Құрылтайда қанша әйел депутат бар?
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Құрылтай құрамына барлығы 145 депутат кірді. Оның ішінде 49-ы – әйелдер. Бұл жалпы депутаттар санының 33,8 пайызын құрайды.
Бұл мәліметті Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми жариялады. Министрлік 49 әйелдің сайланғанын атап, олардың үлесі 33,8 пайыз болғанын көрсетті. Бұған дейінгі Парламенттегі әйелдердің үлесі 18,9 пайыз болған.
Бұл көрсеткіш нені білдіреді?
49 әйелдің Құрылтайға сайлануы – заң шығарушы органдағы әйелдер өкілдігінің айтарлықтай өскенін көрсетеді. Яғни, Құрылтайдағы әрбір үш депутаттың шамамен біреуі – әйел.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева Youth.kz-ке бұны Қазақстандағы әйел құқығын сыйлау деңгейін көрсетеді дее мәлімдеді.
«Әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін 49 әйелдің Құрылтайға енгізілуі мемлекеттің әйелдерді сыйлайтынын көрсетеді. Әлемдік стандартта 30 пайыз болу керек деген талап бар. Бұл сандық көрсеткіш, сапасы қалай болатынын уақыт көрсетеді. Әзірге бұл үрдіс Қазақстанның әлемдік стандартқа сай болуға ұмтылысын көрсетеді», – дейді ол.
Әйелдердің үлесін арттыруға қандай талап әсер етті?
Құрылтай депутаттарын сайлау ережесінде партиялық тізімге қатысты арнайы талап болды. Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сәйкес, партиялық тізімдегі әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс.
Бұл талап үш әлеуметтік топтың өкілдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бірақ 30 пайыздық талап әйелдердің нақты саны 30 пайыз болады дегенді білдірмейді. Өйткені, көрсеткіш әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі бойынша есептеледі.
Не өзгереді?
Сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтай құрамының үштен біріне жуық бөлігін алды. Бұл бұрынғы Парламенттегі 18,9 пайыздық көрсеткішпен салыстырғанда едәуір жоғары.
Сондықтан, 49 әйел депутат – жай ғана статистика емес, Қазақстанның заң шығарушы органындағы әйелдер өкілдігінің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін көрсеткіш.
Енді қоғам үшін маңыздысы – осы өкілдіктің нақты нәтижесі. Әйел депутаттардың саны артуымен қатар олардың заң шығару жұмысына белсенді араласуы және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге ықпалы да артуы тиіс. Бұл енді уақыт еншісіндегі мәселе.