«Ұлттық қор – балаларға»: 7 млн жуық баланың есепшотына қаражат аударылды Рая Мінап
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерге арналған тамыз конференциясында балаларды қорғау және олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың Telegram арнасы хабарлады.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан бұл бағытта елеулі жұмыс атқарып келеді. ЮНИСЕФ те еліміздің балаларды қорғау саласындағы тәжірибесін Орталық Азия елдеріне ғана емес, Еуропаның бірқатар мемлекетіне үлгі ретінде бағалап отыр.
«2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат аударылды. 2024 жылы – 695,5 миллион доллар, 2025 жылы – 888,8 миллион доллар, 2026 жылы – 901,7 миллион доллар болды. Бұл жұмыс еліміздің үлкен жетістігі екені сөзсіз. Көптеген мемлекет балаларға арналған осындай ауқымды қолдау саясатын жүргізе алмай отыр», – деді Президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жыл басынан бері «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асырыла бастағанын айтты. Құжатта балалар мен жасөспірімдерді қолдауға бағытталған негізгі шаралар қамтылған.
Бұдан бөлек, барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары мен психологиялық қолдау орталықтары құрылып, инклюзивті білім беру жүйесі дамып келеді.
Алайда Президент шешімін күтетін мәселелер әлі де бар екенін айтты. Соның бірі – ақпараттың шамадан тыс көп болуы.
«Ақпараттың шамадан тыс көбейіп кетуі қоғамға, соның ішінде жас ұрпаққа кері әсерін тигізе бастады. Мұндай ахуал азаматтардың жұмыс қабілетін төмендетеді. Бұл, әсіресе, болмыс-бітімі енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте қауіпті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.