Тиімді оқу: «жалқау үздіктен» төрт кеңес
Күніне небәрі бір-екі сағат оқып, жоғары нәтиже көрсетуге бола ма? Әбден болады. «Yera Yesber» канал авторының пікірінше, ең бастысы – көп емес, тиімді оқу. Youth.kz оның уақытты үнемдеп, білімді жақсы меңгеруге көмектесетін төрт қарапайым қағидасымен таныстырады.
Тақырыпты балаға түсіндіргендей етіп түсіндіріңіз
Оқытудың ең танымал әдістерінің бірі – Фейнман техникасы. Ол атақты физик, Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Фейнманның есімімен аталған. Оның айтуынша, «Егер сіз бір нәрсені қарапайым тілмен түсіндіре алмасаңыз, онда оны өзіңіз де толық түсінбейсіз».
Жаңа тақырыпты оқып болған соң, оны өзіңізге немесе басқа адамға мүмкіндігінше жеңіл тілмен түсіндіріп көріңіз. Егер түсіндіру барысында қиналсаңыз немесе күрделі терминдерді ғана қайталай берсеңіз, онда тақырыпты қайта қарап шыққан дұрыс.
Бұл тәсіл конспект жазғанда да тиімді. Анықтаманы көшіріп жазудың орнына оны өз сөзіңізбен түсіндіріп, мысалдар келтіріп, сызба қосыңыз. Сонда ғана конспект білімді бекітудің тиімді құралына айналады.
Көбірек күш жұмсаудан қорықпаңыз
Қызығы, тақырыпты меңгеруге қаншалықты саналы түрде күш жұмсасаңыз, соғұрлым ол есте жақсы сақталады.
Қолмен конспект жазатын студенттер ноутбукпен теретіндерге қарағанда материалды жақсырақ меңгереді. Себебі қолмен жазу кезінде адам барлық ақпаратты сөзбе-сөз көшірмейді. Ол негізгі ойды іріктеп, ақпаратты өңдеп, түсінеді.
Сапалы конспект жазуға көбірек уақыт кетуі мүмкін. Бірақ бұл уақыт кейін бірнеше есе үнемделеді. Емтихан алдында материалды қайтадан толық жаттаудың қажеті туындамайды.
Жұмыс орныңызды ретке келтіріңіз
Оқу тиімділігіне жұмыс ортасы да айтарлықтай әсер етеді. Егер үстелде телефон, тағам, ойыншықтар, түрлі заттар мен қажетсіз қағаздар жатса, назар үнемі бөлініп отырады.
Ал жинақы жұмыс орны миға тек бір іске назар аударуға мүмкіндік береді. Үстелде тек оқу құралдары, дәптер, қалам және қажет болса ноутбук қана болғаны жеткілікті.
Сондай-ақ телефонды көзден алыстатқан жөн. Тіпті бір ғана хабарламаға назар аудару оқу ырғағын бұзып, қайта шоғырлануға бірнеше минут кетуіне себеп болуы мүмкін.
Материалды сабақтың өзінде түсінуге тырысыңыз
Көпшілік үшін оқу үйге келгеннен кейін ғана басталатындай көрінеді. Алайда ең тиімді тәсіл – жаңа тақырыпты сабақ немесе дәріс кезінде бірден түсініп алу.
Ол үшін мұғалімнің сөзін анық еститін және тақтаны жақсы көретін орынға отырған дұрыс. Сабақ барысында негізгі ойларды қысқаша жазып, түсінбеген жеріңізді міндетті түрде сұраңыз. Сонымен қатар телефонға алаңдамауға тырысыңыз.
Егер материалды сабақтың өзінде меңгерсеңіз, үйде тек қысқаша қайталау жеткілікті болады. Бұл уақытты да, күшті де айтарлықтай үнемдейді.