғанымен, кей тақырыптар әлі де сезімтал.

«Бүгін пікір айту қауіпсіз, бірақ ол пікірдің түріне байланысты. Егер ол пікір біздің солтүстік көршілеріміз жайлы болса, оларды даттау жайлы болса, болмаса біздің билігімізді даттау, архивтерді көтеру мәселесін талқылайтын болсақ, онда пікір айту қаупі бар», – дейді студент.

Ол өткен мен бүгін арасында белгілі бір ұқсастықтар бар деп есептейді.

«Өткен заманда көптеген саяси қайраткерлер, қоғам ағартушылары репрессияға түскен. Қазір де саяси тұтқындар көбейіп жатыр. Мысалы: Марат Жыланбаев, Темірлан Еңсебек сияқты тұлғалар қуғындалып жатыр», – деп түйіндеді Сания.

2 курс студенті Ақбота Әбділқамитованың айтуынша, қазіргі жастар тарихқа көбірек қызығады.

Ақбота Әбділқамитова

«Қазір ақпарат қолжетімді, қалаған адам оқи алады. Әлеуметтік желілерде жастар арасында тарихи тақырыпқа пікірталастар болып жатады. Көбіне 1930–1933 жылғы ашаршылық, 1986 жылғы Желтоқсан сынды тақырыптар туралы сөз қозғайды. Бірақ, қуғын-сүргін туралы тақырып аз қозғалатын сияқты», – дейді Ақбота.

Оның айтуынша, қоғамда өткен кезеңнен қалған қорқыныш әлі де сезіледі.

«Ашық пікір айту қауіпті. Адамдардың санасында сол бір үрей қалып қойған секілді. Сондықтан, өткен шақ пен бүгінді салыстыруға болады, тіпті міндетті түрде салыстыру керек. Тарихты білу маңызды, бұл бізге бұрынғы қателктерді қайталамауға мүмкіндік береді», – дейді ол.

2 курс студенті Әлмахан Тоқтасын үшін 31 мамыр ең алдымен репрессия құрбандарын еске алу.

Әлмахан Тоқтасын

«Ойыма бірден репрессия жылдарындағы тұлғалар келеді. Қазіргі жастар негізі, еліміздің тарихын жақсы біледі деп ойлаймын. Өйткені ҰБТ-да негізгі пәндердің бірі Қазақстан тарихы. Бүгінгі қоғам өткен ғасырмен салыстырғанда әлдеқайда ашық әрине. Егер салыстырсақ, өткен шақта адамдар қорыққаннан үндемесе, қазіргі таңда «көп айтып қоймайын» деп үндемейді», – деді ол.

…1937–1938 жылдары саяси қуғын-сүргін қазақ қоғамына орны толмас зиян келтірді. Қазақтың ақын-жазушылары, ағартушылары, мемлекет қайраткерлері «халық жауы» атанып, жазықсыз жазаға ұшырады. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 100 мыңнан адам репрессияға ұшырап, оның 25 мыңға жуығы атылды. 

Бүгінгі Қазақстанда саяси қудалау мен қысым көрсету түрлі формада жалғасып келеді. Белсенділердің, журналистердің және азаматтық қоғам өкілдерінің қудалануы өткен тарихтың сабақтарын ұмытпау қажеттігін тағы да еске салады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз