XXI ғасырда студентке қарапайым қағаз блокнот қажет пе?
Жазбалар мен парақшаларды телефонға шексіз сақтауға болатын дәуірде адамдар бұрынғыша − commonplace book қолдануға қайта бет бұра бастады. Youth.kz бұл ескі әдістің цифрлық заманда да пайдалы екенін түсіндіреді.
Commonplace book деген не?
Бәрі қарапайым: бұл – маңызды ойларыңыз, цитата, идея немесе пайымыңызды жазып отыратын жеке дәптер, блокнот немесе файл.
Іс жүзінде, бұл күнделік те, кәдімгі конспект те емес. Commonplace book − ақпарат жинау мен саралауға қажетті құрал. Ол мәліметті есте сақтап қана қоймай, материалды түбегейлі түсінуге көмектеседі.
Мұндай жазба жүргізу дәстүрі бірнеше ғасырлардан жалғасып жатыр. Ғалымдар, жазушылар мен философтар цитата, кітаптан үзінділер, ой-толғамдары мен идеяларын жазып отырған.
Әдеттегі жазбадан басты айырмашылығы − құрылымында. Мұнда қатаң хронология немесе «әдемі жазу» талабы жоқ. Ең бастысы іріктеу: мұнда сізді шынымен қызықтырған немесе маңызды көрінген дүниелерді ғана жазасыз.
Басты артықшылығы неде?
Әдеттегі конспектіден ерекшелігі сонда, commonplace book нақты пән немесе курсқа арналмаған. Бұл сіз алған білімнің бір парасы.
Сондықтан да, цифрлық дәуірде де дәл осы әдіс өзектілігін жоғалтпайды: ол ақпаратты жинауды ғана емес, талдап, өз байламыңды жасауға үйретеді.
Бұл білім алу барысында қалай көмектеседі?
Біріншіден, бұл − пассивті оқудың белсенді ойлаумен алмастыру тәжірибесі. Сіз ойды немесе цитатаны жазып алғанда оны оқып қана қоймай, талдай аласыз. Бұл неліктен маңызды, қалай тұжырымдау керек және оны сақтауға тұра ма, түсінуіңіз керек.
Екіншіден, блокнот жазылған дүниені тезірек есте сақтауға көмектеседі. Өз сөзіңізбен өңдеп жазған ақпарат әлдеқайда жақсы есте сақталады. Бұл ақпаратты пайымдаумен байланысты: санада мәтін емес, мағына жатталады.
Үшіншіден, тақырыптар арасындағы байланыс орнайды. Уақыт өте келе жазбалар бір-бірімен «үндесе» бастайды. Сіз бір кітаптағы идеяның лекция тақырыбымен немесе басқа пәнмен қалай байланысатынын байқай аласыз. Бұл жүйелі ойлауды дамытады.
Төртіншіден, бұл − жеке идеялар банкі. Commonplace book сіздің жеке білім қорыңызға айналады. Емтихан алдында немесе жұмыс жазар кезде ақпаратты қайта іздеудің қажеті жоқ − сізде іріктелген және зерделенген материалдар дайын тұрады.
Қалай жүргізген жөн?
Бірнеше тиімді кеңес беруге болады. Ең алдымен мұнда бәрін жаза берудің қажеті жоқ. Басты қағида – іріктеу. Егер әр ойды түрте берсеңіз, жүйе көп ұзамай хаосқа айналады.
Сонымен бірге, өз пікіріңді де қосып отыру керек: тек ақпаратты түртіп алу жеткіліксіз. Мұны неге сақтап алдыңыз, сіздің оқып жатқан салаңызбен қандай байланысы бар, соны қоса жазу керек.
Үшіншіден, жазбаны жүйелеңіз. Тақырыпқа, пәніне, идеясына қарай бөліп қойыңыз. Дәл осылай іздегенге жеңіл, әрі жазбаны пайдалы етеді.
Соңғысы: жазбаға үнемі қайта оралып отыру керек. Commonplace book тиімділігі сонда ғана артады. Қайта оқып отыру, білгеніңді іске түсіріп, оны жаңа дүниемен ұштастыруға көмектеседі.